Basty bet
Жамбыл агросекторы: рекордты инвестиция, жаңа қуаттар және жоғары өнімділік
Жамбыл облысында биылғы ауыл шаруашылығы маусымы өндіріс көлемінің артуымен, инвестициялық белсенділіктің күшеюімен және егін жинау науқанына жүйелі дайындықпен ерекшеленіп отыр. Өткен аптаның соңында Үкіметтің Серік Жұманғарин төрағалық еткен жедел штаб отырысында өңір егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде бастап кеткен облыстардың қатарында аталды. Сонымен бірге қант қызылшасын қабылдап, өңдеуге арналған инфрақұрылымның дайындығы және жүгері өнімін қабылдауға жүргізіліп жатқан әзірлік атап өтілді.
Биыл өңір үшін өзекті мәселелердің бірі болған қант қызылшасын өңдеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылдардағы тәжірибе ескеріліп, жоспарланған шамамен 450 мың тонна өнімді толық өңдеу және логистикалық кідірістерге жол бермеу үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Тараз қант зауытында ауқымды реконструкция жүргізіліп, тәулігіне 3 мың тонна қызылша өңдеуге қауқарлы жаңа желі іске қосылды. Осылайша, соңғы 25 жылда алғаш рет кәсіпорын жергілікті шикізатты қабылдауға толық дайындалды. Зауытта 200 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдау жоспарланып отыр.