Basty bet

Сібір жарасы – қауіпті ауру

Сібір жарасы қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, ірі қарада – караталак, түйеде – ақшелек, қарабез түрінде өтетін және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы. Онымен адам да түйнеме, күйдіргі түрінде ауырады. Сібір жарасы кең тараған ауру.
Оның қоздырғышы сыртқы ортаға төзімді келетін таяқша тәріздес, Грам әдісімен, аналин бояуларының барлық түрімен боялатын, капсула түзетін аэробты микроб. Жер қыртысында өсіп-өнеді және спора түзеді. Топалан бацилласы вегетативті түрде сыртқы ортаның әсеріне онша төзімді емес, споралы түрі бұған керісінше өте төзімді және ұзақ жыл бойына тіршілік қабілетін сақтайды. Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды жарып көруге қатаң тиым салынады. Спора әр түрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмей, шыдап басқса, қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш кенелер аркылы бір жерден екінші жерге ауысып жаңадан індет ошағын құрайды
Сібір жарасы – маусымдық індет. Ол әсіресе қуаңшылықты жылдары маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды. Аталған аурудың клиникалық белгілері барлық мал түлігінде негізінен ұқсас болады. Соның ішінде қой топалаңын сипаттауды жөн көрдік. Бұл індет қойда аурудың клиникалық белгілері білінбейтін және білінетін болып екі түрде жүреді.
Бірінші түрінде қой бірден, 1-2 күнде өліп тынады, ауру өте жіті өтеді, көп ретте ішектер қабынады. Екінші түрінде қой денесінде жара мен тері және тері асты ісіктері пайда болып, індет 5-7 күнге созылады. Әуелгі кезде қой денесінің әр жерінде көлемі онша үлкен емес, ұстап көрсең, мал ауырсынып, қолға қатты тиетін қызулы қайткан ісікке, одан қайтадан ортасы сарғыш қатерлі жараға айналады.
Топалаңға ұшыраған қой тісін қышырлатып, бағытсыз қозғалады, денесі кұрысып, аузынан, мұрнынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады. Індет жіті жағдайында малдың қызуы көтеріледі, мал қимылсыз күйзеліп, көз айналасы қанталап, ауыз және тыныс кілегей қабығы көгеріп, қан аралас тышқақтайды, көп ұзамай өледі. Терінің ішкі қабаты сарғыш түстеніп, қанталап, қан тамырлары білеуленіп, лимфа түйіндері ісінеді, көкбауыр өз көлемінен бірнеше есе ұлғаяды. Бауыр мен бүйрек қанға толып, жүрек талшықтары босап, ішек, асқазанның ішкі жақтары қанталап қабынады. Ауруды анықтағанда оның даму барысы клиникалық және өлексе белгілері, эпизоотологиялық деректер негізге алынады, түбегейлі анықтау үшін микроскопиялық, бактериологиялық және биологиялық зерттеулер жүргізеді.

Лаура ӘМІРБЕКОВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария
басқармасының Жуалы ауданының
ветеринария станциясы ШЖҚ КМК-ның
бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close