Basty bet
Бүлдіршіндер мен сала ардагерлері арасындағы жарқын жүздесу
Апта басында Б.Момышұлы ауылындағы №1 бөбекжай-балабақшада «Өмір жолы – өнеге» тақырыбында осы мекемеде ұзақ жылдар еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан ардагерлермен кездесу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл күні балабақша ауласынан мерекелік көңіл күй бірден сезілді. Айнала бүлдіршіндердің шат күлкісіне толып, ерекше қуанышқа бөленді. Түрлі-түсті шарлармен әсем безендірілген аула мерекенің сәнін арттыра түсті. Әр топтың тәрбиеленушілері түрлі түсті киім киіп, құрметті қонақтарды тағатсыздана күтті.
Мазмұнды шара саналы ғұмырын мектепке дейінгі тәрбие саласына арнап, мыңдаған бүлдіршіннің балалық шағына шуақ сыйлаған ардагерлерге арналды. Бүгінде зейнеттің қызығын көріп отырған мекеме ардагерлері шара барысында бас қосып, өткен күндердің естеліктерін жаңғыртты.
Іс-шарада қадірлі қонақтарды «Ұстазым менің» әнінің аспаптық әуенімен қарсы алды. Ардагерлер балабақшаның аумағында жаңадан бой көтерген этноауылдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, оның лентасын салтанатты жағдайда қиды. Қазақы дәстүрмен шашу шашылып, атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Этноауыл аумағына киіз үй тігіліп, оның іші ұлттық нақышқа сай безендірілген. Киіз үй алдында ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі тағамдары қойылды.
Этноауылдың ашылу салтанатында бүлдіршіндерден құралған оркестр іс-шараға ерекше сән берді. Олар ұлттық аспаптарда күй орындап, өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Балабақша аумағындағы этноауылмен танысқан ардагерлер мектепке дейінгі білім беру мекемесінің бүгінгі жаңарған келбетіне ризашылықтарын білдірді.
Осы тұста балабақша ауласына орналастырылған этноауылдың балабақша ұжымының бірлескен еңбегімен жасалғанын ерекше атап өткен жөн болар. Оның әрбір бөлшегінде мұндағы әр қызметкердің қолтаңбасы мен еңбегі бар. Киіз үйдің қаңқасын дәнекерлеу жұмыстарын балабақша қызметкері Болат Исаев атқарса, киіздің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын тәрбиешілер, тәрбиеші көмекшілері және өзге де қызметкерлер ауызбіршілікпен жүзеге асырған. Бұл бірлескен жұмыстар балабақша қызметкерлерінің тек бала тәрбиесімен ғана айналыспай, қолөнерге де жақын, шебер жандар екенін көрсетеді. Алдағы уақытта мұндағы әр топ тәрбиеленушілерімен этноауыл аумағында арнайы іс-шаралар өткізіп, бүлдіршіндерді ұлттық тәрбиемен сусындату жоспарлануда.
Мерекелік басқосу одан әрі қарай балабақша ауласында жалғасты. «Өмір жолы – өнеге» тақырыбындағы кездесудің алғашқы бөлімінде мекеменің ардагерлері құрметпен ортаға шақырылды. Сонымен қатар, жиынға аудандық білім бөліміне қарасты балабақша меңгерушілері мен Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаев қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзді балабақша меңгерушісі Гүлмира Даниярова сөйлеп, ардагерлерге ақжарма тілегін жеткізді.
– Құрметті ардагерлер, қадірлі зейнеткерлер, әріптестер және қонақтар! Бүгін біз тарихы терең, тағылымы мол білім мен тәрбие ошағында ерекше басқосуға жиналып отырмыз. Біздің балабақшамыз 1953 жылы іргетасы қаланғаннан бері талай ұрпақтың алғашқы білім мен тәрбиесін берген қасиетті шаңыраққа айналды. Осы жылдар ішінде балабақшаның қалыптасуына, дамуына және бүгінгі жетістіктеріне әр кезеңде басшылық еткен бұрынғы меңгерушілер мен басшылардың еңбегі зор. Бүгінгі кездесуге әр жылдары мекемені басқарған азаматтар да арнайы шақырылды. Өкінішке орай, денсаулығына байланысты Шара Сейілханова шараға қатыса алмады. Ал, балабақшаның жабылып қалмауына өлшеусіз үлес қосқан Сусар Бидайшиеваның жақын арада дүниеден озуы біз үшін орны толмас қайғы болды.
Соңғы уақытта балабақшамыздың бірқатар бөлігінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, мекемеміз жаңа келбетке ие бола бастады. Бұл жұмыстардың кейбіріне демеушілік жасап, қолдау білдірген Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаевқа алғыс айтамыз.
Құрметті ардагерлер! Сіздер бұл балабақшада еңбек етіп қана қойған жоқсыздар, жүректеріңіздегі жылуды балаларға сыйлап, ұжымға өнеге болдыңыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз – жас мамандар үшін үлгі, кейінгі буын үшін үлкен мектеп. Бүгінгі жетістіктеріміз бен жақсы дәстүрлеріміздің бәрі де сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Әрдайым ортамыздың төрінен табылып, ақыл-кеңестеріңізді беріп жүре беріңіздер. Еңбектеріңіз еленіп, құрметтеріңіз арта берсін!– деді ол.
Балабақша меңгерушісі өз сөзінде, бүгінде мекемеде алты топта 145 бала тәрбиеленіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, мұнда «Балапан», «Айгөлек», «Балбөбек», «Наурыз», «Ромашка» және мектепалды даярлық «Солнышко» топтары жұмыс істейді.
Қазіргі таңда балабақшада 49 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 22 педагог және 25 шаруашылық қызметкері бар. Педагогтердің қатарында екінші санатты басшы, 12 педагог-модератор, бір педагог-зерттеуші және екі педагог-сарапшы қызмет атқарады. Сонымен қатар, логопед пен психолог мамандары да балалармен жүйелі жұмыс жүргізуде.
Балабақшада балалардың бойына адамгершілік, отансүйгіштік, ұлттық құндылықтар мен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән беріліп келеді. Сонымен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар, мерекелік бағдарламалар мен танымдық ойындар тұрақты ұйымдастырылады.
Соның бірі ретінде балабақша меңгерушісі Гүлмира Рахмашқызы «Абай киген тақия» тақырыбының аясында іс-шара өткізуді жоспарлап отырғанын ерекше атап өтті. Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында балабақшада арнайы кітап бұрышы жасақталған. Мұнда тәрбиеленушілер QR-код арқылы ертегілерді тыңдай алады. Сонымен қатар топтарда күн сайын ертегілер оқылып, балалардың тіл байлығы мен дүниетанымын дамытуға көңіл бөлінеді.
Балабақшада таңғы жаттығулар тұрақты өткізіледі. Әр топ жаттығуға арнайы белгіленген түстегі киіммен қатысады. Сондай-ақ, балалардың бойына патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында топтарда Мемлекеттік Әнұран орындалады.
Қазіргі таңда жазғы сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл кезеңде балалардың дене шынықтыруына ерекше көңіл бөлінеді. Аяқты тұзды суға салу, майтабанның алдын алу мақсатында кедір-бұдыр жолақтармен жүру секілді сауықтыру шаралары ұйымдастырылған.
Балабақшадағы «Айгөлек» және «Наурыз» топтарының тәрбиеленушілері тәрбиешілермен бірге бау-бақша өнімдерін өсіріп, бөлме гүлдеріне күтім жасайды. Сонымен қатар шағын зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Балабақша ауласындағы бақ жыл сайын жаңартылып, жеміс ағаштары отырғызылады. Жиналған өнімнен балаларға арнап компоттар дайындалады.
Сондай-ақ, «Жуалы сүт өнімдері» тақырыбында өткізілетін жұмыстар аясында тәрбиеленушілерге жергілікті жерде өндірілетін ұлттық тағам түрлері таныстырылып, олардың пайдасы мен ерекшеліктері түсіндіріледі. Бұл балалардың ұлттық тағамдарға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды тануына мүмкіндік береді.
Балабақшаның меңгерушісі сонымен қатар, бала тәрбиесінде ата-ана мен балабақша арасындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше екеніне де тоқталды. Оның айтуынша, балабақшада ата-аналар жиналысы, ашық есік күндері және бірлескен мерекелік шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Ата-аналардың ұсыныс-пікірлеріне әрдайым назар аударылып, олармен тығыз байланыс орнатылған. Балабақша мейірбикесі де ата-аналарға қажетті кеңестер беріп, балалардың денсаулығына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Құттықтау сөз кезегі Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаевқа берілді. Ол бүлдіршіндердің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, оларға мейірім мен білім нәрін сеуіп жүрген балабақша қызметкерлері мен ардагерлерге ізгі тілегін жеткізді.
Одан кейін көпшілік назары бүлдіршіндердің өнеріне ауды. Балалар бал тілімен ардагерлерге арнау айтып, алғыстарын білдірді. Концерттік бағдарлама барысында әр топтың өнерлі тәрбиеленушілері ән шырқап, би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Атап айтқанда, Айнамкөз Еркінбек «Әжетайым», Айназ Нұрғазы «Ана деп ән салам», Көзайым Нұрғали «Балабақша бақытым», ал Дара Өмірхан «Қуыршағым» әндерін орындады. Сондай-ақ, «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілері «Қыздар» биін, «Балапан» тобының бүлдіршіндері «Балапан» биін билеп, көпшіліктің қошеметіне ие болды. «Балбөбек» тобының ұлдары қазақтың ұлттық биін орындап, мерекенің ажарын аша түсті. Ал «Наурыз» тобының қыздары өзбек биін билеп, өнерлерін ортаға салды. «Ромашка» тобының тәрбиеленушілері «Гүлдер» және «Көбелек» билерін орындаса, мектепалды даярлық «Солнышко» тобы «Толағай» ертегісінен сахналық көрініс қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік кеште балабақша қызметкерлері де өнерлерін көрсетті. Мәселен, Алина Жолдасбек «Жолыққан қандай жақсы» әнін орындаса, Айшат Жанұзақова мен Данияр Ералиевтің орындауындағы «Ескі ауыл» әні кештің мазмұнын байытып, әсерін арттыра түсті.
Тағылымға толы басқосуда ардагерлер сөз алып, осындай игі бастаманы қолға алып, өткенді еске алуға мүмкіндік жасаған ұжымға шынайы алғыстарын білдірді. Балабақша ашылған күннен бастап ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мекеменің ардагерлері – тәрбиеші Әсемгүл Абрасилова мен тәрбиешінің көмекшісі Жұпаркүл Абрасилова жүрек толқынысын жасыра алмады. Ал, осы мекемеде қарауыл қызметін атқарған Бек Сауырбаев балабақшадағы қызықты сәттерді еске алып, өзімен бірге бірлік пен ынтымақта еңбек еткен әріптестеріне ризашылық жеткізді.
Кездесудің келесі бөлімі «Естелік пен өнеге» тақырыбымен балабақша ғимаратында жалғасты. Музыкалық кабинетте қонақтарға «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» атты арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Онда әр кезеңде қызмет атқарған ардагерлердің жастық шағы, өткен жылдардағы мерекелік іс-шаралар, сондай-ақ балабақшаның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен бүлдіршіндердің бір күндік өмірі көрініс тапты.
Бейнероликті ерекше тебіреніспен тамашалаған қонақтар қызығы мен қиындығы қатар өрілген еңбек жолдарын еске алды. Олар балабақшаның қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі жетістіктеріне дейінгі жүріп өткен жолына шолу жасап, өткен күндердің жарқын сәттерін еске түсірді.
Кездесу одан әрі «Алтын жүректен – ақ тілек» атты сұхбат алаңына ұласты. Бұл бөлімде сала ардагерлері балабақшадағы ұмытылмас сәттер туралы әңгімелеп, еңбек жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті. Әсіресе, олар бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. “Кейде балабақшаға келгіміз келеді, ұжымды сағынамыз” деген ақжарма лебіздері олардың ұжымға деген ыстық ықыласын аңғартты.
Мекеменің ардагерлерінің жүрекжарды әңгімелері жас мамандар мен кейінгі буын үшін үлкен өнеге болып, кездесудің тәрбиелік мәнін арттыра түсті. Сонымен қатар, ардагер тәрбиеші Майра Орынбаева мұндай игі бастамаларды өңір көлемінде кеңінен насихаттап, мектепке дейінгі білім беру саласында еңбек еткен сала ардагерлерімен жиі кездесулер ұйымдастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.
Кездесу соңында балабақша ұжымы өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын мекеменің ардагерлеріне естелік сыйлық ретінде тарту етті. Ақ жаулықты аналардың иығына орамал жабылып, ер азаматтарға тақия кигізілді.
Осылайша, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды кездесу ардагерлерге құрмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналып, қатысушылардың жүрегінде жылы әсер қалдырды.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”