Basty bet
Сұранысқа ие мамандық даярлау – уақыт талабы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында кәсіби білім берудің маңызына тоқталып, кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттаған жөн екенін баса айтты. Ел Президенті «Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деді.
Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқылатын мамандықтардың алуандануына аса көңіл аударып отырғаны белгілі. Жалпы жастарға сапалы кәсіптік-техникалық білім беру – заман талабы. Осы орайда, ауданымызда техникалық және кәсіптік білім беретін бір ғана оқу ордасы бар. Яғни, №16 Жуалы колледжінде алты мамандық бойынша 171 білімгер білім алуда. Студенттер ауыл шаруашылығын механикаландыру, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, дәнекерлеу ісі және электр жабдықтау мамандықтарында оқуда.
Бүгінде Медет Иманбаев басқаратын білім беру мекемесінде 53 маман, оның ішінде үш жоғары санатты, 16 бірінші санатты, бір магистр, 12 екінші санатты және төрт санаты жоқ оқытушы және шебер жұмыс істейді.
Колледжде оқу-өндірістік шеберханалары, оқу ғимараты, асхана, спорт залы санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестендірілген. Жалпы пәндер, арнайы мамандықтар бойынша білімгерлердің кәсіптік білім алушы үшін 10 оқу кабинеті мен алты өндірістік шеберхана жұмыс істейді. Оларға қажетті кітап қоры жеткілікті.
Кітапхана 13 367 кітап қоры бар. Оның 7 108-і оқулық, 267-сі оқу-әдістемелік нұсқаулықтар. Электронды оқулықтар мен көрнекті құралдар саны көбейіп, кітапхана жаңартылған мазмұндағы 953 оқулықпен және әдістемелік құралдармен толықтырылған. Оқу орнында 180 электронды оқулық, 200-ге жуық көрнекі құрал, бес интербелсенді тақта бар. Компьютерлік сынып толық жабдықталып, интернет желісіне қосылған.
-Колледжің негізгі миссиясы – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Осы ретте, колледж жатақханасында студенттердің білім алуына және тынығуына жағдай қарастырылған. Колледж ғимаратының үшінші қабатында 32 орындық жатақхана бар. Қазіргі таңда 15 студент жатақхананы пайдаланады. Студенттердің 151-іне мемлекеттік шәкіртақы тағайындалған. Білімгерлерге жылына екі рет қысқы және жазғы демалыс кезеңінде бір жолғы жол жүру жәрдемақысы беріледі. Сонымен бірге, асыраушысынан айырылған төрт білімгерге мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бүгінгі күні ата-аналардың сұранысы бойынша білімгерлерге берілетін бір мезгіл ыстық тамақ қаржысы студенттердің арнайы есепшоттарына түсіріліп, берілуде. Үлгерімі жақсы, қосымша табыс табамын деген студенттер аудандық Жастар ресурстық орталығы жүргізетін «Жасыл ел» жасағының қатарына қосылып, өңірдің тазалығына өз үлесін қоса алады, – дейді колледж директоры Медет Жексенбекұлы.
Колледжде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Айдар Болбырақов студенттерге патриоттық тәрбие беру мақсатында «Жас сарбаз» клубын жүргізеді. Клуб мүшелігіндегі 33 студент түрлі спорттық жарыстарда өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр. Яғни, білім беру мекемесінде жастардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, осы мақсатта түрлі шаралар ұйымдастырылып отырады.
Сондай-ақ, мұнда 2014 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша дуальды оқыту жүйесі тәжірибеге енген. Жыл сайын арнайы бір топтың білімгерлері яғни, «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисті» мамандығы бойынша шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарда өндірістік іске машықтануда. Бұл мақсатта білім ордасы «Гамбург» ЖШС, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, «Ескендір» шаруа қожалығы, «Жуалы-Су» мекемесі және тағы басқа 12 шаруа қожалықпен меморондумға отырған. Меморандум аясында студенттер аталған шаруашылықтарда, кәсіпкерлік нысандарында алған білімдерін практика жүзінде ұштастыра алады.
-Студенттермен дуальды оқыту мамандығы бойынша І крусқа оқуға түскенде үш жақты келісімшартқа тұрамыз. Білімгер колледжде теориялық білім алып, өндіріс орындарында өз мамандықтарының қыр-сырын үйренеді. Меморандум негізінде білімгерлер жұмысқа орналасуда. Аудандағы автокөлік жөндеу сервистерінде коллеждің түлектері жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ауданның тұрғындары жыл сайын тігін және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтарына сұраныс түсіреді. Соның нәтижесінде бізде екі топ қыздарға арналған. Мұнда осы мамандықпен оқыған студенттер «Әсемова» жеке кәсіпкерлігінде және облыстағы «Алвенго» тігін цехында келісімшартпен жұмыс істейді, – деп атап өтті колледж директоры.
Медет Жексенбекұлы өз сөзінде, колледж республикалық «Жас маман» жобасына қатысып, іріктелген 180 колледждің қатарына еніп, ферма шаруашылығы мамандығы бойынша техникалар мен құрал-жабдықтар алу мүмкіндігіне ие болғанына ерекше тоқталды. Жоба аясында 17 лот ойнатылып, сатып-алу келісімшарты жасалып, арнайы белгіленген комиссия құрамымен техникалар мен құрал-жабдықтар толық қабылданып алғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, колледж қаражаты есебінен білім ордасының ауласы жөнделіп, «Подъемник Sillan PL4.0-2В 380V» және өндірістік шеберлер сұранысына сай қосалқы бөлшектер мен қажетті жабдықтар алынғанын жеткізді.
-Аудан әкімі Олжас Қаржауов колледждің тыныс-тіршілігімен танысу барысында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашуды тапсырған болатын. Осы мақсатта біршама жұмыстар атқарылып, білім беру мекемесінде 2022-2027 жылдарға арналған жаңа стратегиялық даму жоспары бекітілді. Даму жоспарына «Сүт және сүт өнімдерін өндіру» және «Агрономия» мамандықтарын енгізіп отырмыз.
Бұл мамандықтар бүгінгі күні сұранысқа ие болғандықтан әлеуметтік серіктестіктер қатарын көбейттік. Кәсіпкер Әбдібек Пошқаевтың қолға алған жұмысымен танысып, ол біздің колледж білімгерлеріне жұмысшы ретінде сұраныс беруде. Әрине, мамандық ашу оңай емес. Оның оқулығының өзі біраз қаржыны қажет етеді. Сонымен қатар, мұнда тек оқып қана қоймай, практика жүзінде де көруі керек. Ол үшін арнайы кабинетті жабдықтауымыз тиіс. Бізге ол үшін қомақты қаржы қажет. Дегенмен демеушілер тартып, сүт өнімдерін өндіру ісіне қажетті құрал-жабдықтардың макетін алу жоспарлануда.
Биыл оқу бітірген студенттердің 81 пайызы жұмысқа орналасты. Біз осы мамандардың көрсеткіші аясында мемлекеттік грантқа сұраныс жасаймыз. Сондықтан жаңа мамандықтарға арналған мемлекеттік грантқа келесі жылдан бастап қатысамыз деп межеленуде.
Сонымен қатар, 56 гектар жерге көпжылдық шөп эспарцетті мақсарымен араластырып егу жоспарлануда. Ол үшін қамбада төрт тонна дән әзірленді. Көктемнің алғашқы жылы күндерін пайдаланып, берілген егістік алқабын тастан тазартып келдік. Егістік жері суармалы болмағандықтан көпжылдық шөпті егуді жөн санадық. Алдағы уақытта «Жас маман» жобасы аясында келген ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланып, студенттермен бірге бұл жұмыстар атқарылатын болады. Одан бөлек, өзге де шаруашылықтарға көмектесіп, өз-өзімізді қамтамасыз ету де ойда бар, – деген колледж директоры М.Жексенбекұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Ауданда жалғыз кәсіптік және техникалық білім беру мекемесі саналатын колледж алдағы уақытта да сұранысқа ие мамандарды даярлай береді деп сенім білдіреміз. Әрине, колледждің межелеген міндеттерге қол жеткізіп, жоспарлары жүзеге асуы үшін де Үкімет тарапынан қолдау қажет-ақ.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»