Basty bet

Бала тәрбиесінде жүйелі жұмыс керек

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында негізгі екі мәселе қаралды.
Бірінші аудандық спорт бөлімі мен мемлекеттік спорт ұйымдарында есепте тұрған “қиын” балаларды және жайсыз отбасыларында тәрбиеленген балаларды спорт секцияларына тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов баяндама жасады.
Баяндамашы “қиын” топтағы бір және “жайсыз отбасынан” шыққан 16 баламен жасалған жұмыс турасында баяндады.
Екінші жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы және мобильді топтардың атқарған жұмыстары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жай-күйі туралы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің директоры Гүлнар Жорабекова, №26 Жаңаталап орта мектебінің директоры Нұржан Әбімомынов және №28 Амангелді атындағы орта мектептің директоры Айгүл Имашева баяндама жасады.

Комиссия отырысын жүргізген аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Анар Ахметова жазғы каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатындағы облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасын негізге ала отырып білім, мәдениет және спорт бөліміне хаттамалық тапсырма берді және тапсырманың орындалуы басты назарда болатынын ескертті.
Сонымен бірге комиссия төрайымы баяндама жасаған мектеп директорларынан вахталық әдіс бойынша жұмыстарын сұрады. Мектеп басшыларының жауабын тыңдай келіп, мектептерде вахталық әдіс бойынша жұмыстың жоқтығын айтты.
Мектепте түрлі сауалнамалар бойынша анықталған және балалар арасында орын алған жағдайды жасырып-жаппай ашық және дер кезінде тиісті жұмысты жүргізу қажеттігін екертті.
Комиссия мүшесі Мира Аманжолқызы мектептерде тәуекел тобына жататын, яғни ерекше бақылауды қажет ететін балалармен алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңыздылығын және баланың жағдайы мен оның мінез-құлқын анықтауда вахталық әдістің көмегі көп екенін айтып өтті.
Баяндамада қамтылуы керек үш мәселе, яғни аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, мобильді топтың жұмысы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс барысы туралы Анар Садыққызы мектеп директорларынан қысқа әрі нұсқа баяндауларын сұрады. Сұраққа жауап беру барысында кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарамайтыны, бала түнгі уақытта көшеде ұсталған сәтте ата-аналардың бейқам ұйықтап жататыны туралы айтылды.
Комиссия мүшесі Арайлым Налекова Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын мектеп түлектерімен мектеп психологтары жүйелі жұмыс жасап, бақылауда ұстаса деген ұсынысын жеткізді.
Анар Садыққызы мектеп басшыларына жазғы демалыс уақытында балалардың еңбегін пайдалану (балалардың жалдамалы жұмысқа шығуы), бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша ата-аналармен жұмыс жүргізуді тапсырды.
Комиссия отырысында сонымен бірге әртүрлі мәселелер қаралды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close