Basty bet
Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру қажет!
аудан аумағында «Kieli Tabigat» бірыңғай республикалық экологиялық акциясы өтті
Ауданның жастары Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 16 қыркүйек күні еліміздің барлық өңірінде өткізілген сакралды нысандарды және ұлттық табиғи парктердің аумағын тазалауға бағытталған «Kieli Tabigat» республикалық экоакциясына қатысты.
«Kieli Tabigat» бірыңғай республикалық экологиялық акциясының аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен киелі аумақтарды тазарту жұмыстарына сәйкес, ауданға қарасты Күреңбел ауылдық округінде орналасқан Батырбек датқа Рысбекұлының кесенесіне және Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Баркуаб» көне қалашығына сенбілік өткізілді. Акцияның басты мақсаты – қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, жастарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру.
Сонымен қатар, акцияға қатысқан жастарға киелі жерлердің тарихы да қоса таныстырылды. Бұл туралы кеңірек айтатын болсақ, Батырбек датқа кесенесі (1795-1985 жж.) Күреңбел ауылынан батысқа қарай жеті шақырым, Қоңыртөбе ауылынан солтүстік-батыста үш шақырым жерде орналасқан.
Батырбек Рысбекұлы қабірінің үстіне тұрғызылған кесене Қаратау мен Боралдай жоталарының арасындағы тауаралық алқаптың ортасында орналасқан. Кесене шағын төбенің үстіне алты қырлы етіп күйдірілген кесектен өрілген. Қабырғаларының ұзындығы- 2,8 метр, биіктігі алты метр, төбесі алты қырлы метал күмбезбен жабылған. Қилы заманда халқына пана болған тарихи тұлғалардың бірі – Батырбек датқа жоңғар шапқыншылығында ерекше ерлігімен көзге түсіп, алты алашты ерлігіне тәнті еткен Рысбек батырдың үлкен ұлы. Халықтың жадында қоқандықтарға қарсы халықтың мүддесін қорғаған жауынгер әрі шебер саясаткер, ислам дініне, салт-дәстүрге өте берік, еліне, халқына шын берілген кемеңгер тұлға ретінде танылған. Батырбек Рысбекұлы ел, ру арасында аса беделді тұлға ретінде қалыптасып, өңірдегі қоқан билігі үстемдік құрып тұрған шақта «датқа» шенін иеленіп, ел басқару ісіне араласқан.
Сондай-ақ, Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі Бернштам мен Каллаурдың еңбектеріне сүйенсек, Баркуаб қалашығы ертеде «Иркут шаһары» деп аталған екен. Баркуаб қалашығы туралы ІХ ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Ибн Хордарбек арнайы жазба қалдырып, онда ежелгі шаһарды «Баркубе» деп атаған екен. Араб тілінен аударғанда, көне қаланың атаулары «Теріс» деген ұғымды білдіреді.
Қасиетті өңірдегі сакралды байлығымыздың тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осы міндетті орындау ісіне ауданның жастары да өз үлестерін қосты.
Сәбит ҚАДЫРОВ,
аудандық «Жастар
ресурстық орталығы»
директорының орынбасары