Basty bet

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алайық!

Көктем-күз маусымында қарқынды қансыраумен, жоғарғы өлім жағдайларымен айқындалатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті инфекцияның табиғи ошақтары Жамбыл облысының Сарысу, Талас және Мойынқұм, Байзақ аудандарының аумағында орналасқан.
Аталған ауру қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы – қан сорғыш буынаяқты иксодты кенелер болып табылады. Сондай-ақ, бұл кенелер: туляремия, кене энцефалиті, Сыр-Дария алқабының қызбасы сияқты және тағы басқа да инфекцияларды таратушы болып табылады.
Конго Қырым геморрагиялық қызбасы – адамдарды вирусты кене шаққан кезде, үй және ауыл шаруашылығы жануарларына жабысқан кенелерді жалаңаш қолмен жұлу, езу-жаншу кезінде жұғады.
Сонымен қатар, Конго Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқасқа күтім жасау кезінде науқастан әртүрлі (мұрын, тіс, жарақат және басқа да) қан кетулер кезінде денені қорғаныш (маска, резеңке қолғап) құралдарынсыз күтім жасаған кезде сау адамға немесе медициналық қызметкерлер осы індетті жұқтыру қауіпі жоғары кездеседі.
Көбінесе тұрғындар арасында кенені жалаң қолмен өз денесінен, жануарлардан, иттерден жұлу жиі кездесіп, өз денсаулықтарына немқұрайдылық танытып, індеттің клиникалық белгілері адамдарда дене қызуы көтеріліп, бас, буын және бел ауырып, қан (мұрын, тістің қызыл еті) кету, лоқсу, құсу, денеде қан бөртпелері байқалғанда ауа райымен, тағамнан уланудан, күн тиюмен, салқын тигізумен байланыстырып, денсаулықтары күрт нашарлаған кезде медициналық көмекке кеш жүгінеді, нәтижесінде Конго Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырғандардың өлім жағдайы кездеседі.
Өзіңді және өз отбасыңды Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақта!
Жұғу жолдары:
– залалданған кенеден (шаққанда немесе мыжылған кенемен жанасқанда),
– малмен, қан арқылы (малды сойған кезде немесе етін бөлгенде),
– науқас адамның қанымен, зәрімен, сілекейімен және сұйықтықтарымен жанасқанда (науқас адамға күтім жасаған кезде).
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы клиникалық белгілері: Конго-Қырым геморагиялық қызбасын жұқтырғаннан кейін аурудың даму мерзімі 2 күннен 7 күн аралығында кейде 13-14 күнге дейін созылуы мүмкін. КҚГҚ-ын алғашқы ауру белгілері, ол бастың кенеттен қатты ауырып, дененің қызуының 39С0 және одан да жоғары болуы, осыған қосымша жүрек айнып, адамның құсуы мен іштің ауырып, оның өтуі. Ал аурудың асқынған жағдайында ауыз қуысының көк иектерінің қанауы, мұрынан қан кетіп, зәрде және нәжісте қанның араласуы байқалады.
Денеге жабысқан кене анықталған жағдайда:
Кене шаққан жағдайда вирустың берілуін тоқтату және жұқтырудың алдын алу үшін жабысқан кенені мүмкіндігінше тез алып тастау керек.
Кенені алып тастаудың қарапайым әрекеттері:
– ЕШҚАШАН кенені қорғалмаған қолмен ұстамаңыз!
– Кенені алып тастағанда қолғап кию қажет!
– Қарапайым қысқышпен (пинцет) өзіңіздің теріңізге мүмкіндігінше жақынырақ кенені ұстап алыңыз. Қысқышты қатты қыспай (кенені езіп алмас үшін), абайлап және ұқыпты (теңселтпей, жұлқыламай) тартыңыз;
– Алынған кенені ыдысқа салып, оны қақпақпен тығыз жабыңыз;
– Кене алынған жерді спиртпен сүртіңіз;
– Тез арада медициналық көмекке жүгінген дұрыс.
Кенеден сақтану жолдары:
Әр адам жеке басының қауіпсіздігін сақтау және кенеден қорғану үшін – табиғатқа шығатын тұрғындар мен саяхатшылар ұзын жеңді көйлек киіп, жеңдерін түймелеп, ұзын балақты шалбарды шұлықтармен қымтап кию керек, аяқ киім, бас киім киіп, өзімен бірге дененің ашық жерлеріне себетін медициналық дәрілік заттарды алып жүру қажет және өзінің қасындағы адамдардың денесінде кененің бар жоғын жиі тексеріп отыру керек.
Қорыта айтқанда, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамыз!

Самат Мамыралиев,
АОА эпидемиолог дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close