Basty bet
Екі туып, қос қайталанбайтын тарихи тұлға
«Д.А.Қонаев өз халқының көрнекті, адал перзенті бола білген адам. Ондай адамдар тарихта көп болғанымен, әрқайсысы қайталанбас жеке тұлға».
Асанбай Асқаров.
Бүгiн – халқымыздың ұлы перзенттерiнiң бiрi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күнi. Дінмұхамед Қонаевтың есімі – қазақ халқы үшін қасиетті де қастерлі есім. Кеңес дәуірінде қазақ халқының басты арманы – Тәуелсіз ел болу еді. Осы жолда халық үшін аянбай еңбек етіп, елдің тәуелсіздігін алуға ұмтылған көрнекті ірі тұлғаның бірі – Дінмұхамед Қонаев болатын. Қазақтың сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Жастайынан тау-кен инженері болуды арман еткен ұлы тұлға өзіне Алаш ардақтыларының бірі Мұхамеджан Тынышбаевты үлгі тұтады, сол кісі сияқты болуды армандайды.
Қазақ халқының сүйікті ұлы Димаш Ахметұлы алғашқы еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық қазақ КСР Министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК саяси бюросының мүшесі болады.
Мәскеудегі Түсті металл институтында тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алған Дінмұхамед Қонаев 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері, кейін директоры қызметіне көтеріледі. Қайнаған еңбектің ортасында тәжірибе жинап, іскерлігімен, еңбекқорлығымен танылған тұлға 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы, 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарады. Д.Қонаев басқарған 1960-1986 жылдар аралығында қазақтың ғылымы, мәдениеті мейлінше дамыды, өнеркәсіп өндірісі өркендеді. Қазақ өнерін қатты бағалап, қазақ мәдениетінің дамуына, қазақ жерінің астанасы Алматы қаласының көркеюіне зор ықпал жасады. Сол тұста қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті және 43 қала бой көтерді.
«Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой…, бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек.», «Панам да – ел, данам да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген кемеңгер тұлғаның еліне деген сүйіспеншілігі мен махаббаты әрбір жастың жүрегіне патриоттық сезім ұялатары анық.
Көзі тірісінде үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды.
1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.
Кісілік келбеті мен парасаты келіскен, кемеңгер Дінмұхамед Қонаев қазақ халқы болашағының жарқын болуы үшін тынбай қызмет жасап, халық есінде мәңгі қалды. Бүгінде Республикамызда ұлы тұлғаның есімімен аталған музей, жоғары оқу орындары колледж, мектептер, қала көшелері мен даңғылдар көптеп кездеседі.
***
Өрелі ойлар,
тағылымды тіркестер
Дінмұхамед Қонаевтың үлкен жиындарда, кездесулерде айтқан, кітаптарында жазып қалдырған ойлары мен ақыл-кеңестері, тағылымы мол сөздері аз емес. Солардың бірқатарын оның әр жылдарда жарық көрген «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары», «Өтті дәурен осылай», «Сталиннен Горбачёвқа дейін» және «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітаптарынан назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
* * *
Жастық шақ қанатты жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін берілген.
Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.
Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру.
Ақиқаттан аттап кету – арға сын.
Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
Тарих боямалауды көтермейді. Бары да, шыны да осы… Әр кездің өз әні бар ғой. Оған орындаушы кінәлі болмаса керек.
Сөз киесі – иесінде.
Өртті сөндіруден гөрі оны тұтатпау ерлік.
Орынды сын ойлантпай қоймайды.
Қиянаттан асқан қылмыс болмайды.
Жалпы, жар таңдау, үй болу – есі дұрыс адамға бір-ақ рет берілетін бақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өзімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан, оның түтін түтетері – сүйген жарыңды сыйлаудан басталады.
Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.
* * *
2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағайдың атын халық қаласа, Қонаев деп өзгертуді қолдайтынын айтқан болатын. Сонымен бірге ол Алматы облысының жаңа орталығы болып, Жетісу өңірінен бөлініп шығуын ұсынды.
Қапшағай қаласы негізінде 1970 жылдары бой көтерген. 2022 жылы Қонаевтың аты берілген жаңа шаһар табиғаты тамаша өңірде орналасқан.
Иә, Дінмұхамед Қонаевтың қадірлі аты алғы күндерде де елмен бірге жасай беретіндігіне ешкім күмән келтіре алмасы анық.
«Жаңа өмір»-ақпарат