Basty bet

Асқақ рухтың алдында бас ию – азаматтықтың белгісі!

Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының батырларына арналған аудан орталығындағы алаңда орналасқан мәңгілік алау ескерткіштің жанында «Даңқы өшпес – Ұлы күн» атты митинг өтті. Дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған жуалылық жауынгерлерге арналған «Ер есімі – ел есінде» монументіне аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың аппараттары, аудандық ардагерлер ұйымы, оның ішінде, еңбек ардагерлері, Ауған соғысының және Чернобыль-Семей апатына қатысқан ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және орталықтағы бірнеше мектеп пен балабақша ұжымдары гүл шоқтарын қойып, жаужүрек жерлестердің рухына тағзым жасады.

Жиналған қауым соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Митингте алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері! 9 мамыр – майдангерлер мен тылда қажырлылықпен еңбек еткендердің жанқияр ерлігі мен еңселі елдік рухының, қайсарлығының жемісі.
Биыл біз Ұлы Жеңіс мерекесін 79-шы рет қарсы алып отырмыз. Бұл Жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабалардың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Қасиетті де қастерлі Отаны үшін жанын беріп, өмірін қиған азаматтарды жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Сұрапыл жылдары майданға елімізден 1,5 миллионға жуық адам шақыртылып, 600 000-нан астам қазақстандық қаза тапты. Қазақ жерінен 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк құрылды.
Батыр бабалардың ізін жалғаған жерлестеріміз ерліктің үлгісін әлемге паш етті. 528 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанып, 110 000 адам «Даңқ» орденінің иегері атануы – осының айқын дәлелі. Олардың ішінде, Кеңес Одағының екі дүркін батырлары ұшқыштар – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павлов бар. Сондай-ақ, жауынгер-жазушылар, Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, батыр-аруларымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлік істері өз алдына бір төбе.
Биыл республика көлемінде есімдері ел тарихында мәңгі сақталған, Халық Қаһармандары, қазақ батырлары Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің, жерлесіміз Тайыр Тастандиевтің 100 жылдығы атап өтілуде.
Елдік пен ерлік сыналған сол бір сын сәттерде жуалылық жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ауданнан майданға 5 мыңға жуық ер азамат аттанып, оның жартысынан астамы ұрыс даласында қаза тапқан. 1500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін КСРО Үкіметінің наградаларына ие болды. Солардың ішінде, полковник Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Сөйтіп, жуалылық батырлар саны алтыға жетті. Ал, қатардағы жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан болатын.
Миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұм соғыста майдангер әкелер мен аналардың теңдессіз ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес.
Жерлестеріміздің майдандағы ерліктері бүгінде елге – үлгі, ұрпаққа – ұран болып отыр.
Бүгінде ауданда 120 тыл еңбеккері және 4 Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі тұрады. Сол жылдарда аудан еңбеккерлері де «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен бел шешпей еңбек етіп, астықтан мол өнім алды, мал басын да еселеп көбейтуге қол жеткізді. Ел болып, жұрт болып жинаған қаржыларын танк, ұшақ жасау қорына жөнелткені бізге мәлім.
Қадірменді көпшілік! Бүгінде мемлекет тарапынан ардагерлерге деген қамқорлықтың аясы арта түсті. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, мықты денсаулық, сәттілік пен табыс тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Сондай-ақ, митингте аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев жұртшылықты Жеңіс мерекесімен құттықтады. Айта кету керек, митингте мектеп оқушыларынан құралған барабаншылар тобы өнер көрсетті. Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған тағылымдық іс-шаралар ауданға қарасты барлық ауылдық округте ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аудан әкімі және аудан әкімінің орынбасарлары Ұлы Отан соғысының жесірлері және тыл еңбеккерлерінің отбасыларына барып, оларға сый-құрмет көрсетті.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close