Basty bet

Жас мамандар мақсат биігіне жетуді көздейді

Бағдарламаның негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған мына өңірлерде яғни Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарында жастардың оқуына мүмкіндіктер жасалған. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық, басқа да мамандықтарды қамтып келеді. «Серпін – 2050» бағдарламасына Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады.
Аслан Кемелбеков 1998 жылы Сарысу ауданының Саудакент ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жуалы ауданына отбасымен қоныс аударуына байланысты аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында білім алып шығады. Оқуда озат болған оқушы бала кезден техника тілін тереңінен меңгеруге, өз қолымен жасап көруге талпынып өсті және әскери салада қызметімді жасасам деген де ой-арманы болашақ өмірде үлкен есіктердің ашылуына ықпал етті. Мектепте физика пәні оның сүйікті сабағы болатын. «Серпін – 2050» бағдарламасымен оқуға түсуіне ықпал еткен мектеп ұстаздары болды. Білім аламын деген азаматтарға өңірдің қай жерінен болса да тіпті шет елде білім алуына, өзін көрсетуіне жол ашық. Білім алуда ешқандай шектеу жоқ.
Осылайша, Аслан 2015-2019 жыл аралығында 103 бал жинап, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде радиотехника-электроника және телекоммуникация мамандығында білім алып шығады.
-Мен жоғары оқу орнында оқып жүрген кезімде ұқыпты, үнемшіл болуға және қоғамда өзімді барынша тәртіпті ұстауға өзіме жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауға, тек өзіңе, өз біліміңе сенім арту керектігін ұғындым. Қарағандыдағы әскери кафедрада тегін оқып білім алғандықтан, басшылық Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылындағы 29108 артиллерия әскери бөлімінде взвод командирі қызметін жалғастыруды ұсынды. Әскери талап пен тәртіп ер азаматты барынша ерік-жігерінің мықты болуына тәрбиелей түсті. Менің өмірімдегі маған қажетті деген білім ордасында білім алуым және сол жерде өзіме ұнаған жұмысымды таба алғаныма мен іштей қатты қуанамын. Бұндай мүмкіншілікті еліміздің белсенді жастары тиімді ұтымды пайдалана алса,- деймін.
Оңтүстік өңірінен келген барша жастарға жасалатын жеңілдіктер Аслан Оралбекұлына да бұйырған болатын. Қарапайым ауыл баласы ата-анаға салмақ салмай өзі оқып, білім алуы, және жұмыспен қамтылуы отбасын қатты қуантты. Талапшыл азамат мемлекеттен жастарға жасалған мүмкіндіктерді мейлінше тиімді, ұтымды пайдалана білді. Болашақ артымнан ерген еліміздің әрбір бүгінгі түлектеріне аталған бағдарламаның тиімді тұстары өте көп, оны мейлінше өз қажеттеріңізге пайдалануға ұсынысын жеткізді.
* * *
Осы орайда, аталған бағдарламамен оқуға түсіп шарапатын көріп жүрген Нұрлыкент ауылының азаматы Нұрман Әбдіреймен таныстыруды жөн көрдік. Ол №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте оқып білім алған. 2020 жылдың түлегі 57 бал жинап, Қарағанды индустриалық университетінде фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығына оқуға түсіп, бүгінде ІІІ курсты аяқтап отыр. Ол онда үздіктер қатарында. Оқуына тереңінен ден қойып, көп уақытын білімге және спортқа арнап келеді. 40 мың теңге шәкіртақысын өз қажеттілігіне жаратуда. Тобында 23 оңтүстік азаматтары оқып білім алуда.
Әкесі Кеңесбай Әбдірейұлы жеке кәсіпкер, анасы Тілектес Кенғанқызы №5 М.Ломоносов атындағы мектепте химия пәнінің мұғалімі. Нұрманның «Серпін – 2050» бағдарламасымен оқуға түсуіне анасы ықпал етті. Химия пәнінен тыңғылықты дайындап, осы салада білім алуын қалаған анасы елдімекендерде кадр тапшылығын ескере отырып, оқуға түсуіне жәрдемдесті. Сол себепті Нұрман Кеңесбайұлы бүгінгі таңда осы салада білім алуда.
-Мен бала кезден химиялық элементтердің әрекеттесуіне қызыға қарайтынмын және болашақта өзімді осы салада көруді армандайтынмын. Жалпы айтқанда, фармацевт – оңай мамандық емес. Болашақ маман дәрі құрамындағы компоненттерден, оларды тағайындау мен қолдану ерекшеліктерін және басқа дәрі-дәрмектермен өзара әрекеттесуінен хабардар болуы тиіс. Дәріханада дәрілердің бар болуын қадағалау, сатып алушыларға дұрыс пайдалы кеңес беру, рецепттер бойынша дәрілерді дайындау, қажет болған жағдайда дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету және т.б. жұмыстар кіреді. Бұл мамандық жауапкершілікті, шыдамдылықты, нақтылықты, жақсы есте сақтауды аса қажет етуімен ерекшеленеді. Жоғары деңгейдегі маман болу үшін осы салада аянбай тер төгіп, білгеніңді ортаға салғаның жөн деп есептеймін. Мен таңдаған фармацевт мамандығы қоғамда сұранысқа ие. Бұл ретте мектеп түлектерін қоғамға қажетті және сұранысқа ие мамандықта оқыту керек. Бұл бағдарламаның жастарға шарапаты мол деп айтар едім. Мен дәл осы бағдарламаны таңдап оқуыма мүмкіндік ашқаныма еш өкінбеймін. Себебі Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан өткен жас түлектер өздерінің жаны қалаған мамандығына түсе алады. Сол өңірде оқуға ниетті білімгерлерге шәкіртақы тағайындалып, жылына екі рет жол жүру ақысы төленіп, оқуын аяқтағанша жатақханамен қамтамасыз етілуі көптеген жастарға жасалған жеңілдік деп білемін. Мен білім алатын білім ордасында білікті, білімді, өз саласының білгірлері білім береді. Оңтүстік өңірден барған шәкірттерді барынша мамандықтарын толықтай игеруін қадағалайды. Болашақта екі жыл алғашқы еңбек жолын сол өңірден бастап, біраз тәжірибе алмасып, өзімді одан әрі шыңдап, кейінен туып-өскен жеріме келіп, ауыл тұрғындарына пайдамды тигізсем, деген жоспарларым бар. Өзіміз тұратын өңірдің медицина саласына өзіндік үлесімді қосу басты арманым. Болашақ ұрпақтын денсаулығын жай-күйлерін анықтау басты міндетіме айналмақ,-дейді болашақ фармацевт Нұрман Әбдірей.
Ол онда ата-анадан жырақта болғандықтан өз бетінше шешім қабылдауды, өз ісіне тиянақты болуды, қолда барын үнемдеуді үйреніп келеді. Қолы қалт ете кітап оқып, білім алуға тырысады. Жазғы демалысында уақытша жұмыс істеп, ата-анасына қарайласуды да ұмыт қалдырған жоқ.
Ендеше, Қазақстанның дамуына жас болса да өзіндік ой-пікірімен, алған білімімен еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосуға ниетті жастардың алдағы өмірлеріне сәттілік тілейміз!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close