Basty bet
Адымы аршынды, жұмысы жүйелі шаруашылық
Егін жайын айтқанда хакім Абайдың «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген төртінші қара сөзі ойға оралады. Иә, ерте көктемнен бастап гектарлап жер жыртып, егін егіп, оны баптап отыру да оңай іс емес. Тіршілігі егін шаруасымен біте қайнасып жатқан жуалылық диқандар көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Осы ретте, бүгінгі мақаламызда көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындықпен кіріскен, шаруасы ширақ, ісі мығым «Төлеген» шаруа қожалығы туралы айтатын боламыз.
Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылындағы 2011 жылы құрылған шаруашылық мал және егін шаруашылығымен қатар айналысып отыр. Шаруашылықтағы ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін тынымсыз бейнетпен жалғасады. Шаруа қожалықтың жұмысына Мейірбек Төлегенов басшылық етеді. Қожалықтың иелігінде 800 гектар жайылым жер бар. Ауыл шаруашылығы техникалары да жеткілікті. Яғни, қазіргі таңда алты бірлік МТЗ тракторы, үш КаМАЗ, екі комбайн, тиегіш, алты тіркеме, алты жер жыртатын соқа және картоп егетін техника мен жүгері егуге және оруға арналған техникалар бар. Қожалық төрағасының айтуынша, биыл 50 гектарға жүгері, 10 гектарға картоп, 150 гектарға арпа, 100 гектарға мақсары, 100 гектарға көпжылдық жоңышқа егу жоспарлануда. 50 гектарға күздік бидай тұқымы себілген.
Көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріскен шаруашылық бүгінгі күні жұмыстың 80 пайызын атқарып үлгерген. Жеңілдетілген бағамен дизель отыны да алынуда. Осы тұста шаруаларға үнемі қолдау білдіріп, жанашырлық танытатын жеке кәсіпкер Ербол Манашевқа қожалық төрағасының айтар алғысы шексіз. Өйткені, жеке кәсіпкер қай кезде де шаруалардың жайына түсіністік танытып, кез келген уақытта сапалы қызметін көрсетуде.
Жалпы шаруа қожалықта алты мехнанизатордан бөлек, өзге де алты адам жұмыспен қамтылуда. Үш сауыншы күнделікті сауынды сиырларды сауып, өздеріне тиесілі жұмыстарды атқарса, қалған жұмысшылар мал бордақылау ісіне үлестерін қосуда. Оларға айына 150 мың және 200 мың теңге аралығында жалақы тұрақты төленуде. Ал, жас механизаторлар, яғни, ағайынды Мұхамеджан, Әлішер, Қабылбек, Қадірбек, Нұрислам және Нұрсұлтан Қуатбековтер өзара ынтымақта шаруа қожалықтағы жұмыстарды біркісідей атқаруда. Техниканың тілін меңгерген жастар егістік жерді уақтылы жыртып, дән себу жұмыстарын ауызбіршілікпен атқару үстінде.
Өнімнің мол жиналуы тұқымның сапасына да тікелей байланысты екені белгілі. Қазіргі таңда шаруашылықта арпаның «Бәйшешек» тұқымы себілуде. Ал, алдағы уақытта жүгерінің ауданның ауа райына қолайлы «Пионер» тұқымды дәнін себу жоспарлануда. Өткен жылы мал азығын жүгеріден молынан жинаған қожалық биыл да осы жүгерінің тұқымын егіп, мал азығын әзірлеуді көздеп отыр. Сонымен қатар, Алматы «КИЗ» зертханасынан 20 тонна жаздық арпа және 10 тонна бидай тұқымын алу жоспарлануда.
Қожалық төрағасы 2019 жылы асыл тұқымды сауынды сиыр басын көбейту үшін «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 60 миллион теңге несие алып, оған өз қаражатын қосып, Чехиядан 64 бас «Семминталь» асыл тұқымды таналарын әкелген. Бүгінде шаруа қожалықтың иелігінде 70 бас «Семминталь» асыл тұқымды сауынды сиыр, 90 бас мал бордақылау бағытындағы алынған жылқы, 30 бас бұзау және биыл «Алинұр» шаруа қожалығымен бірігіп Шымкент қаласы «Борте-Милка» ірімшік зауытынан 100 миллион теңгеге сатып алынған 90 бас «Голштейн» тұқымды сауынды сиыр бар. Күнделікті сауылған 600 литр сүтті аудандағы «СМТС» ЖШС-ның сүт зауытына өткізуде.
-«Еңбек бәрін жеңбек» деген қазақта жақсы сөз бар. Сонымен қатар, ата-ананың берген тәрбиесі мен өнегесі де адам өмірінде өз пайдасын беретіні белгілі. Яғни, осы күнге дейін шағын шаруашылықтың осындай жетістікке жетуіне ата-анамыздың берген ақ батасы мен тәрбиесі себепші болса керек. Әкем Қуатбек пен анам Жақсыгүл екеуі 1995 жылы «Тырнақбай» шаруа қожалығын құрып, барлығымызды ортақ еңбек етуге біріктірді. Біз жастайымыздан осы шаруашылықта техниканы тізгіндеп, жер жыртып, өзара бірлікте жұмыс істеген азаматтармыз. Біз еңбек етуді және отбасындағы ағайындардың ауызбіршілігін бойымызға сіңіріп өстік.
Марқұм әкем өз алдыма шаруа қожалық құруға ақ батасын беріп, өзінің әкелік ақылын айтып, бізге дұрыс жол көрсетті. Содан «Төлеген» шаруа қожалығы құрылды. Алғашында шаруашылықтың жұмысын алға қарай бастыру оңай болған жоқ. Қиындықтар да көп кездесті, көп тер төгілді. Әсіресе, несие алу ісіне келгенде біршама кедергілер болды. Дегенмен, алға қойған мақсатқа жету үшін алғаш рет 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан лизинг жүйесімен бір жаңа трактор алғанбыз. Одан кейін ауылдан мал шаруашылығын дамыту мақсатында жеке қаражатқа үлкен қора-жай соғылды. «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, асыл тұқымды сауынды сиыр алып келіп, өз ісімізді бастап кеттік. Қазір, Құдайға шүкір, еңбегіміздің арқасында шаруашылық гүлденіп, жұмыстар жанданып келеді.
Көктемгі дала жұмыстарына да жыл сайын аса тыңғылықты дайындықпен кірісеміз. Бұл ретте, егістікке себілетін тұқымның сапасына баса мән беріледі. Тұқымдық материал дұрыс болса ғана, одан жақсы өнім алуға болады. Бүгінгі күні дала төсіндегі жұмыстардың аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Арпа және жүгері дәндерін сеуіп, алдағы күндері дала жұмыстарын аяқтау ойда бар. Биыл әлі күн салқын болып тұр. Жер қызбай, нәр болмайды. Өткен апталарда жауын мол түскенімен, жылдамдығы жоғары болған желдің жыртылған жерге кері әсерін тигізді. Алқапқа себілген арпа дәндері топырақтың бетіне шығып кетіп, оны қайта қопсытып шығуға тура келді. Десе де, Алла қаласа жауын-шашын мол болып, өнімді де ойдағыдай аламыз деп үміттенеміз, – дейді Мейірбек Қуатбекұлы.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»