Basty bet

Баланың рухани сұранысын қанағаттандыруды мақсат еткен орталық

Шығармашылық үйірмелер балаларға өнердің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, талантын шыңдап, бойындағы қабілеттерін ашуға, жан-жақты болуына үлкен көмегін тигізеді. Бұл бағытта ауданда қосымша білім беру мекемелері жұмыс жасайды. Одан бөлек биылғы оқу жылынан бастап “Топ жарған” оқу орталығы жұмысын осы бағытқа бағыттап отыр.

Орталықта бүгінгі таңда би, вокал үйірмелері жұмыс істейді. Алдағы уақытта қолөнер, театр, көркемсурет үйірмелерін ашуды да жоспарлауда.
Оқу орталығы “АРТспорт” жобасы арқылы балаларды тегін оқытуда. Мәселен, би үйірмесіне 200-дей бала қатысады. Ал, вокалға 40 бала келеді. Сонымен бірге ағылшын курсына 50 бала қатысады. Алайда оның ішінде он бала ақылы негізде білім алуда.
Оқу орталығы “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен екі маманды, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасымен екі маманды жұмысқа қабылдаған. Оның екеуі ағылшын тілінен сабақ берсе, біреуі қазақ тілінен, біреуі мектепке дейінгі оқытумен айналысады.
Мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен айналысатын жас маман Мереке Сұлтанбек Алматыдағы Абай атындағы ұлттық университеттің түлегі. Жас маман сабақ үлгерімі төмен мектеп алды даярлық, бірінші, екінші сынып оқушыларымен жеке жұмыс жасайды.
-Баланың сабаққа деген қызығушылығын ояту үшін мұғалім бірінші оның жүрегіне жол таба білу керек. Баланы тыңдап, неге қызығушылығы басым соны анықтау қажет. Мәселен, маған қосымшаға келіп жүрген бір бала сурет салғанды жақсы көреді. Мен оған математиканы сурет арқылы үйретемін. Сонда бала сабақтан жалықпайды әрі қызығушылығы оянады. Бұл бала қосымшаға келгеніне екі ай болса да аздап нәтиже көрсете бастады.
Ал, вокал үйірмесінің жетекшісі Ақбота Алтынбекқызы балаларға даусын қойып, фортепианода нота танытумен бірге музыка теориясын және сахна мәдениетін үйретуде. Ақбота Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжін, “Болашақ” университетін тамамдаған. Қарасаз ауылында “Шабыт” ақылы би үйірмесін ашып, жұмыс істеген. Үйірмеде өнер үйренген шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. “Қарасаз” балабақшасында музыка маманы болып та еңбек еткен. Жас маман Ақбота вокал үйірмесінің балаға берер пайдасы туралы өз ойымен бөлісті.
-Үйірмеге келетін балалардың барлығы әрине талантты емес, біразы ата-анасының айтуымен келген. Алайда талантты балалар аз емес. Менің мақсатым – өнерлі балалардың өнерін шыңдау, бағыт-бағдар беру, жалпы балалардың өнерге деген қызығушылығын ояту.
Үйірмеге келіп жүрген балалардың ішінде өте тұйық үш қыз болды. Олардың біреуі операциядан кейін қатты қорқып қалған болуы керек мүлдем ешкіммен сөйлеспей қалған екен. Ата-анасы баланы ашу мақсатында бізге алып келіпті. Кейін осы балалардың ата-аналары олардың достарымен сөйлесіп, тіпті үш-төрт баланы жинап ән айтып жүргенін, яғни ашылғанын айтып, ризашылығын білдіруде,- дейді Ақбота.
Ең көп бала орталықтағы би үйірмесіне келеді. Би өнер ғана емес, гимнастика жасау арқылы денесін тік ұстауға үйретеді. Сондықтан баласын биге бергісі келетін ата-аналар көп.
Ағылшын тілінен Жанерке Тілеуқұл мен Мөлдір Бекжан есімді жас мамандар сабақ береді. Ал, қазақ тілі мен әдебиеті үйірмесінен Альбина Эрлепесова үйретеді.
Орталықтың білім ісінің меңгерушісі Айша Дүйсенханқызының айтуынша, орталыққа негізінен бастауыш сыныптарды қосымша оқытуға ата-аналар тарапынан көп өтініш түседі екен. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауда тек химия және биология пәндерінен ғана дайындауда.
Иә, өнерде адам жанын тәрбиелейтін, ішкі рухани сұранысыңды қанағаттандыратын қасиет бар. Мәселен, биде тіл жоқ, бірақ онда сұлулық, талғам бар. Ал, актерлік шеберлікті көрсету арқылы іштегі эмоцияны әдемі жеткізуге болады. Ән өнері тіпті керемет. Қолөнер адамды шыдамдылыққа, ептілікке тәрбиелейді. Әрі бала өзінің сүйікті ісімен айналысу арқылы ләззат алады, өмірге деген құлшынысы артады. Сондықтан орталықтың жұмысын жүйелеп, жылдан-жылға дамып бәсекеге қабілетті деңгейде жұмыс істеуіне тілектеспіз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close