Basty bet

Сәби мен ананың арасындағы алтын көпір

Мамандығына деген құрмет пен адалдықты ұстанған маман иелерінің жұмысының астарында үлкен еңбек жатыр. Біз тек нәтижені ғана көреміз. Маман иесі болу мен сол мамандыққа бар жан-тәнімен берілу, қиындығына төтеп беріп, қызмет ету бір бөлек.

Қай медицина қызметкерін мақаламызға арқау етіп алсақ та, халық үшін аянбай еңбек ететіні сөзсіз. Себебі, таңдаған мамандығын игергендегі мақсаты да, ұраны да, тіпті, өмірлік сала ұстанымы ретінде айтуының мәні де осында. Медицина саласы деп ауыз толтырып айтқанымызбен ішінде өзара бөлімдерге жік-жікке бөлінеді. Соның ішінде үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті талап ететін акушер маманының рөлі ерекше.
Бүгінде ауылдық жерлерде қызмет істейтін ақ жеңділердің атқарары аз емес. Олар күндіз-түні шақыртуларға барып, тиісті ем-домдарын жасап, науқастың жағдайы ауыр болса, тез арада аудандық орталық ауруханаға жеткізеді. Көктөбе ауылындағы медициналық пунктің жұмысы да басқалар қатарлы жүруде. Осында қызмет істейтіндердің бәрі де тәжірибелі, бірнеше жылдан бері медицина саласында қызмет атқарып жүрген жандар. Соның бірі Көктөбе ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылындағы медициналық пунктің акушер маманы – Раушан Атенбекова.
Ол Сарысу ауданына қарасты Байқадам ауылында туған. Сондағы 40 жылдық мектепті тамамдап, Жамбыл жоғары медициналық колледжінде акушер мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолы Қосбөлтек ауылындағы медициналық пункта бастау алып, әрмен қарай Жаңатас қаласында жалғастырған. Ал 1992 жылы қайта ауылына табан тіреп сондағы фельдшер акушерлік медпункта еңбек еткен, бүгінде зейнеткер.
Көктөбелік азамат Орынбай Көпбаевпен отасқандарына биыл 43 жыл. Екеуі отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, олардан сегіз немере сүйіп отыр. Жолдасы да нағыз еңбек адамы, себебі 17 жыл құрылыс саласында құрастырушы, кейіннен мұнай саласында оператор болып 20 жыл еңбек етіпті. Орынбай Көпбаев зейнетке шықса да, қосымша жұмыс істеп, тынбай еңбек етуде. Осындай әке мен анадан тәлім алған балалары да адал еңбекті жанына серік етіп келеді. Тұңғышы Мират мал шаруашылығымен айналысса, қызы Мөлдір психолог маманы, ал кенже ұлы Жансейіт жиһаз құрастырушы.
Кейіпкеріміз шеберлігі, білімі мен еңбексүйгіштігінен бөлек ол акушер мамандығын жүрек қалауымен таңдаған маман.
– Біз әрбір жүктілікті ерекше бақылап отырамыз, ана мен баланың денсаулығы мен әл-ауқатына көз жеткізу үшін барлық қажетті тексерулер мен сынақтарды жүргіземіз. Сондай-ақ баланың дамуын бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алып, болашақ аналар үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету басты міндет.
Акушердің бойында жанашырлық таныту, тыңдай алу, ықыластылық, мейірімділік сияқты қасиеттердің болуы маңызды. Ширақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, күтпеген жағдайларда тез және тиімді шешім қабылдау қабілеті кәсіби тұрғыда маңызды болып саналады. Жоғары дейгейдегі маман болу үшін кемінде 3 жыл қажет,- дейді зейнеткер Раушан Атенбекова.
Ақ халатты абзал жанның қай-қайсысы да құрметке лайық. Десе де, өмірге ұрпағының аман-сау келуіне үлес қосатын акушердің қызметін әрбір ана ұмытпаса керек. Өмірге перзенттің келуі – жауапта әрі ерекше құбылыс. Осы сәтте анаға дем беріп, дені сау ұрпағын бауырына басуға, дені сау болып өсуіне себепкер болатын да осы сала мамандары.
– Жас маман қиындықтарға тап болуы мүмкін, себебі бұл мамандық үлкен жанқиярлықты, адамдармен қарым-қатынас орната алуды, ең бастысы – батылдық пен табандылықты қажет етеді. Акушер мамандығы әрдайым сұранысқа ие, өйткені ол өмірдегі басты сәттің бірі – адамның дүниеге келуімен тікелей байланысты. Ізгі мұрат жолында біздің бұлжымас бір ғана мақсатымыз бар, ол – өмір мен өлім алдында дәрмені жоқ қос бірдей жанның өміріне араша түсумен қатар, ана мен баланың амандығы үшін еңбек ету,- деді акушер маман бізбен әңгімесінде.

Таңдаулы материалдар

Close