Basty bet

Олар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өмір мен өлімнің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық, әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын жүреді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіретінін көрсетеді. Өрт сөндіруші бұл – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол өрттің өшірілуі қанша уақыт алатынын еш уақытта болжап біле алмайды және келесі өртенген ғимартта оны не күтіп тұрғанынан да бейхабар болады.
Осы ретте, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты игерген, аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Құнанбай Тілеумұратовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Құнанбай Тілеумұратов 1991 жылы Қайрат ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Темірлан Тілеумұратов «Заттыбек» шаруа қожалығының ісін жүргізсе, анасы Маржан Тілеумұратова үй шаруасымен айналысады.
Құнанбай №2 Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Мектепті аяқтаған соң Қаратау қалалық техника және бизнес колледжінің техник мамандығын және Қырғызстан Республикасының Қырғыз мемлекеттік транспорт және архитектура университетін өрт сөндіру қауіпсіздігі мамандықтары бойынша тамамдаған.
Құнанбай Алматы облысы Қапшағай қаласындағы 65476 әскери бөлімінде әскери борышын өтейді. 2012 жылы әскерден оралған соң аудандық №7 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады. Жұмысқа деген қабілетінің жоғары екендігін көрген басшылық Құнанбайды 2016 жылы бөлімнің бөлімше командирі етіп тағайындайды.
Алғаш жұмысқа орналасқан кезде Тараз қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 38 күн арнайы оқу-жаттығу курсынан өткен болатынбыз. Оқуда «Драгер» сығымдалған ауа аппаратымен жұмыс істеуді үйреніп, сонымен қатар, адамды өрттен қалай құтқару керектігін, мүмкін болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрендік.
Өздеріңізге белгілі өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Өз міндетіңе аса жауапкершілікпен қарап, жұмыс барысында төзімді әрі сабырлы және кез келген жағдайға психологиялық және физиологиялық тұрғыда дайын болуымыз керек, – дейді Құнанбай. – Төтенше оқиға болмаса да өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай-сай болуы керек. Өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.
Құнанбай Темірланұлы өрт болып жатқан жерге жетіп барудағы қиындықтары жайлы да баяндап берді. Оның айтуынша, дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде тиісті нүктеге келіп жетуі керек.
Жауынгерлер ауысым жетекшісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты.
Бөлімше командирінің сөзіне сүйенсек, өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі – оқиға орнындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру. Барлау жасауға және адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-түтіннен қорғау қызметі аттанады. Өрт сөндірушілер қою түтін оранған аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп кіреді. Ең алдында және соңында тәжірибелі жауынгерлер жүреді. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына қарай бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін екендігін айтады.
Ата-ананың үмітін ақтау – басты міндеті санайтын кейіпкеріміз жұмысына адал болғанды және өзіне жүктелген міндетті нақты әрі дер кезінде орындауды жаны сүйеді.
Жұмыстан қолы қалт еткенде әкесіне «Затыбек» шаруа қожалығының ісін жүргізуге көмектеседі. Спортқа жақын. Әсіресе футбол, шығыс жекпе-жегі саналатын дзюдо күресімен айналысқанды ұнатады. Ол әрдайым өртті ұйымдастыру қағидалары жазылған кәсіби кітаптарды оқып отырады.
Жары Гүлнара Қоңқаш аудандық орталық аурухананың зертхана бөлімінде медбике болып еңбек етеді. Бүгінде екеуі Айзере есімді қызды тәрбиелеп отыр.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді» деген сөздері еріксіз ойға оралады.
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын!» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз екен. Лайым солай болсын!
 
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close