Basty bet

КЕЛЕШЕК ҰРПАҚ ҚАМЫ ҮШІН

Қазақстанның құрметті жазушысы, Жуалы ауданының құрметті азаматы Талғат Айтбайұлы 2001 жылдан бері бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жыл – он екі ай» журналын кідіріссіз өз қаржысына шығарып келеді. Ауданға келген кезінде әдеттегісінше редакциямызға соға кеткен-ді. Амандық-саулық сұрасқан соң сапарының мән-жайын білу ойымызбен сыр тартқан едік.

– Күздің соңғы айы мен қыстың алғашқы айы біз үшін үлкен науқан ғой. Келер жылдың мерзімдік басылымдарына жазылу қызу жүргізіледі. Қол қусырып әрекетсіз отырмайық деген ізгі ниет елге қарай сүйреледі. Мектептерді аралап, ұстаздармен тілдесіп, оқушылармен жүздессем деп келдім. Әрине, араларында сағаттап сарылып отырудың жөні бола бермес. Дегенмен балғын оқырмандар мен ата-аналарға да осындай журнал шығарамыз, міне, мынадай нұсқада деп көрсетіп, әңгіме айтсам деген ой ғой менікі.

  • Дұрыс екен, аға. Ауданымыздағы бүкіл мектептерге баруға мүмкіндігіңіз бола қоймайтыны рас, ал біздің газетіміз мектептердің бәріне барады. Сол үшін «Жыл – он екі ай» журналы жөнінде әріден тамыр тартып, әңгіме өрбітсеңіз.
  • Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың бас кезінде әдеби-танымдық күнпарақ-кітап ретінде жарық көрген. Жаңа жылдан бастап, жылдың соңғы күніне дейінгі мерзімді қамтитын материалдар беретін. Аты айтып тұрғандай жыл маусымдарына байланысты мазмұн түзеді. Әйгілі ақын-жазушылардың мерейтойларына қатысты әңгіме, өлеңдерін, ертегілерін немесе өмірбаяндық естеліктерін қысқа да нұсқалы үлгіде ұсынады. Ұл-қыздардың рухани өресін өсіріп, тапқырлығын үстейтін танымдық мақала, сөзжұмбақ, жаңылтпаштарды да көптеп береді.Тіпті роман, повестерден үзінділер жариялап, олардың кітапқұмар болуына ықпал ететін. Біздің аға-әпкелеріміздің бәрі оқып, жыл сайын асыға күтетін осы кітап кеңес өкіметі ыдыраған кезде, қаржылық қиынықтарға байланысты біржола тоқтады. Арада он жылға жуық уақыт өткенде балалар әдебиетінің үлкен өкілдері Мұзафар Әлімбаев пен Құрманбай Толыбаев ағалар: «Талғат, осы кітапқа өзің де белсенді автор болдың емес пе? Енді қайта шығуына жанашыр болсаң қайтеді? Өзі балалар ғана емес, үлкендер де қызығып оқитын кітап еді. Егер қайта жандандырып, екінші тынысын ашсаң, балаларға бағасыз қуаныш сыйлар едің. Үлкендер де разы болары күмәнсіз», – деп қолқалады. Ел сыйлайтын екі ағаның екі жағымда отырып айтқан сөздері қатты әсер етті. Жұмысыңа өзіміз көмектесеміз деп еді, сол сөздерінде тұрды. Құрманбай аға көлемі он үш баспа табақтық әдеби күнпарақ кітапты баяғы елге таныс үлгісіне салып құрастырып берді. Мұзафар аға «Ескірмейтін есті кітап» деген тақырыппен беташар мақаласын жазып, сәт сапар тіледі. 7000 дана таралыммен шығарып едім, Алматының мектептерінен артылмай қалды. Құлақтанған жұрт жер-жерден хат жазды, телефонға тыным бермей хабарласты. Жаналқымға алып, «Бұл кітапты қалай аламыз?» дейді ғой. Кітап саудасы тоқтаған. Қалай таратамын? Осыны ары ойлап, бері ойлап бұл тығырықтан шығар жол журнал ретінде тарату екенін ұқтым. Осылай «Жыл – он екі ай» 2001 жылы кітап ретінде жарық көрсе, келесі жылдан бастап жазылым бойынша әдеби-танымдық күнпарақ журнал болып шыға бастады. Үш-төрт жылдан соң жыл мезгілдеріне байланысты үйлестіріп, төрт санын ұсындым. Келе-келе ол да кемшіндеу көрінді. Енді тоқсанына емес, екі ай сайын оқырмандар қолына тиетін тоқсан алты беттік нұсқаға айналдырдым. Әуелгі саны мен жыл жабар соңғы саны аралық басылым ретінде құрастырылды. Қалғандары көктем, жаз, күз, қыс мезгілдеріне қатысты материалдардан тұратын болды. Бастауыш сынып оқушыларына қосымша құрал іспетті басылым болып шыға келді. Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының ғалымдары әдістемелік құрал деп бағалап, күллі республика мектептеріне таратуға лайықты басылым деген шешім шығарды.
  • Ол кезде мектепте оқитын едік. «Жыл – он екі айдың» әдеби-танымдық күнпарақ кітап болып жарық көрген нұсқаларын оқып өстік. Ол кітаптарда сол уақыттың саясатына сәйкес әйгілі партия, кеңес қайраткерлері жөнінде жазылған материалдар мен суреттері басылатын еді ғой.
  • Бұл мәселе бас редактор әрі жауапты шығарушы ретінде мені қатты ойландырды. Сондықтан шынайы ақылшы, жанашыр бола білген Мұзафар, Құрманбай ағалармен ақылдаса отырып, басылымды саясиландырмайық, ұл-қыздарымыз ертегі, әңгімелер оқып есейсін, тілдерін дамытатын дүниелерді көбірек берейік және олардың жазған шығармаларын да үзбей жариялап тұрайық деген келісімге келдік. Солай еткеніміз өте жақсы болыпты. Бір жолы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің докторантурасында жүрген қытайлық бауырымыз: «Аға, сіздің журналыңыз таза ұлттық идеологиялық басылым. Қытайға барған сайын ала барамын. Ішінде жасөспірім балаларға қажеттінің бәрі бар», – деді.

Көп жылдан бері үзбей шығарып келе жатқан журналымды білетін азамат мақтап жатса, қалай марқаймайын? Е бағыт-бағдарым дұрыс екен ғой, осылай жетілдіріп шығара берейін деп одан әрмен жігерлене түстім.

  • Шынында, «Жыл – он екі айдың» тақырыптық аясы өте кең. Бүгінде саясаттан аулақ, өз оқырмандарын қалыптастырған танымал басылымдардың бірегейі. Ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты құнды, үлкендердің өздеріне де білдірері көп материалдарды үзбей, мақсатты түрде бересіздер.
  • Мұзафар аға әлгі «Ескірмейтін есті кітап» деген мақаласында «бұл қыздардың жасаулық дүниелеріне қосып беретін кітап» деп, жоғары бағалап еді. Қазақ балаларының сүйікті басылымы болған «Балдырған» журналын жиырма алты жыл басқарып, өскелең ұрпаққа өмірін арнаған марқұм Мұзағаның жүрегін жарып шыққан сол сөзіне сай журналдың 120 – жүз жиырма санын шығарыппын. Оның аты журнал болғанымен, бір-бірін қайталамайтын сапалы үлгіде жарық көруде. Өкінетінім, ұқыптап ұстаса атасы да, әкесі де, баласы да, немерелері де қолдан тастамай оқитын, бәріне рухани азық болатын «Жыл – он екі ай» журналын әлі күнге дейін білмейтіндер ұшырасады. Сондай кісілер білсе екен деп, өз ауданыма әдейілеп ат басын бұрдым. Бүгінгідей қиыншылық алқымнан алған заманда әр балаға жаздырып беріңдер деу, ақиқатын айтқанда, асылық болады. Ал әр мектеп кітапханасына бір-бір данадан жаздырып беру – парыз, тіпті төтесінен тоқ еткізіп айтқанда – міндет!

Аталарымыз «Баланың бірін қуандырсаң, періштенің мыңы қуанады» дейді. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы осыны ескерсе қандай ғажап болар еді! Сөйтіп, әр мектептің кітапханасына менің ақ тер, көк тер болып, қаржылық қыспаққа қарамай шығарып келе жатқан журналымды алдыруға ықпал етсе деймін ғой.

  • Журналға қалай жазылуға болады?
  • Журналдың бағасы аса қымбат емес. «Жыл – он екі ай» журналына «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы жазылуға болады. Іші де, тысы да түрлі-түсті болып басылатын журналымызды қалай екен деп балаларына жаздырып берген кім-кім де өкінбейді. Солай екеніне кепілдік беремін.
  • Ендеше жұмысыңыз жемісті жалғаса берсін дейміз, аға.

 

Әңгімелескен Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close