Basty bet
Жаза басқандармен жұмыс жүргізілуде
Темір тордың ар жағында төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан жырақта өмір сүріп, бостандығынан айырылғандар қарапайым қарым-қатынас ережелерін ұмытып қалады екен. Бостандыққа шыққаннан кейін олардың жұмыс тауып, жаңа өмір бастап кетуі де қиынға соғады. Қоғамға сіңісіп кете алмағандары үшін ең оңай жол қайтадан түрмеге түсу сияқты. Жазасын өтеп шыққандар қоғамнан орнын таба ала ма? Бұл ретте пробация қызметінің үлесі қандай?
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Жуалы аудандық пробация қызметі бөлімшесінің аға инспекторы, әділет капитаны Бағлан Бекмолдаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босап шыққандарға пробация қызметі сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетіледі. Яғни, әр сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы дайындалып, оларға медициналық көмек көрсетілумен қатар, оларды еңбекпен қамтуға да баса назар аударылады. Бұл ең біріншіден сотталғандарды қоғамға бейімдеудің оңтайлы тәсілі.
Аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Б.Бекмолдаевтың сөзінше, 2023 жылдың басында ПҚБ-ның есебіне 49 сотталған азамат тіркелген. 2023 жылдың 12 айында пробация қызметінің есебінен өткендердің саны 132 сотталған азаматты құраған. Пробация қызметінің есебіне қойылғандар 83 азамат, ал 71 сотталған азамат есептен шығарылған. 12 айдың қорытындысы бойынша қазіргі таңда пробация қызметінің есебіне 61 сотталған азамат пен азаматшалар қойылған.
Атап айтар болсақ, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, сотталғандар- 35, шартты түрде сотталғандар -13, жазасы кейінге қалдырылғандар төрт азаматша, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар тоғыз адамды құрайды.
-Аудандық ПҚБ-ның есебіндегі 520 қоғамнан оқшалаусыз сотталған азаматтардың мекенжайы тексеріліп, оларға тағайындалған жазаларын өтеу барысында қайта қылмыс жасамау, қоғамдық орындарда құқық бұзбау және жаза өтеу тәртібін заңға сай орындау жөнінде алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Онымен бірге жазаны өтеу тәртібін және құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстары да қоса жүргізілуде. Есепте тұрған азаматтардың мекенжайын тексеру барысында үйінде болмаған және құқықбұзушылыққа жол бергендері үшін 39 сотталғанға ескерту берілді. Іздеуде жүрген және қайта қылмыс жасау фактілері орын алған жоқ,- дейді ПҚБ-ның аға инспекторы Бағлан Асқарұлы.
Сотталғандарды қоғамға бейімдеу мақсатында атқарылатын іс-шаралардың қатарында оларды жұмыспен қамту мәселесі үлкен маңызға ие екені белгілі. Бұл ретте пробациялық бақылау белгіленген 56 азаматтың әлеуметтік жеке бағдарламалары аудандық «Мансап» орталығына жолданған. Оның ішінде, 38 азамат жұмыспен қамтылып, бір азамат жұмыстан бас тартты. Еңбекке жарамсыз болуына байланысты төрт азамат жұмысқа орналасқан жоқ. Сотталғандардың арасында бір азамат жеке кәсіпкерлік ісін жалғастырса, үш азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Алдағы уақытта оларды жұмысқа орналастыру қарастырылуда.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан үш азамат «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, оқуын аяқтап сертификаттарын алды. 20 азамат ақылы жұмысқа орналасты. Квота бойынша түзеу мекемесінен босап шыққан сотталғандарға төрт орын белгіленіп, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға төрт орын берілді. Қазіргі таңда берілген квота толығымен орындалды.
Сотталғандармен жұмыс жүргізу барысында оларға психологиялық көмек көрсетуге де баса назар аударылады. Бұл тұрғыда аудандық орталық аурухананың психолог маманына 67 сотталған азаматқа қатысты әлеуметтік көмек жолданған. Жолданған жеке бағдарлама бойынша психолог маманынан толық көмек алынды.
Аға инспектор Б.Бекмолдаев есепті мерзімде түзеу мекемесінен шартты түрде босап шыққан үш азаматқа бір реттік қаржылай көмек көрсетілгенін айтады. 39 тұлғаға қатысты сот жүктеген міндеттемені орындамағаны үшін ескертулер алды. Жаза орындау тәртіптерін қасақана бұзғаны үшін сегіз тұлғаға қатысты аудандық сотқа ұсыным жолданды. Оның ішінде сотталғанға қатысты үш азаматқа бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған материал қанағаттандырылды. Бес сотталған азаматқа қатысты материал қанағаттандырылмаған, бір азаматқа қатысты шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазасына ауыстырылды. Екі азаматқа қатысты сынақ мерзімін ұзарту туралы ұсынымдары қанағаттандырылды.
Сонымен қатар «Жастар ресурстық орталығы», Жуалы аудандық өлкетану музейі, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен Меморандум бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
-Заңға сәйкес, пробация деп, Қылмыстық процессуалдық кодекстерде санаттары анықталған адамдардың жаңа қылмыс жасамауы үшiн олардың мiнез-құлқын түзетуге бағытталған бақылау және әлеуметтiк-құқықтық сипаттағы шаралар жүйесi түсiндіріледi. Пробациялық бақылау заңды күшіне енген сот үкімі негізінде босатылған адамдарға қойылады. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, пробациялық бақылаудың мерзімі бас бостандығынан айыру мерзіміне тең. Сондықтан, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылар алдында мекеме мен пробация қызметкерлері сотталғандардың босатылғаннан кейін тұратын тұрғылықты мекенжайын тексереді, отбасы мүшелерімен сұхбат жүргізеді,– дейді Бағлан Асқарұлы.
Қорыта келгенде, сотталғандармен жұмыс жүргізу, оларды қоғамға бейімдеу жұмыстары мемлекеттің де тұрақты бақылауында. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасына сәйкес, олармен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының халықты еңбекпен қамтамасыз ету орталықтары арқылы кәсіп ашу, мамандықты игеру, жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіледі.
Әдетте, сотталғандардың қайтадан қалыпты өмір сүріп кететіне күдікпен қарайтынымыз рас. Олар туралы: «Адам болмайды» деп сырттай кесіп-пішеміз. Сол әрекетіміз арқылы оны қоғамнан алыстатып жатқанымызды көбінесе ескере бермейміз. Мамандар есепте тұрған сотталғандардың қайта қылмыс жасамауына еңбек етудің көп әсері бар екенін алға тартады. Сондықтан жаза баспай тұрып терең ойланғанымыз абзал.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»