Basty bet

Қимылдаған қыр асады

Шағын ауылда үлкен маркет ашылды

Қарасаз ауылдық округінде ауыл және мал шаруашылығы салаларымен қатар жедел дамып келе жатқан саланың бірі – кәсіпкерлік. Бір ғана округ орталығы Қарасаз ауылының өзінде оннан астам дүкен, көлік жөндеу шеберханасы, бірнеше ағаш тілу цехы, мейрамхана, жанармай құю станциясы тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Өткен аптада ауылдық округке қарасты Жұрымбай ауылында жеке кәсіпкер Нұрғали Қадыровтың «Нұрсая» атты шағын маркетінің ашылу салтанаты болды. Кәсіпкердің 2000 жылдары үйінің жанынан ашқан шағын дүкені таршылық етіп жүрген. Ол үйге қарама-қарсы бос жатқан алаптан жер сатып алып, онда ұлдарының көмегімен сәулеті келіскен дүкен салды.
Шағын маркеттің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары көптеп жиылды. Көпшіліктің көзайым қуанышын бөлісуге ауылдық округ әкімі Жанар Нұрмұратқызы келіп, тұрғындарды жағымды жаңалықтарымен таныстырды.
– Биыл округте бірқатар маңызды жобалар іске асатын болады. Соның ішінде Ақбастау және Жұрымбай ауылдары арасындағы ауылішілік жол орта жөндеуден өткізіледі. Халық көптен бері көтеріп жүрген осы мәселе биыл шешімін табатын болады, – деді.
Әмбебап дүкенде негізінен күнделікті халық тұтынатын тауарлар: азық-түлік өнімдерімен қатар, шаруашылық заттары сатылады.
Шағын маркеттің лентасы қиылғаннан кейін жұртшылық ішке еніп, дүкеннің ішкі безендірілуімен және ондағы тауар ассортиментімен танысты.
Дүкен сауда залы мен қойма бөлімінен құралады. Жалпы пайдалы алаңы 80 шаршы метрді құрайды десек, оның 60 шаршы метрін сауда залы алады. Сатушылар алғаш келген тұтынушыларға қызмет көрсетіп үлгерді.
Жеке кәсіпкер Нұрғали Қадыров келешекте тауар ассортиментін молайтып, тұрғындардың бар керегін осы жерден табуына күш салатынына сендірді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close