Basty bet

Отан алдындағы борыш – абыройлы міндет!

Елдің тыныштығы мен Тәуелсіздігін сақтау – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бейбіт өмір мен тұрақтылық өздігінен қалыптаспайды. Оның артында Отан қорғауға әрдайым әзір, әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген азаматтардың еңбегі бар.
Осынау маңызды міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті әскери басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олардың негізгі міндеттеріне азаматтарды әскери есепке қою, мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру, әскери міндеттілермен жұмыс жүргізу, жастарға әскери қызметтің маңызын түсіндіру және әскери-патриоттық тәрбие беру жатады.

Жуалы ауданында бұл жұмыстарды Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері жүйелі түрде атқарып келеді. Әскери есеп жүргізу – жергілікті әскери басқару органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Азаматтардың әскери есептегі мәліметтерін уақтылы жаңартып отыру, олардың тұрғылықты жері, білімі, мамандығы және басқа да қажетті деректерінің өзекті болуы алдағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Әскери есептегі деректердің уақтылы жаңартылуы тек шақыру науқанын ұйымдастыру үшін ғана емес, азаматтардың әскери міндетіне қатысты құқықтары мен міндеттерін дұрыс орындауы үшін де қажет. Осыған байланысты жастарға әскери есепке тұрудың, қажетті құжаттарын уақтылы ретке келтірудің және шақыру бойынша белгіленген уақытта келудің маңызы ұдайы түсіндірілуде.

ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ – ЖАУАПТЫ ЖҰМЫС
Мерзімді әскери қызметке шақыру – мемлекеттік маңызы бар жұмыс. Бұл науқанда азаматтарды тіркеу, медициналық тексеруден өткізу, әскери қызметке жарамдылығын анықтау, тиісті комиссияның шешімдерін рәсімдеу және сарбаздарды әскери бөлімдерге жөнелту секілді бірқатар жұмыстар атқарылады.
Аталған маңызды науқанға аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөліммен қатар жергілікті атқарушы органдар, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті құрылымдар қатысады. Өзара бірлескен іс-қимылдың үйлесімді жүргізілуі шақыру науқанын белгіленген тәртіппен өткізуге мүмкіндік бермек.
Әр жылдың көктемгі және күзгі шақыру науқандары кезінде аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерімен бірге ауылдық округтердегі әскери-есеп үстелінің мамандары да тиісті жұмыстарды атқарады. Бұл ретте, азаматтардың денсаулығы мен жеке жағдайы ескеріліп, заң талаптарының сақталуына баса мән беріледі.
Биыл аудандағы көктемгі әскери шақыру науқаны жоспарға сәйкес, 100 пайызға орындалған. Яғни, әскерге шақырылған азаматтардың ішінде 15-і аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөліміне жіберілген. Сонымен қатар, Шақпақата ауылының ағайынды екі азаматы Алматы қаласындағы бір әскери бөлімге түскен. Бұдан бөлек, ауданнан шыққан екі дос та Алматы қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын бірге өтеуде. Сондай-ақ, көктемгі шақыру науқанында ауданнан 30-ға жуық жас Ұлттық Ұланның қатарына қабылданып, қазіргі таңда олар өздерінің әскери борышын өтеуде.
Ал, қазіргі таңда ауданда күзгі әскери шақыру науқаны жоспарлы түрде жүргізілуде. Ұлттық Ұланның қатарына шақыру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шақыру басталады.

ӘСКЕР – АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК МЕКТЕБІ
Әскери қызмет – адамның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Ол адамды тәртіпке, жинақылыққа, жауапкершілікке және ұжыммен жұмыс істеуге баулиды. Әскери ортада азамат өзіне жүктелген міндетті уақытында орындауға, қиындықтарға төтеп беруге және өзгелермен бірлесе әрекет етуге үйренеді.
Әскери қызметін абыроймен өтеген азамат ел алдындағы міндетін орындап қана қоймай, мол өмірлік тәжірибе жинақтайды. Әскери қызмет кейбір жастар үшін болашақ мамандығын таңдауға да жол ашады. Әскерден кейін келісім-шарт негізінде қызметін әрі қарай жалғастырып, Қарулы Күштердің қатарында кәсіби маман болып қалыптасқан ауданның азаматтары баршылық.
Әскери қызметте жинақталған тәжірибені біліммен ұштастыра отырып, болашаққа нық қадам жасау – жас сарбаз үшін үлкен мүмкіндік екені сөзсіз. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздарға білім алуға жаңа мүмкіндіктер берілді. Нәтижесінде, 266 сарбаз білім грантына ие болды.
Бұл – әскери қызмет пен білім алудың өзара сабақтастығын көрсететін маңызды мүмкіндік. Әскери борышын өтеп келген жастардың білімін әрі қарай жалғастырып, кәсіби мамандық алуына жолдың ашылуы – үлкен қолдау!
Батыр БАУЫРЖАННЫҢ ӨНЕГЕСІ –
жас ҰРПАҚҚА ҮЛГІ-өнеге
Жуалы жерінің ел тарихында өзіндік орны бар. Бұл өлке Отан қорғаған талай ержүрек азаматтарымен танымал. Әсіресе, қазақтың даңқты қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімімен тығыз байланысты Жуалыда жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы ерекше.
Ауданнан шыққан көптеген азамат әскер қатарында абыройлы қызмет атқарып, кейін әскери саланы кәсіби мамандық ретінде таңдағаны белгілі. Олардың арасында келісім-шарт негізінде әскери қызметін жалғастырып жүрген азаматтар да бар.
Бұл ретте, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жастармен жүргізетін түсіндіру және бағыт-бағдар беру жұмыстарының маңызы зор. Қазіргі таңда жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру – маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, Отанға деген сүйіспеншілік сөзбен ғана емес, нақты іспен және жауапкершілікпен қалыптасады.
Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, әскери қызметтің ерекшеліктері, азаматтардың құқығы мен міндеті туралы түсінік берген жөн. Өйткені, әскери-патриоттық кездесулер, саптық байқаулар, әскери-спорттық жарыстар, ерлік сабақтары, ардагерлермен жүздесулер мен әскери бөлімдерге экскурсиялардың тәрбиелік мәні зор. Осындай іс-шаралар жастардың әскери қызмет туралы таным-түсінігін кеңейтіп қана қоймай, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді асыл қасиеттердің қалыптасуына ықпал етпек. Әсіресе, Батыр Бауыржан Момышұлының өнегелі өмір жолы Жуалы жастары үшін үлкен тәрбие мектебі екенін естен шығармаған абзал. Батырдың «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген қанатты сөзі елге қызмет етудің мәнін айқындай түседі.

ОТАН ҚОРҒАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Отанды қорғау ұғымын жастардың санасына сіңіруде отбасының орны ерекше. Баланың бойындағы тәртіп, жауапкершілік, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау және ел тарихын білу секілді қасиеттер болашақ азаматтың қалыптасуына негіз болмақ. Бүгінгі күні әскери саланың жұмысы заман талабына сай өзгеріп келеді. Ғылым мен технологияның дамуы Қарулы Күштердің құрылымы мен әскери дайындық жүйесіне де елеулі әсер етуде. Байланыс құралдары, ақпараттық технологиялар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, автоматтандырылған басқару жүйелері және басқа да заманауи технологиялар әскери мамандардан жаңа білім мен дағдыларды талап ететіні сөзсіз.
Сондықтан, қазіргі әскери қызметші тек дене дайындығы мықты азамат қана емес, заманауи техниканы меңгерген, ақпараттық жүйелермен жұмыс істей алатын, түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білетін білікті маман болуы шарт. Бұл ретте, ата-ананың да рөлі зор. Өйткені, олар баласына әскери қызметтің мәнін түсіндіріп, оны қорқыныш емес, азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қабылдауға көмектесуі тиіс.
Қазіргі таңда Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздардың ата-аналарына аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы Алғысхаттар мен Мақтау қағаздары табысталуда. Бұл марапаттар – әскери қызметтің отбасылық тәрбие мен қоғамдық жауапкершілікке ұласатын маңызды тұсы екенін айшықтауда.
Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің күнделікті жұмысы көпшілікке үнемі байқала бермеуі мүмкін. Алайда, оның атқаратын қызметі елдің қорғаныс қабілетімен тікелей байланысты. Әскери есеп жүргізу, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, медициналық тексеру жұмыстарын ұйымдастыру, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әскери-патриоттық іс-шараларға қатысу – бір-бірімен сабақтасып жатқан басым бағыттар. Олардың түпкі мақсаты – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті азаматтық және әскери резервті қалыптастыру.
Өңірдегі бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлеріне ғана емес, жергілікті атқарушы органдарға, медицина және білім беру саласының мамандарына, ата-аналарға, ең бастысы, жастардың өз жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Отан қорғау – абыройлы міндет! Ал, сол міндетті терең түсініп, оған жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың ел алдындағы қасиетті борышы болып қала бермек…

Таңдаулы материалдар

Close