Basty bet
Әрбір азаматтың ортақ міндеті
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекетке және мемлекеттік институттарға деген халықтың сеніміне кері әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Ол заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарына нұқсан келтіріп, қоғамның тұрақты дамуына тосқауыл болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік қызметшілердің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болып табылады.
Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Себебі, кез келген құқықбұзушылықпен күресудің ең тиімді жолы – оның салдарымен ғана күресу емес, ең алдымен оның туындауына себеп болатын жағдайлардың алдын алу. Осы тұрғыдан алғанда профилактикалық жұмыстардың маңызы зор.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі қағидаттарының бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану. Сонымен қатар, заңдылық, ашықтық, жариялылық, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы маңызды қағидаттар ретінде белгіленген.
АШЫҚТЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК – СЕНІМНІҢ НЕГІЗІ
Ауылдық округ әкімінің аппараты – тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік басқару буынының бірі. Сондықтан жергілікті атқарушы органның қызметіндегі ашықтық, қолжетімділік және әділдік тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Әрбір азамат өз өтінішінің заң талаптарына сәйкес қаралатынына, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі сапалы көрсетілетініне сенімді болуы қажет. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында заң талаптарын сақтау, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың өтініштеріне уақтылы жауап беру – басты міндеттердің бірі.
Мемлекеттік қызметші үшін халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Қызметтік міндетті адал атқару, лауазымдық өкілеттікті жеке мақсатқа пайдаланбау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік қызметтің негізгі талаптарының бірі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, құқықбұзушылықтарға жол бермеуге және мұндай фактілердің алдын алуға міндетті екені белгіленген.
ӘРКІМ ӨЗІНЕН БАСТАУЫ КЕРЕК!
Кейде сыбайлас жемқорлықты тек ірі құқықбұзушылықтармен байланыстырамыз. Алайда қоғамдағы кез келген заңсыз әрекетке төзімділік таныту, мәселені таныс-тамыр арқылы шешуге ұмтылу немесе жеке пайда үшін заң талаптарын айналып өту де сыбайлас жемқорлыққа қолайлы орта қалыптастыруы мүмкін.
Сондықтан жемқорлықсыз қоғам құру әр адамның өзінен басталады. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, өз құқықтары мен міндеттерін біліп, кез келген мәселені заң аясында шешуге ұмтылғанда ғана қоғамда әділдік пен жауапкершілік нығая түседі.
Адал еңбек, әділ шешім және заңға құрмет – қоғам дамуының берік негізі
Сыбайлас жемқорлықтың профилактикасы – бір реттік іс-шара емес, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілетін маңызды жұмыс. Оның тиімділігі мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, әрбір азаматтың азаматтық ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігіне де байланысты.
Қарасаз ауылдық округі әкімдігі өз қызметінде заңдылық, ашықтық және халықпен кері байланыс қағидаттарын басшылыққа алып жұмиыс істейді. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына мұқият қарау, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына баса назар аудару – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі.
Біздің ортақ мақсатымыз – заң үстемдігі салтанат құрған, адал еңбек пен әділдік жоғары бағаланатын қоғам қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана біз әділетті, ашық және сенімді қоғам құра аламыз!
Жанар Нұрмұратқызы,
Қарасаз ауылдық
округінің әкімі