Basty bet
Терроризм – адамзатқа төнген қауіп
Терроризм – татулық пен бейбітшілікті негіз еткен мемлекетті күйретуге ықпал ететін бірден-бір жаһандық мәселе. Яғни бұл дегеніміз қазіргі таңда экстремизм мен терроризм адамзатқа төнетін шынайы қауіпке айналған.
Қазақстан Республикасының Заңындағы түсіндірілім бойынша, терроризм – күш қолдану идеологиясы арқылы халықты үрейлендіріп, жеке адамға, қоғам мен мемлекетке күш қолдану. Немесе өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау немесе жасаймын деп үрейлендіру арқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету тәжірибесі. Терроризм актісіне – айтарлықтай мүліктік залал келтіру, адамдардың өміріне қауіп төндіру немесе қоғамға қауіпті өзге де іс-әрекеттер арқылы жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де қауіпті іс-әрекеттер жасау. Немесе жасаймын деп үрейлендіру.
Сонымен қатар бұл іс-әрекеттер халықты үрейлендіру немесе қоғамдық қауіпсіздікті бұзу не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, шет мемлекеттердің шешімдер қабылдауына әсер ету мақсатында жасалады. Сондай-ақ осындай мақсаттармен адам өміріне қиянат жасау, сол сияқты қоғам қайраткерінің немесе мемлекеттік тұлғаның өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау болып саналады.
“Террор” сөзінің мағынасы латын тілінен аударғанда – үрей, қорқыныш деген мағынаны білдіреді. Терроризмнің көздеген мақсаты – қоғам қауіпсіздігін тәрк ету. Яғни, адамдардың өмірі мен денсаулығына залал келтіру. Сондықтан да мұны көп обьектілі қылмыс түріне жатқызады. Аталған қылмыстың обьективтік жағы – өрт қою, адамдар көп шоғырланған жерлерде жарылыс жасау, қоғамға қауіпті өзге де іс-әрекеттерге бар.
Ал, субьективті жағын алар болсақ, терроризм тек қана тікелей қасақана ниетпен жасалады. Яғни, кінәлі адам заңда бұрыс деп көрсетілген әрекеттерге бару арқылы зардаптардың болу қаупін туғызғанын немесе сондай әрекетке барамын деп қорқыту арқылы қоғамға қауітілігін сездіреді және соны жүзеге асырады. Мұндай қылмыстың субьектісіне 14 жастан асқан жасөспірімдер де саналады. Ал, обьекті ретінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қатынастар жатады. Олар азаматтардың өмірі мен денсаулығына басқа да құндылықтарына мүдделі.
Экстремизм мен терроризм үшін қылмыстық жауаптылық Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде қарастырылған. Соның ішінде терроризм актісін жасау, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, экстремистік немесе террористік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік, террористік не экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру, террористік немесе экстремистік даярлықтан өту үшін қылмыстық жауаптылықтар заңмен қарастырылған. Мысалы, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу үшін ең қатаң жаза – он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, терроризм актісін жасаған үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына кесілу көзделген.
Терроризм актісін дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттік органдарға дер кезінде ескертумен немесе өзге тәсілмен терроризм актісін болғызбауға септігін тигізсе және егер оның іс-әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Сонымен қатар, терроризм қаупін төмендету үшін – Алды алынған және уақтылы жолы кесілген (ой-ниетті қалыптастыру, дайындау, шабуылдау сатыларында) экстремистік сипаттағы террористік және өзге де зорлық-зомбылық акцияларының үлесін азайту, Қазақстан Республикасының аумағында терроризм актілеріне ден қою, сондай-ақ терроризм салдарын барынша азайту және (немесе) жою дайындығының деңгейін бақылау, Діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтаушы адамдар санын азайту шаралары қабылданған.
Бақтияр Нұрдәулет,
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-ның
Шу ауданы бойынша арнайы бөлімінің инспекторы