Basty bet
Шалғайдағы ұйымшыл, берекелI шағын ауыл
Ауыл – елдің алтын бесігі. Ұлттық құндылықтарымыз ғана емес, адами қымбат қасиеттеріміз де ауылдан бастау алған. Ауыл – береке.
Әркімнің туған жері өзіне қымбат. Шерағаның түсімде ылғи туған жерім Мыңбұлақты, туған үйімді көремін деуі де сондан. Өмір болған соң жақсылық пен жамандық сияқты барлығы қатар жүрері анық. Кейде жүрегің сыздап, ойға шомылатын кездеріңде түсіңе де, есіңе де балалық шағың өткен ауылың, туған үйің кіреді. Ойша тамаша балалық шағыңа саяхат жасап, балалық шаққа деген сағыныш сезім жүрегіңді тербейді.
Жақында туған ауылым Ақтасты ауылынан ауыл имамы Әділхан Шитебаев ағамыз хабарласып, ауылдың жағдайын айтып, ауыл туралы мақала жазуымызды өтінді. Ондағы мақсаты – ауылдағы жақсы жаңалықтармен бөлісіп, ауылға қандас бауырлар көшіп келсе деген игі тілек.
Ол кісі ауылға газ кіргізіліп жатқанын қуанышпен жеткізді. Ауылда тұрмыс жағдайы төмен отбасына ауыл болып ұйымдасып, ел қатарлы газ кіргізілуіне мұрындық болып жатқанын айтты. Ауылдан жаңа мектеп соғылып, оның пайдалануға берілгеніне дән риза. Бір өкініштісі, бұрын ауылда 60-70 үй болса, кейінгі жылдары халық үдере көшіп, бүгінде ауылда 30 шақты ғана үй қалғанын айтады. Рас, ауыл орталыққа алыс, қыста жолы да қиын. Екі қырдың ортасында, сайда орналасқан бұл ауылда тұрып жатқан елді не ұстап тұр? Әрине, туған жеріне деген қимастық.
Ауылдағылардың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Мал бағу да оңай емес. Қысы-жазы бел жазбай еңбек етеді. Жаз бойы малға азық жинаумен, мал бағумен күн өткізсе, қыс бойы сол малын жайғаумен, төлдетумен, көктемгі дала жұмыстарына дайындықпен айналысады. Жастарға бос уақытын өткізетін ешқандай орын жоқ. Сол себептен де ауылда жастар аз. Жастардың көбі қалада тұрғысы келеді. Себебі, қалада жастарға қажетті бар жағдай бар.
Ауылдағы жағдай солай болғанымен, жастары өте ұйымшыл. Бірде ауылдағы туысымыздың үйіне бір шараға бардық. Ауыл жастары сол арада қызмет етіп жүр. Жастардың ұйымшылдығына тәнті болдық. Бір-бірінің қуанышына да, қайғысына да ортақтасып, қолдан келген көмегін аянып қалып жатқан жоқ.
Біздің бала кезімізде ауылда кішкентай ғана бастауыш мектеп болатын. Негізгі кабинеті екеу-ақ. Бастауыш төрт сыныпқа да бір мұғалім сабақ береді. Кабинетте бір қатарда бірінші сынып, екінші қатарда екінші сыныптың оқушылары отырып қатар білім алса, екінші ауысымда қалған екі сынып бірге оқиды. Мұғалім бізге сабақ түсіндіріп, тапсырма берген соң, келесі сыныпқа сабақ түсіндіреді. Сыныпта бес-алты ғана оқушы болғандықтан, мұғалім оқушылардан сабақты күнде сұрайды. Қазір айтсақ, ертегі айтып отырғандай…
Ауылдың ортасында дүкен, ауылдық клуб жұмыс істейтін. Дүкеннің алдында көшеде электр бағанына орнатылған радио сайрап тұратын. Қазақ радиосынан әдемі әңгіме, ән айтылып тұрады. Бірде қар жапалақтап жауып тұр. Мен сабақтан қайтып келемін. Ойланып, әдемі бір сезіммен келе жатырмын. Осындай сәттер қатты есімде сақталып қалыпты. Қазақ радиосының дауысы бүкіл ауылға естіліп тұратын. Қазақ радиосының түрлі хабарлары, бағдарламалары, әуезді әуенінің өзі ауылдықтардың рухани жан дүниесінің дамуына үлкен әсері бар еді.
Ауылдық клубта мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Әсіресе, Наурыз мерекесінің тойлануы ерекше есімде қалыпты.
Кейінірек ауылда бір кісі орталыққа көшіп, сол кісінің үлкендеу үйін сатып алып, мектеп етіп жабдықтады. Бірақ ескінің аты ескі. Дегенмен, бұрынғысына қарағанда тәуірлеу. Сөйтіп жүргенде ауылдан заман талабына сай жаңа мектеп ғимараты соғылды. Бірақ ол ғимаратты ауылға мектеп ретінде сатып алып беру мәселесінде біраз қиындықтар болды. Аудан башылары, депутаттар болып араласып, биылғы оқу жылында пайдалануға берілді. Ауылдың үлкен-кіші тұрғындары үшін бұл зор қуаныш болды. Бұл қуанышты мемлекеттің ауылға көңіл бөлгені деп есептеп, болашаққа деген сенімдері арта түсті.
Ауылда иесіз бос қалған үйлер көп. Әділхан аға ауылға көшіп келетін қандастарымыз болса қуана қарсы алар едік дейді. Ауылда жер де, үй де бар. Ауылымыздың тұрғындары көбейіп, берекеміз кіріп қалар еді деп армандайды.
-Ауылымызда мектеп, медициналық пункт, ауызсу бар, енді газ құбыры кіргізіліп жатыр. Ауыл деген аты ғана болмаса, қаламен айтарлықтай айырмашылығы жоқ болып қалды ғой. Тұрғындар үйлерін жөндеп, заман талабына сай жағдай жасауда. Газ келгелі тіпті жақсы болды. Қуанышымызда шек жоқ,- дейді Әділхан аға.
-Жаңа оқу жылында балаларымыз, немерелеріміз жаңа мектепке барып ауыл болып қуандық. Оқу кабинеттерін бөлісіп алып демеушілік жасап, стенд, басқа да құралдармен жабдықтап бердік.
Ауыл жастары ұйымшыл, еңбекқор. Ауыр жұмыс деп қашпай, еңбектеніп, бір-біріне көмектесіп жүреді. Ауыл жастары игі істі бастайды, оған үлкендер қолдау білдіреміз,- дейді көпбалалы ана Айман Пернебаева.
Ал, ауылдың белсенді жастарының бірі Айдынғали Алтынбеков ауыл жастары болып ақылдасып, алдағы уақытта ауылдың орталығынан спорт зал салуды жоспарлап отырғандарын айтады.
-Біздің ауылды тұрғындары аз, келешегі жоқ деген ауылдар санатына кіргізіп, бізге мектеп соқпайтын болған. Содан бір жиналыста аудандық мәслихат төрағасы Ерғали Тілеубеков пен облыстан келген кісіге ауылдан мектепке ең болмаса ыңғайластырылған ғимарат соғып беруін өтінген едік. Ерғали Тілеубеков: “Ертең маған келіңдер, осы істі өздерің қолға алып, соңына дейін жеткізіңдер. Мен қолдау көрсетемін”,- деді. Содан ауыл әкімі Жәнібек Мырзалиев екеуміз ертеңіне жұмысқа кірістік. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді ғой, Ерғали аға бізге көп көмектесті.
Қазір Аллаға шүкір, ауылда ауызсу, газ, мектеп, медициналық пункт бар.
Ауылда бес-алты кісі жаңа үй соқты. Біраз кісілер үйлерін заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізсе, биыл тағы екі-үш жас отбасы жаңа үй тұрғызуды жоспарлап отыр.
Ауылда Керейбек, Әділхан, Қыдырбай сынды аталарымыз бен жанашыр ағаларымыз бар. Ол кісілер барлық істе бастамашы болып, қолдап, демеп жүреді.
Ауыл деген береке ғой. Біз ауылдан ешқайда кеткіміз келмейді. Ауылда жұмыс көп. Ауылымызға еңбек етіп, жағдайымды түзеймін деген жастар келіп, ауылымыз гүлденсе деген ниеттеміз,- дейді Айдынғали Тастанбекұлы.
Иә, жусан иісі аңқыған, шаруасы шалқыған алтын бесік ауылымызды халқымыз әуел бастан – ынтымақ-бірліктің, ырыс-несібенің, молшылықтың алтын арқауы санаған. Елдің еңсе тіктеуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы ауылдағы шаруашылықтың оңалуына да байланысты. Сондықтан ауылды көтеру қашанда назарда және алдымыздағы жылы айрықша көңіл бөлінеді.
Бұлай деуіміздің себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа президенттік мерзімге сайланарда ауылды өркендету ісін ерекше назарда ұстайтынын бас айтты. Бұл ойын ұлықтау рәсімінде нықтай түсті.
“Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. “Ауыл – ел бесігі” деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады.Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземін” деді Президент. Сондықтан шалғайдағы тұрғындары қайырымды, ұйымшыл Ақтасты ауылына да бұл бағдарламаның шапағаты тиіп, тұрғындардың жағдайы бұдан да жақсара түседі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»