Basty bet

Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі

Алғаш рет 2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жас ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.
Дүйсенбі күні «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы «Даналық мектебі» жобасы аясында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет» атты ұлттық өнерді дәріптеу шебер сабағы өткізілді.
Мақсаты – бабаларымыздан келе жатқан рухани дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттау.
Іс-шараны №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Қырғызбаева ашты.
«Шығыс халықтары батыс жұртындай емес, дәстүрді берік ұстанатындықтарымен ерекшеленеді. Сондықтар болар «Өнерін сыйлаған жұрт өрге, дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деп, дәстүрге ерекше мән береді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «заманына қарай адамы» дейтін қазақ күні кешеге дейін ата-баба дәстүрінің өміршең тұстарын заманына қарай ыңғайлап, берік ұстанып келе жатқандығын жақсы білеміз.
Салт-дәстүрден бөлек, ұлттық қолөнер және оқушылардың қолөнерге деген қызығушылығын ояту жайлы сөз қозғасақ, қазақ халқы өз ұрпағына өнердің сан-саласын үйретіп отырған. Ұлттық қолөнер арқылы оқушылардың дүниетанымы, адамгершілік эстетикалық талғамдары қалыптасып, алдына қойған мақсатының айқындала түсуіне игілікті әсер ететіні сөзсіз. Оқушылар осындай шеберлік сабақтарына қатысса, әсемдікті танып біліп, ұлттық қолөнерімізді танып, үйренсе, эстетикалық ой-өрістері дамитыны анық. Осы мақсатта бүгінгі іс-шараға қолөнер шебері, мектеп оқушыларын еңбекке баулып жүрген еңбек пәнінің мұғалімі Серікбек Асанов ағайды шақырып отырмын» деді Дина Қырғызбаева.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, шебер Серікбек Асанов өзінің төл туындыларының қалай жасалғанын түсіндіре отырып, оларды көпшілік назарына ұсынды. Онда ағаштан жасалған кесе, астау, қылқобыз, құмыра, сиыр терісінен жасалған торсық, ат әбзелдері, асатаяқ, т.б. тұрмыстық заттар жетерлік. Бұл жиын қатысушыларды қолөнершілік өнерге жақындатты деуге әбден болады.
Іс-шараға Б.Момышұлы ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Кемелбек Дәуренов, ардагерлер ұйымының мүшесі Керейбек Нысанбеков, еңбек пәнінің мұғалімі, қолөнер шебері Серікбек Асанов және бірқатар ата-әжелер қатысты.
Аталған шара барысында және төртінші сынып оқушылары аталарына арнау өлең оқып, ән шырқап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Іс-шарада сөз алған бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Кемелбек Дәуренов С.Асановқа ұлттық өнерімізге үлесін қосып, дәріптеп жүргені үшін алғыс білдірді.
Келесі сөз кезегін алған Керейбек Нысанбекұлы:
– Қолөнер – халқымыздың қасиеті мен ұрпақтан ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Қазір ұмыт бола бастаған қолөнерді қайта жаңғырту «Рухани жаңғырудың» бір түрі десек, артық етпес. Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – өскелең ұрпақты адастырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада мына біз секілді ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, нұр үстіне нұр болмақ,- деді.
Сексен жасқа таяса да сергектігін жоғалтпаған Керейбек ақсақал кейінгі ұрпаққа үлгі болатын өсиетін аямай, ақ батасын берді.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close