Basty bet

Жастар арасында кіші футболдан тартысты жарыс өтті

Жастар – ел болашағы. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, пайдалы істерге, спортқа баулу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Осы орайда, Нұрлыкент ауылында жастардың денсаулығын нығайту, спортқа деген қызығушылығын арттыру және достық қарым-қатынас орнату мақсатында кіші футболдан жарыс ұйымдастырылды. Жарыс ауылдың арнайы жабдықталған футбол алаңшасында өтті.
Іс-шараға 20-25 жас аралығындағы жастардан құралған бірнеше команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Бұл турнир жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың спорттық рухын оятуға, ауызбіршілігін нығайтуға үлкен үлес қосты.
Жарыстың ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары мен спорт жанашырлары сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Олар спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталып, осындай игі бастамалардың жиі өтуі ауылдың дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Футбол додасы өте тартысты әрі қызықты өтті. Әрбір команда жеңіске жету жолында аянбай тер төгіп, өз шеберліктерін, ұйымшылдықтарын көрсетті. Ойын барысында төрешілер әр команданың ойынын жіті бақылап, ережеге сай төрелік етті. Қатысушылардың барлығы дерлік жоғары дайындықпен келгендерін дәлелдеп, көрермендерге керемет әсер сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша оза шапқан үздік командалар мен ерекше көзге түскен ойыншылар мақтау қағаздары, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, “Үздік қақпашы”, “Үздік шабуылшы”, “Ең үздік ойыншы” сынды номинациялар бойынша арнайы марапаттар табыс етілді. Бұл іс-шара ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың өзара достық байланысын нығайтуға сеп болды. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын насихаттауға және бос уақытты пайдалы өткізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Алдағы уақытта бұдан да ауқымды спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылып, жастардың әлеуетін дамыту жолында тың жобалар іске асары сөзсіз.

Жазира ҚАШҚЫНБАЙҚЫЗЫ,
Нұрлыкент ауылдық округінің жастармен жұмыс
жөніндегі инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close