Basty bet
Ұлттық құндылық ұлықталған тағылымды кеш
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі – ұлттың рухани болмысын айқындайтын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес мұра. Дәстүр – тек өткеннің белгісі емес, ол бүгінгі қоғамның тәрбиелік негізі, болашаққа бағыт беретін өміршең құндылық. Осы құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру мақсатында Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Көлбастау ауылдық мәдениет үйінде тағылымды мәдени шара өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясында өткен «Дәстүрдің дара жолы: кеше және бүгін» атты рухани кеш ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мазмұнды басқосуға айналды.
Шараға ауыл тұрғындары, ақ жаулықты аналар, мәдениет саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысып, халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесінің мәні жайында ой бөлісті.
Кеш басталмас бұрын қонақтар «Ұлттық дәстүр – ұлттың рухани қазынасы» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық тәрбиесі мен рухани мұрасына арналған құнды еңбектер қойылды. Сонымен қатар, Көлбастау ауылдық мәдениет үйінде орналасқан «Анаға тағзым – ұрпаққа тағылым» аналар мектебінің жұмысы таныстырылып, отбасы тәрбиесіндегі ананың орны мен ұрпақ қалыптастырудағы рөлі кеңінен насихатталды.
Тағылымды кештің шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылып, қазақ әйелінің отбасы берекесін сақтаудағы орны, ананың мейірімі мен ақ жаулықтың қасиеті әсерлі бейнеленді. Өнерпаздардың орындауындағы әндер кештің мазмұнын байытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Шара барысында дәстүрдің қазақ қоғамындағы орнына тоқталып, әрбір салттың астарында үлкен тәрбиелік мән жатқаны айтылды. Қазақ халқы үшін дәстүр – ұлттың рухани коды, өмірлік тәжірибесі мен ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы. Бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату, беташар секілді ғұрыптардың барлығы адамды ізгілікке, үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға тәрбиелейді.
Тағылымды шараға арнайы келген Шымкент қалалық «Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының мамандары ұлттық мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, ғылыми-ағартушылықты қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері Ләззат Кәдірбек, ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жасұлан Исабаев және ғылыми қызметкер Ақмарал Орынбекова өз ойларын ортаға салды.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, мұндай шаралардың ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
Шараның тағылымды әрі әсерлі сәттерінің бірі – көпбалалы анаға «Күміс алқа» алқасын салтанатты түрде табыстау рәсімі болды. Бұл жоғары марапат аналардың отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі және қоғамның рухани-әлеуметтік дамуына қосқан сүбелі еңбегінің айқын көрінісі ретінде табысталды. Марапат иелеріне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың адал еңбегі мен өнегелі өмір жолы көпшілік алдында лайықты бағасын алды.
Кездесуде аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Перизат Шымыртайқызы «Ана – дәстүрдің сақтаушысы, тәрбиеші тұлға» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық тәрбиенің бастауы ана мейірімінен басталатынын айтты.
Ал, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Тұранқызы қазіргі қоғамдағы әлеуметтік желінің дәстүрге әсері туралы ой қозғап, заманауи ақпарат кеңістігінде ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Кеште қыз ұзату, беташар секілді ұлттық рәсімдердің бүгінгі қоғамдағы орны да кеңінен талқыланды. Шымкент қалалық «Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының мамандары дәстүрдің тарихи мәні мен тәрбиелік маңызын түсіндіріп, ұлттық мұраның уақытпен бірге жаңғырып, жалғаса беретінін жеткізді.
Сонымен қатар , орталықтың қызметі туралы бейнеролик көрсетіліп, ұлттық мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Шара соңында Шымкент қалалық «Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының ұжымына аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова Алғысхат табыстады.
Көлбастау ауылында өткен бұл рухани басқосу ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәстүр сабақтастығын дәріптеген мазмұнды шара болды. Себебі, дәстүр – халықтың өткенін танытатын тарихы ғана емес, келешекке жол көрсететін рухани бағдар. Өйткені, ұлттық мұрасын қастерлеген елдің рухы биік, болашағы берік болмақ.