Basty bet
Қауіп пен қатерге толы жауапты қызмет
Құтқарушылар – төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы даярлықтан өткен мамандар. Елімізде Құтқарушылар күні жыл сайын 19 қазанда атап өтіледі. Бұл күн – ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі.
Адам өмірін құтқару – аса жауапты әрі абыройлы міндет. Сондықтан да өзінің өмірін қатерге тігіп, өзгелердің өмірін арашалауға атсалысатын мамандардың бірі – құтқарушылар саналады. Әсіресе, тілсіз жаумен бетпе-бет келетін өрт сөндірушілердің қызметі әрдайым қауіп-қатерге толы. Олар қызыл жалынды ауыздықтап қана қоймай, ең алдымен адам өмірін сақтап қалуды мақсат етеді. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, әр секунд үшін күресетін бұл мамандық иелерінің еңбегі үлкен құрметке лайық.
Бүгінгі әңгімеміз де осындай жауапты мамандықты таңдаған азаматтың бірі – Құнанбай Тілеумұратов туралы болмақ. Бүгінде №7 аудандық өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы болып қызмет ететін Құнанбай Темірланұлы 1991 жылы Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде білім алған. Мектепті бітірген соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге бел буып, әскери қызметін Қапшағай қаласындағы 65475 әскери бөлімінде өтейді.
Әскерден оралғаннан кейін еңбек жолын келісімшарт негізінде әскери қызметпен байланыстыруды ойлағанымен, кейін өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығын таңдайды. Осылайша, 2012 жылдың қараша айында аудандық №7 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылданады. Ал, 2016 жылдан бастап бөлімше командирі лауазымына тағайындалады. Қазіргі таңда Құнанбай Темірланұлы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы міндетін де қоса атқарып жүр.
– Еңбек жолымды бастаған алғашқы жылдар әлі есімде. Ол кезде тәжірибесі аз жас маман едім. Ұжымда аға буын өкілдері көп болатын. Сол ағалардың ақыл-кеңесі мен нұсқауларының арқасында өрт сөндіруші қызметінің қыр-сырын үйрендік. Жас болғандықтан, өрт оқиғасына барған кезде сасқалақтап қалатын кездеріміз де болды. Қажетті құрал-саймандардың қай жерде тұрғанын ұмытып, өрт сөндіру көлігін екі рет айналып жүгіріп келген сәттер де есімде, – деп еске алады ол.
Құнанбай 2013 жылы Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 40 күндік арнайы дайындықтан өтеді. Бұл дайындық оның кәсіби біліктілігін арттырып, қызмет барысында кездесетін түрлі жағдайларға әзір болуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, И.Исанов атындағы Қырғыз мемлекеттік құрылыс, көлік және архитектура университетіне оқуға түсіп, өрт қауіпсізідігі мамандығын игереді.
Құтқарушы қызметінің оңай еместігі белгілі. Құнанбай Темірланұлы да қызмет барысында талай қиындықты бастан өткерген.
– Жұмыс болған соң түрлі төтенше жағдайлар кездеседі. Жол-көлік апаттары, боран, өрт, суға кету секілді оқиғалар кезінде адамдарға көмекке келуге тура келеді. Біздің саланың жұмысы оңай емес. Дегенмен, оның қиындығына қарамастан, елге адал қызмет етуді таңдадық. Естен кетпейтін ауыр жағдайларда болды. Бұл оқиғалар адамның жанына батпай қоймайды, – дейді ол.
Оның есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – 2024 жылы “Алматы–Ташкент” тасжолында болған ірі жол-көлік апаты. Оқиға орнында автокөліктің ішінде қысылып қалған адамды құтқару қажет болған. Құтқарушылар уақыт жоғалтпай, бірден іске кіріседі. “Мұндай жағдайда адам өмірі бірінші орында тұрады. Сондықтан шапшаң әрекет ету керек. Әр минуттың өзі аса маңызды. Біз дереу көліктен қажетті құралдарды алып, іште қалып қойған жолаушыны құтқаруға кірістік. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде оны автокөліктен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Мұны айту оңай болғанымен, ірі жол-көлік апаттарының салдары адамға қатты әсер етеді. Біреудің қаза тапқанын немесе жарақат алғанын көру оңай емес. Біз де жанашырлық танытып, жүрегімізбен сезінеміз. Алайда қызмет барысында сабыр сақтап, салқынқанды болу маңызды. Өйткені, сол сәтте біздің әрбір әрекетіміз адам өміріне әсер етуі мүмкін, – дейді Құнанбай.
Бұл мамандықтың біз біле бермейтін қыр-сыры да көп. Ал, құтқарушылардың атқарып жүрген еңбегі өлшеусіз.
– Бұл салаға келген әрбір қызметкер өз міндетін жетік білуі тиіс. Өйткені, бізге ең алдымен шапшаңдық пен батылдық қажет. Қажетті құрал-саймандарымыз әрдайым сақадай-сай болуы керек. Ол үшін күнделікті дайындық жаттығулары, сабақтар өткізіледі. Біздің команданың басты күші – бірлік пен сенімде. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер кез келген жағдайда тәуекелге бел буып, әп-сәтте шешім қабылдай алуы керек. Төтенше жағдай орын алған жерге мүмкіндігінше жылдам жету де маңызды. Ондай кезде әр минут қымбат. Әсіресе, өрт кезінде уақыттың әр секунды шешуші рөл атқарады. Оқиға орнындағы адамдарға көмек кешігіп жатқандай көрінуі мүмкін. Сондықтан біз барынша жедел әрекет етуге тырысамыз, – дейді ол.
Құтқарушы жұмысының қызығынан қиындығы басым. Шыдамдылық, батылдық, арнайы техниканы меңгеру, денсаулықтың мықты болуы және жоғары физикалық дайындық – әрбір өрт сөндіруші-құтқарушыға қажетті басты қасиеттер. Өйткені, олардың міндеті тек өртті сөндірумен шектелмейді. Біреудің өмірін арашалау үшін өз өміріңді қатерге тігуге де тура келеді. Мұндай қызмет шапшаң шешім қабылдауды, қайсарлық пен жанкештілікті талап етеді. Қызмет барысында ауқымды өрттер мен басқа да төтенше оқиғалар жиі кездесетіндіктен, құтқарушылар кез келген жағдайға дайын болуы керек.
– Төтенше жағдай орнына бара жатқанда, алдыңда қандай оқиға күтіп тұрғанын білмейсің. Бірақ оқиға орнына жеткен сәтте ойыңды жинақтап, бірден іске кірісесің. Кейде қалай әрекет етіп кеткеніңді де байқамай қаласың. Өйткені, біз үшін ең бастысы – адамды құтқару. Оқиға сәтті аяқталып, адам аман қалған кезде ғана бір сәт тыныс алып, ерекше сезімді бастан кешесің, – дейді кейіпкеріміз.
Құнанбай Темірланұлы бала күнінен спортпен айналысқан. Бүгінде де физикалық шымырлықты өмірлік ұстанымдарының бірі санайды. Соның арқасында қызметте түрлі деңгейдегі өрт-тактикалық оқу-жаттығулары мен жарыстарға қатысып, команданың абыройын қорғап жүрген жайы бар. Командалық жарыстарда жуалылық өрт сөндіруші-құтқарушылар облыс көлемінде жыл сайын жүлделі орындарға ие болуда. Кейіпкеріміз азаматтық қорғау саласындағы қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болған.
– Өрт сөндірушіге қажетті қасиеттердің бірі – мықты физикалық дайындық. Спорт тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, қызметте де кез келген жағдайға жедел әрекет етуге де көмектеседі. Сонымен қатар, адамдармен тіл табысуға, ұжымда жұмыс істеуге үйретеді. Қызметте тәртіп пен ұқыптылықтың орны ерекше. Кез келген жағдайда ауызбіршілік танытып, техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау – басты міндеттердің бірі, – дейді ол.
Құтқарушылардың амандығын тілеп, әр кез үйге оралуын асыға күтетін жақындары бар. Құнанбайдың ата-анасы мен бауырлары, жұбайы Гүлнар және қызы Айзере оның әрбір кезекшілігінің тыныш өтіп, отбасына аман-есен оралуын тілейді.
Құтқарушының әрбір күні – адамдардың өмірі үшін күрес. Олардың еңбегі кейде көзге көрінбегенімен, қиын сәтте көрсеткен көмегі талай жанға үміт сыйлайды. Ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі жолында үлгілі қызмет атқарып жүрген Құнанбай Тілеумұратов секілді азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені, өзгенің өмірін арашалау – кәсіби міндет қана емес, жүректегі ізгілік пен азаматтық борыштың көрінісі!
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”