Basty bet
Жәбір көрген әйелдерге әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуде
Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді көрінеді. Әлем әйел аналардың «Ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Оның дәлелін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанынан білуге болады.
Отбасылардың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбылық. «Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылатын уақыт жетті. Ұзақ жылдар бұл мәселе ашық айтылған жоқ, әлеуметтік проблема ретінде қаралмады да. Отбасы әр адамның жеке шаруасы деген көзқарасты ұстандық. Зорлық-зомбылық – отбасының жеке проблемасы емес, ол жалпы қоғамдық мәселе. Жұмыссыздық, құқықбұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар отбасындағы ахуалға тікелей қатысты. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінесе әлсіз балалар, қарттар, мүгедектер мен әйелдер қауымы ұшырайды.
Қоғамда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдердің көбеюіне байланысты, оларды қорғау мақсатында республиканың әр облыстарында “Дағдарыс” орталықтары ашылған болатын.
Сол орталықтардың бірі ретінде 2017 жылы Тараз қаласындағы «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы» болып ашылды. Орталықтың өңірге қарасты 8 ауданында «Әлеуметтік-психологиялық кеңес беру» кабинеттері бар. Біздің ауданда мұндай орталықтың кабинеті 2020 жылы ақпан айында ашылып, бүгінгі күні мамандар өздеріне тиісті жұмыстарды атқаруда. Аталған кабинетте екі маман жұмыс істейді, яғни, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Әлия Шәмшиева және әлеуметтік психолог Жанерке Әмірбек тұрғындарға әлеуметтік және психологиялық көмекті анонимді, тегін және күндіз-түні көрсетуде. Кеңес беру кабинеті тұрғындарды Б.Момышұлы ауылы Рысбек батыр көшесі №62 мекенжайындағы (Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппараты) ғимараттың бірінші қабатында орналасқан.
Аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік және психологиялық көмек беру кабинетінің мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмекпен қолдау көрсетуді көздейді. Сондай-ақ, ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасымен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдеседі. Кеңес алуға келген аналар мен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтап, қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік беріледі.
Мамандар кабинетке көмек алуға келген тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген азаматшалармен әңгімелесіп, зерделеп оларға стандарт бойынша сегіз бағытта, ең алдымен, психологиялық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік- мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік- педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық.
Аудандық ТЗЗҚӘП кеңес беру кабинетіне ашылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 298 қызмет алушы келіп, 214 қызмет алушы «Сенім» телефонына хабарласқан. Олардың барлығына мамандардың тарапынан әлеуметтік және психологиялық көмектер мен кеңестер берілген.
Аудандық кеңес беру кабинетінің мамандары аудандық білім бөлімінің, аудандық орталық аурухананың, полиция бөлімінің қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.
-Біз тәулік бойы сенім телефонына зорлық-зомбылыққа тап болған жан хабарласқан кезде, полиция қызметкерлерімен бірге айтылған мекенжайға барып, өз көмегімізді көрсетеміз. Қорғау нұсқамасы қойылған отбасыларды есепке алып, сол отбасылармен аптасына екі-үш рет хабарласып, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, аудандық сотта кезекшілік кестесі құрылған. Татуластыру бөлмесінде отбасын сақтап қалу мақсатында ажырасуға келген отбасылармен сотқа дейін жеткізбей аудан билерінің төрағалары, медиаторлар психологпен бірлесе түсіндірме және татуластыру жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде көп отбасылар татуластырылды.
«Бастау» жұмыс тобының комиссия құрамында болғандықтан ұйғарымдар бойынша жұмыс жасаймыз, талапкер және жауапкер ұялы телефондарына хабарласып, ажырасу себептерін сұрап мүмкіндігінше отбасын сақтап қалу максатында тараптарды кабинетке шақыртып, аудан, ауылдың алқа билерінің төрағалары, медиатор, ауыл имамы, психологтармен татуластыру жұмыстары жүргізілді,- дейді әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Әлия Шәмшиева.
Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңындағы зорлық-зомбылық түрлерін атап өтті. Оның сөзінше, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық, күш көрсету, психологиялық, сексуалдық немесе экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.
Маман: «Зорлықта әрқашан жәбір көрсетуші кінәлі. Сондықтан үнемі алдымен құрбанды тыңдау керек. Себебі, зорлықтың қай түрі болса да психологиялық азап шегетін – жәбірленуші. Зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз, жаныңызда ұялы телефон болса, жағдайды түсіріп алуға тырысу керек. Өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасында туатындықтан, бір тарап зорлық-зомбылықтың болғанын мойындамай, екінші тарап қорыққаннан үндемеуі мүмкін» дейді.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын естен шығармаған жөн!
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»