Basty bet

Мемлекеттік бағдарламаның игілігі

өңірде тоғыз жобамен жұмыс жүргізіліп, тұрғындарға жағдай жасалуда

«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдарды көркейту мақсатында таулы өңірде бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Аталған жобаның арқасында шалғай елдімекендердегі көше жолдары жөнделіп, көптеген әлеуметтік нысан салынып, тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға берілуде. Олардың арасында оқушыларға білім беретін мектептердің ғимаратын жөндеу, дәрігерлік амбулаториялардың құрылысымен қатар, бірқатар ауылдық округте ауылішілік жолдар жөнделуде.

«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жауапты мамандарының хабарлауынша, бұл мақсаттағы жұмыстар үшін биыл ел қазынасынан 1 миллиард 265,954 мың теңге қаражат бөлінген. Жалпы аталған бағдарламамен барлығы тоғыз жоба іске асырылып жатыр.
Нақтырақ айтатын болсақ, 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 72 377,0 мың теңге қаржыға жалпы ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде, Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелерін орта жөндеуге – 32 863,0 мың теңге қарастырылып, ұзындығы 2,1 шақырым жолды жөндеу жұмыстары биыл басталып, әзірге аяқталған жоқ. Ауылішілік жолдың негізі төселгенімен, жұмыстар толық аяқталмай отыр. Мұны біз Күреңбел ауылдық округі әкімі аппаратының мамандарынан сұрап-білдік.
Одан бөлек, аталған бағдарламамен Ақбастау ауылындағы Төлеби, Қойгелді және Береке көшесінің тұйығымен орта жөндеу жұмыстарына – 39 514,0 мың теңге қарастырылып, ұзындығы – 2,1 шақырым болатын көше жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда мұндағы жұмыстар шамамен 80 пайызға аяқталған. Атап айтқанда, Қойгелді көшесіне толығымен асфальт жабындысы төселсе, Төлеби көшесінің жолы жартылай аяқталған. Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызының айтуына қарағанда, жөндеу жұмыстарын ұтып алған мердігер мекеменің өкілдері жол салуға қажетті асфальт пен битумның тапшылығына байланысты жұмысты кешеуілдетіп жатқан көрінеді. Дегенмен, межеленген жұмыстар қар түскенше толығымен аяқталады деп сенеміз.
«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы жұмыстар өңірдің білім саласында да атқарылуда. Оған дәлел, биыл аталған бағдарламамен ауданға қарасты үш бірдей мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Атап айтсақ, биыл Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы №11 Тастандиев атындағы орта мектептің қасбетін күрделі жөндеу жұмысы облыстық білім басқармасының аудандық білім бөлімінің тапсырыс беруімен басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылы толығымен аяқталды. Құрылыс жұмыстарына бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 154 898,0 мың теңге.
Одан бөлек, Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Сондай-ақ, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 167 893,0 мың теңге қарастырылған.
Бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласында екі жобамен жұмыстар жүргізілуде.
Күреңбел ауылында бір ауысымда 25 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның ғимаратын салу жұмыстарының құрылысына жалпы сомасы 170 599,0 мың теңге бөлінген. Бәйтерек ауылында да бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын толыққанды атқару үшін ел қазынасынан барлығы 199 682,0 мың теңге қарастырылып отыр.
Дене шынықтыру, спорт саласын дамыту мақсатында 2020 жылы аталған бағдарламамен ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылынан спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Жобаның сметалық құны 355 255,0 мың теңгені құрайды. 2020 жылдың қыркүйек айында сараптама қорытындысы алынған құрылыс «Жамбыл облысы Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылына спорт сауықтыру кешені құрылысы нысаны» жобасы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылдың қазан айында басталған еді. Бас мердігер «Әділ-Құрылыс» ЖШС.
Құрылыс жұмыстарына жалпы сомасы 306 372,0 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2022 жылға жоспарланғанымен, биыл бұл бағытта мандырымды жұмыс атқарылған жоқ. Соған байланысты болу керек, спорт кешеніің құрылысында ілгерілеудің ешбір белгілері байқалып отырған жоқ. Белгісіз себептерге байланысты құрылыс жұмыстары 2023 жылға қалдырылған сыңайлы.
Көлбастау ауылында үш көше жөнделді. Бірақ…
«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен жоспарланған жұмыстарды Мыңбұлақ ауылдық округінен де көруге болады. Атап айтқанда, биыл ауылдық округтің орталығы Көлбастау ауылындағы үш көшенің жолы жөнделіп, бұл мәселе өз шешімін тапқан сыңайлы. Биыл ауылдағы Ә.Байтоқов және Ә.Рысбеков, Қ.Рысқұлбеков (төменгі бөлігі) көшелері жөнделіп, пайдалануға берілді.
Аталған көшелердің жолдары жақында салынып, оның игілігін ауыл тұрғындарымен қатар, жеке көлік иелері мен такси жүргізушілері көруде. Кеше көше жолдарының сапасына бақылау жасап, тұрғындардың өкілдерімен сөйлесуге барғанымызда, көше тұрғындары жолдардың жөнделуіне қатысты қуаныштарымен қатар, бізге шағымдарын да жеткізген еді.
Атап айтсақ, биыл Көлбастау ауылының ең шетінде орналасқан Социалистік Еңбек Ері Әбден Рысбековтың атындағы көшенің жолы жөнделген екен. Бірақ өзін аталған көшенің тұрғыны Жарқын Сәрсеқұловпын деп таныстырған жігіт ағасы көше жолының сапасына көңілі толмайтынын айтты.
-Бұл көшеде отбасыммен тұрып жатқаныма, көп жылдың жүзі болды. Бұрын бұл көшеде асфальт жабындысы болған емес. Біраз жылдан бері көшеге асфальт салу туралы өтінішімізді жергілікті атқарушы билікке жеткізіп, міне, биыл сол игілікке қол жеткіздік. Ең біріншіден аудан басшылығына алғысымызды білдіреміз. Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Жолға салынған асфальттың тиісті қоспалары аз мөлшерде болды ма, ол жағын анық білмеймін. Бірақ, салынғанына бір ай өтпей жатып, көше жолының әр жерінен жарықтар пайда болуда. Күн жылы кездің өзінде бұлай жарылып жатыр. Ал алдағы қыстағы аязға, қар мен жауынға бұл жол шыдас бере ме, жоқ па, ол жағы беймәлім. Жолға төсеген материалдың сапасыз екені бірден көзге көрініп тұр. Жолымызды салып берді. Оған рақмет. Бірақ, сол жұмыстың сапасына да көңіл бөлу керек емес пе?!,- дейді көше тұрғыны.
Біз әңгіме етіп отырған Ә.Рысбеков пен Ә.Байтоқов көшесінің аралығын үлкен сайдың бөліп жатқаны болмаса, екеуі қатар жатыр. Сайдың жағасында орналасқан Әбдірәсіл Байтоқов көшесіне де биыл орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жол көрер көзге сапалы сияқты. Көше тұрғындарымен тілдескіміз келген. Бірақ мұнда көшеге шығып тұрған ересек адамды кезіктіре алмадық.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен салынған көше жолының бірі – Көлбастау ауылының негізгі орталық көшесі – Қайрат Рысқұлбеков көшесі. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, аталған көшенің төменгі бөлігіне биыл орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көшені жөндеген мердігер мекеме өкілдерінің жұмысты тиянақты атқарғаны аңғарылады. Бірақ…
Көлбастау ауылы мен Б.Момышұлы ауылының арасын жалғап жатқан негізгі күретамыр көшенің жолы бұрылысқа 100 метрдей жақын қалғанда, кілт тоқтаған. Анығын айтқанда, мердігер мекеменің жөндеу жұмыстары Б.Момышұлы ауылының Тәуелсіздік көшесінен бері қарай басталып, жоғарғы бұрылысқа сәл ғана жетпей тоқтап қалған. Бұл түсініксіз әрекетке көше тұрғындарының атынан сөз сөйлеген Виктор Коломацкий және Марат Жұрқабаев сын пікірлерін білдірді.
-Көше жолының жөнделгені әлбетте бәрімізге жақсы. Бұл көшемен күнделікті жүріп-тұрамыз. Көлігімізбен және таксимен аудан орталығына ары-бері қатынаймыз. Көшеге жөндеу жүргізген мекемеге айтар ескертпеміз бар. Жолдың құрылысын бұрылысқа жеткізбей тастап кетті. Бұл туралы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде де мердігерлерге ескерткенбіз. Бірақ олар: «Жолдың бұл тұсы жүруге әбден жарамды. Біз белгіленген тиісті сметамен жұмыс жасадық»,- деген желеумен көше жолының 100 метрден астамының аралығын жөндемей қалдырып кетті. Олар бұл тұстағы жолдың жиектеріндегі шұңқырлдарды жамаумен ғана шектелді,- дейді көше тұрғындары.
Бәрін айт та, бірін айт. Ең бастысы, көп жылдан бері жөндеу көрмеген көшелерге асфальт жабындысы төселді. Оған тұрғындар қуанышты, әрине. Бірақ, жұмыстың атқарылу сапасы жайына келсек, бұл туралы көше тұрғындары жағымды пікір айтып жатқан жоқ. Демек, жұмыстың да сапасыз атқарылғанын осыдан-ақ байқауға болады.
«Іс бітті, қу кеттінің» керіндей болып, мердігер өз жұмысын асығыс аяқтады да кетіп қалды. Ендігі кезекте сапасыз жасалған жұмыстың жайын тұрғындар кімнен сұрамақ?!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close