Basty bet
Кеселмен күрес ұдайы жүргізіледі
Ауданның мемлекеттік архивінде «Кеселмен күрес – жауапты жұмыс» тақырыбында жиын өтті.
Жиынға аудан әкімдігінің аппарат басшысы Серік Қойбақов, аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері Жалғас Сыдықов және ауданның мемлекеттік архивінің қызметкерлері қатысты.
Жиынды аудан әкімдігінің аппарат басшысы Серік Қойбақов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөз кезегі аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері Жалғас Сыдықовқа берілді.
– Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, құжаттың мақсаты – қоғамды Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру нәтижелері туралы хабардар ету болып табылады. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелерінде халықаралық ынтымақтастық бойынша күш-жігері, елде және әлемде сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін тәуелсіз бағалау қорытындылары көрініс тауып отыр.
Адалдық, заңдылық пен прагматизм әркімнің ішкі құндылық нанымына айналуға тиіс. Қоғам сыбайлас жемқорлықты проблемаларды оңай шешудің кепілі ретінде қабылдамауға, достық қарым-қатынас пен протекционизмді жұмыспен ұштастырмауға тиіс, – деген Жалғас Сайынұлы сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі төрт міндетіне кеңінен тоқталып өтті.
Сонымен қатар жиын барысында аудан әкімдігінің аппарат басшысы Серік Қойбақов архив қызметкерлерінің қойған сұрақтарына кезең-кезеңімен жауап беріп, ұсыныс-тілектерін назарға алды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»