Basty bet
Теміржол-ел экономикасының күретамыры
бұл мақсатта биыл аудан орталығындағы «Боранды» теміржол стансасы қайта жаңғыртылады
Қасиетті Жуалы ауданының аумағын әйгілі «Түркісіб» теміржолы басып өтетіні белгілі. Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды Алаш ардақтыларының басшылығымен және жанкешті еңбегімен салынған шойын жолдың бойындағы қайнаған тіршілік көші бір ғасырдан бері бірде бір рет толастап көрген емес. Батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа қантамырдай таралып жатқан теміржолдағы қозғалыс бір сәт те саябырсымайды. Сәт сайын, сағат сайын гудок беріп арлы-берлі өтіп жатқан пойыздардың жаңғырығы – бұл ел экономикасының өркендеуіне қосылып жатқан сүбелі үлес екені дау тудырмаса керек.
Осыған сәйкес, жолаушыларға жаңа заманға сай қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Сәтін салса, биыл Жуалы ауданындағы «Боранды» теміржол стансасының вокзалы қайта жаңғыртудан өтеді деп жоспарланып отыр. Жоспарлы жұмыстардың барысын және вокзалдың жобасымен танысу мақсатында апта басында ауданға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы келіп, аудан басшылығымен және мердігерлермен кездесті. Қанатбек Қайшыбекұлына Б.Момышұлы ауылындағы қайта жаңғыртудан өтетін «Боранды» теміржол стансасы вокзалы ғимаратының жаңа жобасы таныстырылып, теміржолшылардың тарапынан құрылысқа қатысты бірқатар маңызды ұсыныс-пікірлер де ортаға салынды.
Жобаның таныстырылымына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының жауапты басшылары мен құрылысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдері де қатысты. Жауаптылардың сөзінен ұққанымыз, вокзалдың қазіргі ескі ғимараты (2013 жылы салынған) бұзылып, оның орнына заманауи үлгідегі вокзал ғимараты салынбақ. Ал оның жанындағы 100 жылға жуық уақыт бұрын салынған ескі ғимараттың қасбеттері жөнделіп, іші де біршама жөндеуден өтпек. Одан бөлек, теміржолдың үстіндегі жолаушыларға арналған аспалы көпір де қайта ретке келтіріледі. Сондай-ақ, жолаушылар пойызы тоқтайтын әрі жолаушылар пойызға мініп-түсуге арналған перрон да біршама кеңейтіліп, қайта жөндеумен қатар, вокзал маңында қайта қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Мұның барлығы сайып келгенде, тарихы терең «Боранды» теміржол вокзалы мен Батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген ауылдың ажары мен сәулеттік келбетін ашып қана қоймай, жолаушыларға да қолайлы әрі ыңғайлы жағдай жасайтыны анық.
– Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен биыл Жамбыл облысындағы бес бірдей теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда «Отар», «Шу», «Жамбыл», «Түркісіб» және Жуалы ауданындағы «Боранды» стансаларына жөндеу жұмыстарының жоба-жоспары құрылды. Жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып және стансалардың сыртқы бөліктері мен айналасын абаттандыруға қатысты жоспарлар жасалып, құрылысқа жауапты мердігер мекеме де анықталды. Бұл жұмыстарды қолға алудағы негізгі мақсат – теміржол вокзалдары арқылы қатынайтын жолаушылар мен өңір тұрғындарына, осында келетін шетелдік қонақтарға қолайлы жағдай жасап, сонымен бірге, өңір туризмінің дамуына қолдау көрсету,- деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Айта кету керек, «Боранды» теміржол стансасы вокзалының құрылыс жобасының бас мердігері – «Идель» ЖШС. Техникалық қадағалаушы «Воss Строй» ЖШС болса, авторлық қадағалаушы «Жансерик курылыс» ЖШС. Сәтін салса, алдағы күндері жоба толығымен бекітілгеннен кейін құрылыс жұмыстары да басталмақ…