Basty bet
Қылқалам ұшында – туған жер көрінісі
Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Қылқалам ұшында – туған жер» атты сурет салудан аудандық байқау өтті. Байқауға 10-15 жас аралығында 19 суретші қатысты. Байқаудың шартына сәйкес, үй тапсырмасында А-3 форматтағы қағазға бір сурет салып келу керек болатын. Байқау барысында суретшілерге «Қылқалам ұшында – туған жер» көрінісін салу үшін бір жарым сағат уақыт берілді. Байқауға қатысқан суретші балалардың өнерін «Аула клубының» суретшісі Мұзаффар Өтенов, №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің мұғалімі Ақмарал Оразалиева, №1 Балалар өнер мектебінен Нұржан Өміртай бағалап, әділ бағасын берді.
Сурет байқауының бас жүлдесін №23 Алатау орта мектебінен 9 сынып оқушысы Еркеназ Өсербай жеңіп алды. I орынның жүлдесі №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Аружан Мейіржанға берілсе, II орынның жүлделері №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Ханзада Сайдувалиева және №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Елнұр Қалданға берілді. III орынды №25 Ақтөбе тірек мектебінің 7 сынып оқушысы Аниса Сәрсенге, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Бекнұр Құдайбергенге және №30 Көктөбе орта мектебінен 8 сынып оқушысы Мадина Аманәліге берілді. Қатысқан басқа да үміткерлерге Алғысхаттар табыс етілді.
Гүлжан ДОСМҰРЗАЕВА,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі