Basty bet

Мәжіліс депутаты шаруалардың мұң-мұқтажын тыңдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек ауданда арнайы іссапармен болып, аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілерімен кездесу өткізді. Кездесуді аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы жүргізді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Жер аманаты” республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмабекұлы аталған комиссияның мақсаты, комиссияның жұмысшы тобы атқарып жатқан жұмыстары туралы айта келіп, көпшіліктің ұсыныс, пікірін тыңдады.
-Комиссияның мақсаты – Президент тапсырмасымен заңсыз берілген және игерілмей, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Әрине заңсыздықпен күресу оңай емес. Ешкім меншігіндегі жерін оңайлықпен бергісі келмейді. Алайда заңның аты – заң.
Заңның алдында бәріміз бірдейміз. Сондықтан заңсыздық орын алған жерде тиісті тексеріс жүргізіледі. Нәтижесінде кейбірі сот шешімімен, кейбірі сотсыз қайтарылуда. Комиссия жұмысының нәтижесінде екі жылдың ішінде 11 миллиондай жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мұндағы басты мақсат – ауыл тұрғындарын жайылым жермен қамтамасыз ету. Себебі, ауылды өркендету үшін, ауылдықтардың еңсесін көтеру үшін қарапайым халыққа жер керек. Жер – ауыл жұртының басты тірегі.
Өкінішке қарай, ауыл маңындағы жерлер жеке меншікке беріліп тасталған. Ауылдағы қарапайым шаруа азын-аулақ малын жаюға жер жоқ. Анау ана байдың, мынау мына кәсіпкердің жері дегендей. Салдарынан кейбір ауылдарда екі тараптың ортасында қақтығыстар пайда болуда, халық наразы болып, заң бұзылуда.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер конкурсқа шығарылмайды. Ол қоғамдық ортақ пайдалану құқығындағы жайылым болып есептеледі.
Жайылым жерлерді басқару жоспарын мәслихат депутаттары, ақсақалдар кеңесі, қауымдастық мүшелері болып бірлесіп, ақылдасып жасайды,- деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Жұмабекұлы.
Асхат Базарбайұлы өз кезегінде бұл бастама бойынша ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
-Өткен жылы ауданда 10 200 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Биылғы жылы 5 мың гектар жерді қайтару жоспарланса, бүгінде 2600 гектар жер қайтарылды. Сонымен бірге Мойынқұмдағы орман шаруашылығына қарасты Жуалы ауданының жерлеріне Билікөл ауылдық округіндегі қой шаруашылығымен айналысатын ірі шаруа қожалықтың малы көшірілді.
Елдімекендердің аумағында орналасқан орман шаруашылығының жерлері заң аясында келісімшарт арқылы рұқсат берілуде. Жалпы бұл бастама аясында жұмыс жалғасын табуда,- деді Асхат Базарбайұлы.
ҚР Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек комиссия жұмысының барысында кездескен түрлі мәселелер мен нәтижесінде заңға енгізілген өзгерістер, игі бастамалар туралы да түсіндіріп өтті.
Аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдувайтов конкурс мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
-Ауылда жер мәселесіне қатысты конкурсқа шағын және ірі шаруа қожалықтар қатысады. Ол жерде міндетті түрде ірі шаруа қожалық жеңімпаз болады. Себебі, оның мүмкіндіктері көп. Сондықтан конкурс қарапайым халық үшін, жергілікті тұрғындар үшін ішкі және жалпы дегендей жарияланса, Яғни, егер ішкі конкурсқа ешкім қатыспаса, онда жалпы конкурсқа барлығы қатыса беретіндей өзгерістер енгізілсе,- деді мәслихат депутаты.
Бақытжан Жұмабекұлы мәслихат депутатының ұсынысымен толық келісетінін жеткізді.
-Конкурсқа қойылған жерді бірінші кезекте жергілікті тұрғынның алғаны дұрыс. Екіншіден, көптеген алпауыт компаниялар қағаз жүзінде мынанша инвестиция салдым деп көрсеткенімен іс жүзінде салмаған, заң талаптарын орындамаған болып шығады. Сондықтан қазір мұның барлығы тексерілуде. Шынында жеке кәсіпкер мен жеке кәсіпкер, ЖШС мен ЖШС қатысуы қажет. Яғни, заңда да кем тұстар көп. Халықтан түскен арыз-шағымдар зерделене келіп, алдағы уақытта өзгерістер енгізіледі.
Жер мәселесінде ары таза, патриот азаматтар жұмыс істеуі керек.
Аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев шаруа қожалықтардың мұң-мұқтажын жеткізді.
-Қазір ауылда шаруа қожалықтардың жағдайы мәз емес. Өндірген өнімінің бағасы төмен, техниканың бөлшектері қымбат, тағысын тағы. Сондықтан шаруаларға сөзбен емес, іспен нақты қолдау керек,- деді А.Елекбаев.
Мәжіліс депутаты шын мәнінде ауыл шаруашылығы саласында субсидияны көбейту қажеттігін айта келіп, Мемлекет басшысының алдағы Жолдауынан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Сонымен бірге саладағы келеңсіздіктерге өкінішке қарай жемқорлық пен кейбір басшылардың халықтың мүддесінен өз басының мүдесін жоғары қоятыны себеп болып отырғанын айтты. Алайда Президентіміздің саясатымен жұмыс істей берсек, бірте-бірте мұндай келеңсіздіктерден арылатынымызға сенім білдірді.
Кездесу барысында басқа да сұрақтар қойылды. Мәжіліс депутаты барлық сұраққа жауап беріп, іссапары әрі қарай таулы аймақтарда жалғасты.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close