Basty bet
Қоғам дертіне айналған нашақорлық
Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүние жүзі ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуде. Осы орайда біз аудандық орталық аурухананың нарколог дәрігері Зоя Бердіхожаевамен әңгімелескен едік.
Білікті дәрігер Зоя Бердіхожаева 2002 жылдан бері ауруханада нарколог дәрігер болып жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда динамикалық есепте тұратын нашақорлар саны – 73 адам. Олар ай сайын емханаға келіп тексеруден өтіп тұрады. Егер сол тексерілген адам келген кезде есірткі қолданамын, соған тәуелдімін деп есептесе, одан тиісті анализдерді жүргізіп, облыстық психикалық денсаулық орталығына стационарлық ем қабылдауға жолданады. Әрине емделуші өзі таңдау жасағанда ғана жібере аламыз. Егер ол жаққа барып жатпаймын десе, біз науқасты ешқайда жібере алмаймыз.
Өздеріңіз білетіндей, бұл дерт жастардың болашағын жоқ ететін жаман ауру десем, артық айтпағаным болады. Бірақ әр адамның болашағы – өз қолында, ең бастысы, кез келген адам есірткіге жоламай, одан аулақ жүрсе екен деймін. Оның адам ағзасына кері әсер ететін ең маңыздысы есірткіге құмарлық, тәуелділік олардың болашағына, мансабына балта шабады, денсаулығына кері әсерін тиигізіп, сонымен қатар жүрек талмасына, жүрек қан жетіспеушілігіне әкеліп соғады. Одан бөлек, қан айналымының жедел қан жетіспеуіне, ми инфарктына және тағы да басқа ауруларға, әртүрлі жұқпалы ауруларға, иммунитет тапшылығына, әсіресе ВИЧ ауруына әкеп соқтырады. Осы жаман әдетке құмарланған адамның есте сақтау қабілеті де төмендейді,- дейді дәрігер Зоя Бердіхожаева.
Есірткі – адамның өміріне жақсылық әкелмейді. Әдетте адамдар алғашқыда есірткі қабылдауды қызығушылықпен бастайды. Кейіннен, оған тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалады. Ал, тәуелділіктің арты қайда апаратыны баршамызға мәлім.
-Қазіргі жастар, өздерін Қазақстанның болашағы екенін сезінулері керек. Сонда олар нашақорлыққа қарсы күресетін болады. Сонымен қатар зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты Қазақстанның өркендеуіне үлес қосады. Сол үшін қазіргі жастарды спортпен шұғылдануға шақыру керек.
Өйткені қазіргі жастардың көбісінің қолы бос. Олар ауыр жұмыс жасағылары келмейді. Әртүрлі құмар ойындар ойнағанды артық көреді. Құмар ойынның соңы осы дертке апарып соғады.
Сонымен бірге, баспасөз беттері және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа есірткінің зияны туралы кең көлемде ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту қажет,- дейді нарколог дәрігер.
Мамандар нашақорлық диагнозымен динамикалық бақылауда тұрған адамдардың саны жылдан жылға азайып келе жатқанын айтады. Бірақ, бұл – есепте тұрған азаматтардың «үлесі». Шын мәнінде, ата-аналар балаларын мемлекеттік емдеу орталықтарына апаруға құлықсыз көрінеді. Тіпті, баласының нашақор екенін мойындағысы да келмейтіндер бар. Есепке тұрса, екі қолға бір күрек таба алмай, қоғамнан шеттетіледі деп ойлайды. Сөйтіп, олар жеке емдеу орталықтарын жағалап жүреді екен.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»