Basty bet

Ырыс пен берекенің бастауы – ынтымақта!

«Бекжан» шаруа қожалығы жылқы мен ірі қара етінің өндірісін молайтуға күш салуда

Асыраушы саланы заман ағымына сай дамыту ісі қай кезеңде де аса маңызға ие екені белгілі. Бұл атакәсіпті дамытумен қатар, әсіресе қазір ел өңірлеріндегі шарықтаған азық-түліктің бағасына да тікелей байланысты мәселе. Оның ішінде, қысы алты айға созылатын Жуалы ауданында мал қыстату және мал төлдету науқаны аса маңызға ие шаруалардың бірі. Себебі, қытымыр қыстан төрт түлікті қысылдырмай алып шығу, қыста туған жас төлдерді шығынсыз бағып-қағу жұмыстары – шаруа мен малшы қауымы үшін ең қиын да жауапты кезең саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында асыраушы саланың әлеуетін арттыруға көбірек көңіл бөлінгені белгілі.
Аталған Жолдауда айтылған «Дамыған агроөнеркәсіп кешені» деп аталатын бесінші тапсырмасында Президент: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.
Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет.
Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек. Өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетінің 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемі 70 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту – маңызды міндет. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үкімет нақты нәтижеге қол жеткізуі керек»,- деп атап өтті.
Иә, аграрлық саланы дамыту ісі қай кезеңде де күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екені анық. Ал ауылда адал еңбек етіп, сол арқылы ең біріншіден отбасын асырап, қала берді, мемлекетке де пайдасын тигізіп жатқан шаруа азаматтар арамызда аз емес. Талаптанып, алға қарай дамуды көздеген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан бірқатар көмек-қолдаулар көрсетілу үстінде. Жаңа заманның ағымына ілесіп, шаруашылық ісін алға бастырған азаматтарды қоғамға үлгі етсе де, артық етпейді.
Адал еңбек арқылы алға басқан шаруашылықтар өңіріміздің күнгейінде орын тепкен Ақтөбе ауылдық округінде көптеп саналады. Солардың ішінде, округтегі маңдайалды шаруашылықтардың бірі – «Бекжан» шаруа қожалығы. Округке қарасты Жаңаталап ауылындағы шаруашылық 2010 жылы құрылған. Міне, осы жылдар аралығында жүйелі жұмыс істеудің арқасында шаруа қожалық аяғынан нық тұрды деп айтуға болады.
«Бекжан» шаруа қожалығын шаруаның көзін, істің ретін таба білетін іскер азамат Абсамат Асанов басқарып келеді. Бүгінде аталған шаруашылықта жылқы мен ірі қара және Шопан ата төлі бағылуда. Агроқұрылым негізінен ірі қара малын бордақылауға бейімделген. Жылына орта есеппен алғанда, шаруашылықта бірнеше жүздеген жылқы бордақыланып, етке өткізіледі. Одан бөлек, екі-үш жасар бұқашықтар және қойлар да семіртіліп сойылып, оның еті де тапсырыспен клиенттерге тұрақты жөнелтіледі.
Бізге аталған шаруашылықтың жұмысымен танысудың реті аптаның сәрсенбінің сәтті күнімен тұспа-тұс келді. Сол күні таңертеңгі қатты аяздың суығына қарамастан, жұмысқа келе салысымен қызметтік көлікке мініп, Жаңаталап ауылын бетке алып жүріп кеттік. Бұл уақыт шаруа қауымы үшін қауырт мезгіл саналады. Шамамен бір сағатқа жетер-жетпес уақытта аталған ауылдағы шаруа азамат Абсамат Асановтың үйін тауып алып, ішке кіріп, отағасын сұрағанымызда, ол кісінің ауыл сыртында (шамамен үш шақырым қашықтықта) орналасқан мал қыстауына таңертеңгі мал жайғауға кеткенінен хабардар болдық. Ал шаруа азаматтың ауылдағы үйінде де қызу тірлік жүріп жатыр. Шаруашылықтың жұмысына бас-көз болып, сонымен бірге, ет сату бизнесін бірге алып жүрген әулеттің үлкен ұлы Нұржан мал қораның алдында қасапшылармен бірге бұқа сойып жатыр екен. Одан кейін ірі қараның етін арнайы станокпен бөлшектеу жұмыстарына және етті клиенттерге жеткізу сияқты жұмыстардың барлығына іскер азамат Нұржанның өзі басшылық жасап жүр.
Құрылып, жұмыс істей бастағанына биыл 13 жыл толып отырған «Бекжан» шаруа қожалығы негізінен ет бағытында өнімді жұмыс жасауда. Орта есеппен алғанда, шаруашылықта жыл он екі ай бойы 400 басқа жуық жылқы бордақыға байланады. Одан бөлек, 100 шақты бұқа мен бірнеше бас қой семіртіледі. Мұның барлығы әрине, алдын ала тапсырыстар арқылы клиенттерге қолжетімді бағада әрі балғын күйінде жеткізіледі. Шаруашылықта таза жемшөппен семіртілген малдан алынған экологиялық таза етті негізінен өз ауданымыздың тұрғындарымен қатар, облыстың орталығы Тараз қаласының және Алматы, Астана қалалары, сонымен қатар, елдің батыс өңірлерінің тұрғындары да тұтынып отыр. Бүгінде шаруашылықтың үйдегі қорасында 15 бас екі жасар байталдар сойылуға дайын тұр. Одан бөлек, мал қыстауында да 100-ге жуық жылқы бордақылану үстінде. Айта кету керек, шаруашылықта өндірілген ет өнімдері «Жуалы ет» белгісімен саудалануда.
Бордақы малға берілетін жемшөптің негізгі қоры шаруашылықтың өз жерінде егіліп, дайындалады. Ол үшін шаруа қожалық мүшелері 160 гектар егістік жерді тиімді пайдаланып, кәдеге асырып отыр. Таратып айтар болсақ, шаруашылықтың иелігіндегі егістік жерлерге мал азығына 30 гектар жаздық арпа, 20 гектар күздік бидай, 10 гектардай сүрлемдік жүгері және 50 гектардан астам алқапқа жоңышқа және эспарцет егіледі. Былтыр «Бекжандықтар» жаздық арпа және бидай алқабының әр гектарынан орта есеппен 20 центнерден өнім жинап алды. Шаруашылықта мал азығына жыл сайын шамамен 10 мың дана тайланған жоңышқа және эспарцет және майдаланған шөп, сонымен бірге, жүздеген тонна тартылған (майдаланған) құнарлы жемнің мол қоры дайындалады. Одан бөлек, шаруашылық өкілдері Қарағанды облысынан екінші сұрыпты ұнның бірнеше тоннасын арнайы тапсырыспен алдыратындарын айтады. Екінші сұрыпты ұн қай малдың да жақсы семіріп, қоң жинауына таптырмайтын өте құнарлы азық саналады.
Бір қызығы, шаруашылықта бордақы малдарға жемшөп белгілі бір рационмен емес, астауларына молынан салынады екен. Бұл – бордақы малдың тез семіруінің алғышарты. Бордақыға алғаш қойылған малдар шамамен 20 күннен кейін белгілі бір жүйеге түсіп, жемді өз керегінше жейді. Өйткені, жемшөп бордақы малдың алдында молынан салынған. Одан бөлек, соғым жылқысына берілетін күнделікті жемшөп рационынан су мен тұзды көруге болады. Бордақы малдары 120 күнге дейін (төрт ай) бір орында байланып, семіртілгеннен кейін ғана соғымға сойылады. «Жылқыдан асқан мал бар ма, қымыздан асқан дәм бар ма?» демекші, өңірде жылқының еті мен сүтіне сұраныс мол. Шаруашылықта өндірілген жылқы етінің әр келісі – 2 400 теңгеден сатылса, ірі қара мен қойдың еті тиісінше, тұтынушыларға 2 200 теңгеден саудалануда.
Шаруашылықта мал басының жыл санап артып келе жатқанына байланысты «Бекжан» шаруа қожалығы осыдан үш-төрт жыл бұрын ауыл сыртынан жер телімін алып, оған үлкен мал қыстауының құрылысын жүргізді. Мұнда ұзындығы 36, ені 18 метрге жуық үлкен мал сарайы бастырмасымен бірге салынған. Оған 200 басқа жуық ірі қара және 800 бас ұсақ мал ұстауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда онда бордақы жылқылармен бірге, ірі қара және 100 басқа жуық қой бағылуда. Мал қыстауының басына жемшөптің мол қоры жеткізілген. Мұнда кейінгі кездері жұмысшы күшінің тұрақтамауына байланысты, қазіргі таңда қыстаудағы малды шаруашылықтың басшысы Абсамат ағаның өзі келіп, қарайды. Ол күн сайын таңертеңгі сағат жетілерде осында келіп, қыстаудағы малдың аман-есендігімен мұқият танысып шыққан соң жемшөбін салып, суын береді. Күн сайын таңертең және кешке екі мезгіл осында болып, малға бас-көз болып жүрген де шаруашылық басшысының өзі. Бүгінде алпыс жастан асқан шаруа азамат бұл жұмыс бір жағынан өзіне ермек болса, екінші жағынан жұмыс істеу арқылы дене қимылдарын жасау адамға екі есе пайдалы екенін жақсы біледі.
Қазіргі таңда «Бекжан» шаруа қожалығында жауапты кезең саналатын мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда өтуде. Шаруаның мал қыстауында жемшөптің мол қоры алдын ала жеткілікті деңгейде дайындалған. Мұнда жұмысшыларға да арнап, шағын үй салынып, күннен қуат алатын панельдер орнатылыпты. Үйдің іші жылы. Тамақ дайындап, үйдің ішін жылыту үшін үш құдықтан тұратын қазақы пеш күнделікті қажеттілікке жарап тұр. Жұмысшыларға осында қысы-жазы тұрып, малға қарап, отбасын асырап, табыс табуға мол мүмкіндік жасалған деуге болады. Айта кету керек, «Бекжан» шаруа қожалығында бес жұмысшы тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың алдыңғыларына 180 мың теңгеден айлық жалақы төленсе, қалғандары әр ай сайын 140 мың теңгеден табыс табады. Одан бөлек, шаруашылық басшылары малшыларға отын-суынан және сойыс малымен де көмек-қолдау көрсететіндерін айтады. Жұмысшылардың әлеуметтік аударымдары және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналары ай сайын тұрақты аударылып отырады. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы қай тірлік болсын, барлығы заңдылықтардың негізінде жүзеге асырылады.
Мал қыстауының маңындағы екі гектар аумаққа алма бауы және жас теректер егілген. Сәтін салса, Меркі ауданындағы тәлімбақтардан осында әкеліп егілген алма ағаштары биыл алғашқы жемісін бермекші. Одан бөлек, қыстау жанынан жалпы аумағы 50х15 метр болатын шағын су тоғаны (жасанды көлшік) қазылу үстінде. Шаруашылық мүшелері мұнда балық шабақтарының бірнеше түрін жерсіндіріп, осында мал шаруашылығымен қатар, балық шаруашылығын да қоса дамытуды жоспарлап отыр.
Ақтөбе ауылдық округінде құрылған «Бекжан» шаруа қожалығы тиісінше, мемлекеттік қолдауларды да анық сезініп отыр. Олай дейтініміз, шаруашылықтың жұмысын жүргізуге ең қажетті саналатын үш бірдей «МТЗ-82» маркалы тракторды да олар «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан лизинг жүйесімен алып отыр. Доңғалақты тракторлардың алғашқы бағасының құны 3,5 миллион теңге болса, ал кейінгілерінің бағасы шаруаға 8 миллион теңгеден айналды. Жүйелі жұмыс жасаудың нәтижесінде, аталған шаруашылық қазіргі таңда «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның алдындағы несие берешегінен толықтай құтылып үлгерді. Шарушылықта одан бөлек, бір дана астық жинайтын «Нива» маркалы комбайн, шөптайлағыштар мен шөпмайдалайтын арнайы агрегаттармен қатар, ауыл шаруашылығы тіркемелері және соқалары бар. Бұл техникалар өз кезегінде шаруашылық жұмысын ілгерілетуге үлкен септігін тигізуде. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде берілетін арзандатылған жанар-жағармай да тірлікті ілгерілетуге әжептеуір көмек.
-Шаруашылықтың жұмысы жаман емес. Құрылғалы бергі 13 жылдың ішінде еңсемізді тіктеп, алға қадам басып келеміз. Мұның бәрі ең бірінші кезекте жүйелі жоспар құрып, ерінбей, ұжымдасып еңбек етудің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Шаруашылық жұмысын үлкен ұлым Нұржан мен қолымдағы кенже ұлым Бекжанмен бірлесіп атқарудамыз. Үлкенім негізінен ет алатын клиенттермен байланыс орнатып, оны өткерумен және жеткізумен айналысады. Ендігі кезекте шаруашылық жұмысын жүргізуге сәл де болса, кедергісін келтіріп отырған бірді-екілі түйінді мәселені жергілікті атқарушы биліктің назарына салғым келіп отыр.
Оның біріншісі – малшы, дәлірек айтқанда, мал бағатын жұмысшы күшінің жеткіліксіздігі. Біз қанша жерден жағдайын жасағанымызбен, соңғы бір-екі жылда малшы тұрақтамауда. Ауыл тұрғындарынан ешкім мал баққысы келмейді. Ал сырттан жалдап әкелген малшылар көбінесе мұнда тұрақты тұрмайды. Басты мәселе – осы. Екінші мәселе ретінде мал қыстауында электр энергиясының жоқтығын айтар едім. Мал қыстауы ауылдан онша қашықта емес. Электр желісі тартылса, шаруашылық жұмысы анағұрлым жандана түсер еді. Ал үшінші мәселе – мал жайылымының тарлығы. Қазір бұл проблема барлық өңірлерге тән мәселеге айналды. Малдың өз аяғымен жайылатын кезінде оларға жайылым таппай қиналамыз. Осыдан біраз жыл бұрын алыстағы Тобышақты жайлауында ірі қара малмен отырдым. Ол жақтағы жайылым бізге алыс. Малды алыс жайлауға апарып, ауылға алып келудің өзі қиындап барады. Ауданның жергілікті атқарушы билік өкілдері ауыл шаруашылығы саласындағы осындай бірқатар мәселелердің түйінін тарқатуға қол ұшын созып, көмек көрсетсе деген тілегім бар,- дейді «Бекжан» ШҚ басшысы Абсамат Асанов.
Еңбек майданында шыңдалған шаруа азамат Абсамат Асанов отбасында қамқор әке, немерелерінің асқар таудай сүйікті атасы. Жұбайы Гүлшат Асанова екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, қазір олардан он шақты немере сүйіп отыр. Еңбек ету арқылы есейіп, еңсе тіктеп, мемлекетке пайдасын тигізген шаруашылықта біз байқаған жаңашылдықтардың бір парасы осы ғана… Ырыс пен құт-берекенің бастауы – ынтымақта екені анық!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close