Basty bet

Халық қалаулысының ауданға жұмыс сапары

Апта басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, елдің тыныс-тіршілігін бағамдады.

Алдымен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен жеке қабылдау өткізілді. Қоғамдық қабылдаудың мақсаты – өзекті мәселелерді жедел шешуге жәрдемдесумен қатар, билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайту.
Қоғамдық қабылдауға жазылған бірқатар ауыл тұрғыны өзекті мәселелерді ортаға салып, оның ішінде тұрғын үй кезегі, баспана мәселесі, жұмыспен қамту, жер және әлеуметтік көмек секілді мәселе көтерілді. Өтінішердің басым бөлігі жедел шешілсе, бірнешеуі депуттатық сұраныс арқылы шешімін таппақ. Қалған сұрақтар жергілікті атқарушы биліктің өкілдеріне нақты тапсырылып, оң шешімін табуына атсалысуы жүктелді.
Мұнан соң аудандық ардагерлер үйінде ауылдық округтің әкімдері және зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдени құндылықтарды сақтау және өзекті мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасылды. Жиынға қатысушылар көкейде жүрген мәселелерге қатысты ұсыныстарын да ортаға салды.
Содан соң депутат Мұқаш Ескендіров аудандық орталық аурухананың ұжымымен кездесті. Кездесу барысында аурухана ұжымы толғандырған мәселелерді ашып айтты. Оның ішінде басты назар аударатын жайт, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі және кадр тапшылығы мәселесі бар. Мәжіліс депутаты бұл сұрақтың елімізде әл күнге дейін өзекті екенін жеткізіп, тиісті мүмкіндіктерді қарастыратынын жеткізді.
Халық қалаулысы келесі кезекте Ақсай ауылдық округіндегі жаңа өндіріс ошағымен танысты. «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында «Ақсай-Жуалы» ЖШС минералды су өндіретін зауыт іске қосылған. Жобаның жалпы құны – 150 млн теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы – 100 тонна минералды су. Қазіргі таңда зауыт толықтай инфрақұрылыммен қамтылып, жабдықтар орнатылу үстінде. Сонымен қоса, бес азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпорын өңірдің экономикалық дамуымен қатар, сапалы отандық өнім өндіруге нақты үлес қосып отыр.
Жұмыс сапары әрмен қарай Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Злиха» шаруа қожалығының жұмысымен танысумен жалғасын тапты. Ондағы басты мақсат – заманауи суғару технологиясының жұмысымен танысу.
Қожалықтың жер көлемі – 317 гектарды алып жатыр. Екі көкөніс сақтайтын қоймасы бар. Алдыңғы жылғы жалпы өнім – 2 568 тоннаны құраса, оның ішінде картоп – 2 010 тонна, арпа – 243 және шөп – 315 тонна. Қазіргі таңда егістік алқабы жаңбырлатып суғару құрылғысымен және «Grimme» техникасымен суғарылуда.
Одан кейін М.Ескендіров «Ақсу-Жабағылы» қорығында орналасқан “Көксай” туристік кешеніне баратын автожолдың орта жөндеу жұмыстарымен танысты. Жобаның жалпы құны – 655 млн теңге. Мердігері «Шалхар Бастау» ЖШС. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында аяқталуы қажет. Барлығы 19,083 шақырым жол, негізгі қамтылған бағыттар: Алатау-Застава – 1,7 км, “Көксай” туристік кешеніне кіреберіс – 15 км және тағы бір кіреберіс жол – 2, 383 км жолға асфальт жамылғысы төселуі керек.
Халық қалаулысының ауданға жұмыс сапары Күреңбел ауылдық округіндегі ауызсу жүйесінің құрылысымен танысумен аяқталды. Бүгінде Күреңбел ауылындағы ауызсу жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, құрылыс 80 пайызға орындалған. Аталған жобаның тапсырыс берушісі – аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі. Жоба құны – 916 657 893 млн теңгені құрайды. Ал құрылыс жұмыстарын «ТаразСтрой-2004» ЖШС атқаруда. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2025-2026 жылдарының аралығы.

Таңдаулы материалдар

Close