Basty bet

Өңір тарихына және ұлт руханиятына қосылған тың арна

Музей күніне орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде мерекелік іс-шара өтті

«Ақиқатты – көкте Құдай, жерде архив қана айғақтайды».

Бауыржан Момышұлы.

Жалпы музей мәдениеті – мемлекеттің іргетасын бекітіп, оның тарихи тереңдігін танытатын маңызды саланың бірі. Тұлғаның бойында музей мәдениетін қалыптастыру негізінен мектеп қабырғасынан басталады. Алғашында мектепте ашылып, кейін өз алдына үлкен мұражайға айналып кеткен мысалдар да жетерлік.
Міне, бүгінде ел тарихының қазынасына және болашақтың айшықты бағдарына айналып отырған аудандағы іргелі мекеменің бірі – Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің де тарихы осындай оқиғалармен орайлас. Қасиетті Жуалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, дәлірек айтсақ, 2018 жылдың 29 қыркүйегінде өңірдің руханиятына қазына боп жол ашқан мәдени мекеменің іргесін қалап, осында музей жәдігерлерін жанкештілікпен жинастырған ел тарихына, жас ұрпаққа және ұлт болашағына жанашыр жанның бірі – Дәулетжан Байдалиев.
Бұл тұста айта кететін шындықтың бірі – тарихи-өлкетану музейінің тарихы да өңірге белгілі осынау азаматтың есімімен тығыз байланысты. Ауданда ұстаздықпен қатар өлкетану, өңір тарихын тану ісін күні бұрын бастаған Дәулетжан Жамалбекұлы орталықтағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүрген тұста алғашқыда көне жәдігерлерді осында жинай бастағанын айтады. Уақыт өте келе жиналған жәдігерлерді мектепте сақтауға және келушілерге көрсетуге мүмкіндік болмағасын, оны біраз жыл өз үйінде сақтауға тура келген.
Тарихтың жанашыры, көзі ашық азамат Дәулетжан Байдалиев та қолдағы бар құнды жәдігерлерді рухани қазынаның бірі ретінде жұртшылықтың кәдесіне жаратуды о бастан ойлап жүрген. Иә, кейіннен Дәкеңнің бұл жанкешті жұмысы ауданнан тарихи-өлкетану музейінің ашылуына да түрткі болып, үйде, әркімнің сарайының әр бұрышында шаң басып жатқан асыл дүниелерді бір орталыққа жинақтап, оны жұртшылыққа ұсынуға да жол ашылды. Бір сөзбен айтқанда, аудандық тарихи-өлкетану музейі қасиетті Жуалы өңірінің тарихына және ұлт руханиятына тың арна болып қосылған мекеменің бірі. «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін және «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген Дәулетжан Байдалиев мекеме ашылған алғашқы күннен бері осында ғылыми қызметкер міндетін жемісті атқарып келеді.
Аптаның басында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орайластырылып аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты мерекелік әрі танымдық кеш өтті. Мерекелік шараға ауданның аға буын өкілдері мен қариялары және орталықтағы бірқатар мектептің оқушылары және жетекшілері шақырылды.
Шараның ашылуында алғаш болып сөз алған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерғали Тілеубеков музей күні мерекесінің тарихына тоқталып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
-Құрметті қонақтар және қадірлі әріптестер! Баршаңызды Халықаралық музейлер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл аталмыш мереке Халықаралық мұражай кеңесінің шешімімен 1977 жылдан бері жыл сайын 160-тан астам мемлекетте аталып келеді.
Біз ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой дәуірінде өмір сүрудеміз. Музей – елдің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын тәрбиелік орын. Мәдениет, ең алдымен, жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Кез келген мәдениеттің, өркениет пен дүниетанымның өмір сүруге және өзіне қастерлі көзқарас болуына деген заңды құқығы бар.
«Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» дегендей, өткен тарихты ақтара қарап, бүгінгі күннің маңызды сауалдарына жауап іздеп, қоғамның бұдан былайғы заңдылықтарын түсіну үшін музейлерге деген сұраныс артып келеді. Жаңа құндылықтар жастардың жүрегіне тезірек жол табады. Музей арқылы қоғам тарихи-мәдени мұраға назар аударатыны белгілі. Мұнда бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естеліктері мен жәдігерлерінде жатыр.
Сол себепті бүгінгі іс-шараның тақырыбына «Өткеннің қазынасы – болашаққа» деген сөзді алып отырмыз. Себебі, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін жинап, сақтаудың ғылыми-ағартушылық және білім-тәрбие беру саласында маңызы зор. Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, оны қайта қалпына келтірілген мәдениет ошақтарды жандандыру және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр.
Музей қызметкерлері ұлт тарихына қатысты мәдени құндылықтарды іздестіру, зерделеумен және ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында түрлі экспедицияларға шығып, өзге өңірлердің музейлерімен нәтижелі ынтымақтастық орнатып, табысты еңбектенуде. Мереке құтты болсын,- деді музей басшысы.
Өткенсіз – болашақ жоқ. Музей қызметкерлері бір жағынан жас ұрпақтың өткен тарихқа деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға да септігін тигізіп жатқаны анық.
Музей жұмысына аз-кем тоқталатын болсақ, бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылған жалпы жәдігерлердің саны – 3 520-ны құрайды. Қасиетті Әулиеата топырағы, оның ішінде, Жуалы ауданы тарихының тереңде жатқанын ескерсек, музей қоры әлі де құнды жәдігерлермен толыға түсетініне күмән жоқ.
Мерекелік шара барысында музей қызметкерлерін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев кәсіби мерекемен құттықтап, музей қызметкерлерінің бірқатарын кәсіподақ қозғалысына және музей жұмысына қосқан үлестері үшін Алғысхаттармен марапаттады.
Сондай-ақ, сала қызметкерлерін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, Жетітөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарханбек Қожаназаров құттықтап, өңір тарихына қатысты мәліметтерді жеткізумен қатар, жиналған жұртшылыққа ізгі тілектерін жеткізді.
Халықаралық музейлер күніне арналып ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары патриоттық әндерді орындады. Тағы бір айта кетерлігі, аталған мерекелік шараға қатысқан оқушылар да өңірдің ежелгі тарихына қатысты маңызды ақпараттарға кеңінен қаныққаны анық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close