Basty bet
Сарып туралы не білу керек?
Сарып (бруцеллез) – brucella бактериясымен қоздырылатын жедел және созылмалы түрлерінде өтетін, жануарлар мен адамдардың зоонозды инфекциялық ауруы. Бұл ауру адамға ауылшаруашылық малдарынан жұғады. Инфекция көзі бруцеллезбен ауыратын жануарлар қой, ешкі, ірі мүйізді мал және шошқа болып табылады. Адамдар үшін ең қауіптісі – қой-ешкі малы.
Адамдар ауру жануарларды бағып-күтуде жеке бастың алдын алу шараларын сақтамағанда, олардан алынатын шикізаттарды өңдеуде және тамаққа шикі сүтті және одан дайындалған өнімдерді, жеткіліксіз қайнаған етті пайдаланғанда жұқтырады.
Сарып ауруының қоздырғыштары ағзаға өткеннен кейін адам бірден бруцеллезбен ауырмайды. Жасырын кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Ауру әдетте біртіндеп басталады. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауруы, қалтырау, әлсіздік секілді белгілер байқалады. Содан кейін буындарда ауырсыну мен ісіну, жүрек-қан тамырлары, жүйке, урогенитальды жүйелердің зақымдануы пайда болады. Бұл құбылыстар кейде жоқ болып кетіп, кейін қайта өршіп, ұзақ уақыт бойы жалғасып, мүгедектік пен жұмысқа жарамсыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін.
2023 жылы өңірдің 57 тұрғыны сарып дертін жұқтырған. Олардың үшеуі –жасөспірімдер.
Жыл сайын және осы жылдың мал төлдету науқаны алдында індеттің алдын алу мақсатында ветеринарлық және денсаулық сақтау мекемелерімен біріккен 3 айлық жарияланып, індеттің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Сарыпты жұқтыруды болдырмау үшін, әрбір адам келесі ережелерді қатаң сақтауы қажет:
– жыл сайын малдарды бруцеллезге тексеруден өткізу;
– балаларды бруцеллезге тексерілмеген малдарға күтім жасауына, олардың төлдерімен ойнауына жол бермеу;
– мал күтіміне кіріспес бұрын, арнайы киім кию;
– бұл киімдермен тұрғын үйге кірмеу;
– жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
– ауру мал тұрған қораларда тамақ ішпеу, темекі шекпеу;
– малдәрігерінің алдын-ала қарауынсыз малды союға жол бермеу;
– малды союды аулада емес, мал сою пункттерінде жүргізу;
– жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;
– ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері).
Сарып – емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуін ескертеді. Адам тез жазылып, асқынуларды болдырмау үшін емді алғашқы ауырғаннан күннен бастап алу қажет. Әдетте, дер кезінде емін алып, дәрігер тағайындаған емдеу курсынан толық өткен науқастар тез жазылып кетеді.
Жоғарыда көрсетілген шараларды сақтау Сізді сарып ауруын жұқтырудан сенімді қорғайтынын әрқашан есте ұстаңыз!
Е.Әмірова,
аудандық орталық аурухананың госпитальды эпидемиолог дәрігері