Basty bet
Биыл өңірде 30 шақырымға жуық жол жөнделеді
Ауылдың дамуы мен тұрғындардың өмір сүруіне жасалатын қолайлы жағдайлардың барлығы ең біріншіден мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына келіп тірелетіні белгілі. Бұл ретте тұрғындардың сапалы өміріне және таза ауызсу, сапалы жол, одан кейін әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету деген сияқты игіліктерді ауылға жеткізуде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының маңызы зор.
Қолымызда нақты цифрлар жоқ. Бірақ бағдарлама қолға алынғалы бергі уақыт аралығында аталған бағдарламаның аясында қасиетті Жуалы ауданында бірқатар жұмыстардың атқарылғаны анық.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жалпы Қазақстанда 6,5 мыңға жуық ауыл бар. Онда 7,7 миллионнан астам адам тұрады (еліміздегі халықтың 42 пайызы). Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының өркениет игіліктері мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттерді шешу жоспарланған.
Біздің ауданда биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында жалпы құны – 714 729,0 мың теңге қаржыға 27,7 шақырым автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, Қарасаз ауылындағы Жамбыл көшесін қиылыстарымен орта жөндеу, Бірлік көшесінің 1-ші, 3-ші қиылыстарын, Ы.Алтынсарин, Бірлік және Абай көшелерін орта жөндеу жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты бірнеше ауылда көше жолдары, Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы көшелерді және сыртқы жарықтандыру және орта жөндеу, Ақсай ауылдық округінде барлығы төрт көше, Бауыржан Момышұлы ауылына қарасты бірнеше көше орта жөндеуден өткізіледі.
Жұмыстардың атқарылуына келетін болсақ, қазіргі таңда жобағы енген ауылдық округтерден Ақтөбе, Жетітөбе, Б.Момышұлы ауылдарында көшелерді жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Ал Ақсай ауылдық округіндегі көшелерді жөндеу жұмыстары мамыр айының басында басталып, айдың соңында жұмыстар толығымен аяқталды. Атап айтқанда, ауылдық округте Қайрат ауылына қарасты О.Тәукебай, Ә.Молдағұлова, Абай көшесінің бұрылысы және Диқан ауылындағы Ы.Байділда көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын мердігер «Bera» ЖШС жүргізген.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында жоспарлы жұмыстар білім, спорт және мәдениет салаларында да жүргізілуде. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылындағы №1 мектеп-гимназиясына шеберхана мен акт залының жапсарлас құрылысын салу жұмыстарымен қатар спорт саласында Кәріқорған ауылындағы спорт мектебін қайта жаңарту, жаңғырту жұмыстарына қазынадан қыруар қаражат қарастырылып отыр.
Мәдениет саласына келсек, Көлбастау ауылында 149 орындық мәдениет үйін салу жұмыстарына, Б.Момышұлы ауылындағы мәдениет үйіне жапсарлас құрылыс салуға, 2022 жылдан биылға өтпелі жоба ретінде Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы 149 орындық мәдениет үйін салу жұмыстарына да қаражат бөлінген. Жұмыстар рет-ретімен атқарылу үстінде.
Бағдарлама аясында аудан орталығында бірнеше көше жолының орта жөндеуден өтетінін жоғарыда айттық. Соның ең негізгісі – Бауыржан Момышұлы ауылына қарасты Төле би және Парасат көшелерін орта жөндеу және абаттандыру жұмыстары болып отыр. Олай болатыны, бұл екі жол теміржолдың екі шетінде жатыр. Онымен ауылдың төменгі бөлігінен шыққан көліктер және адамдар аудандық орталық ауруханаға барып келе алады. Бұл ауылдың екі шетін және ауданға қарасты басқа да ауылдық округтерді орталықпен байланыстырып тұрған маңызды жол десек те болады.
Көшелерді тегістеу жұмыстары әлдеқашан басталғанымен, бірақ жолдардың беті құмшағалмен тегістелгенімен, оған асфальт жабынын төсеу жұмыстары белгілі себептермен кешеуілдеп жатыр. Теміржол өткелінен бастап асфальт жабыны төселе бастағанымен жөндеу жұмыстары уақытша шегерілуде. Қазір мұнда жолға асфальт төсейтін арнайы техника жолдың шетінде қаңтарулы тұр. Аяқталмаған жолдан аспанға шаң көтеріліп, бұл жағдай тұрғындарға және ары-бері қатынаған жеке автокөлік иелеріне де қолайсыздық тудырып отыр.
Мәселенің мәнісін білмекке, Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратына хабарласқанбыз. Олар көше жолдарын жөндеуді ұтып алған мердігер мекеменің өкілдерінің жеке байланыс нөмірлерін берді.
Б.Момышұлы ауылындағы барлығы 18 көшенің жолын жөндеуді ұтып алған мердігер мекеме «Қазына Құрылыс» ЖШС-ның басшысы Сағи Абдуалиевтың айтуынша, көшелерді жөндеу жұмыстары маусым айының басында басталған. Алдын ала мерзім бекітілгендей, жұмыстардың барлығы шілде айының аяғында толықтай аяқталуы тиіс.
-Аудан орталығынан барлығы 18 көшенің жолы жөндеу жұмыстарын ұтып алғанбыз. Қазіргі таңда ауылдағы ең басты деген Парасат (теміржол өткелінің төменгі бөлігі), Төле би көшесі (аудандық орталық ауруханаға апаратын көше жолы), Т.Тастандиев және Ақментей көшелерінің ескі асфальты сүріліп, тегістеліп, оған асфальт салу үшін негіздеме жасалған. Жұмыстар рет-ретімен жүріп жатыр. Дегенмен, асфальтты облыс орталығынан осында тасымалдап әкелуде бірқатар проблемалар туындап жатыр. Үлкен жолдың бойында транспорттық тексерулер көбейіп кетті. Проблема осыған байланысты туындауда. Мәселе бар екен деп қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Оны шешудің жолдарын қарастырып, жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруға күш салудамыз,- дейді мердігер мекеменің басшысы Сағи Абдуалиев.
Мердігердің жұмысшы күшіне келсек, қазір жол салу жұмысымен 10-нан астам жұмысшы айналысып жатыр. Олардың дені кәсіби мамандар. Жергілікті жерден де екі-үш жұмысшы алынған. Техникалары да сақадай сай. Асфальт салуға арналған бір арнайы техникамен қатар, бес және 10 тонналық екі бірдей таптағыш каток, 16 тонналық грунттық каток, автогрейдер және автогудронатор, су таситын, тағы басқа құрылысқа қажетті жүк көліктерінің және техникалардың барлығы бар.
-Біздің мекеменің жол салуда біраз жыл тәжірибесі бар деп айтуға болады. Сондықтан жұмыста айтарлықтай кемшілік жібермей, жол салуды сапалы атқаратын боламыз. Жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген талаптарға сәйкес жүргізілуде. Мысалы айтатын болсам, Парасат көшесін тегістеп, асфальттау жұмыстарына кірістік. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аталған көшенің жолы бұрынғыдан әлдеқайда кеңейетін болады. Ал асфальт жабынының талапқа сай төселуіне де баса мән береміз,- дейді мердігер.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»