Basty bet

Заңбұзушылыққа жол берілмеуі керек!

Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында сайлау учаскелерінің төрағаларымен және мүшелерімен жиын өтті. Жиын жұмысына аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жуалы аудандық бөлімінің бастығы Қайрат Баялиев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Түменбаев қатысты.

Жиынды аудан әкімінің аппарат басшысы Рәтбек Көсембаев ашып, алғашқы сөзді аудан прокуроры Ильяс Тойшыбековке берді.
-Еліміздегі аудан әкімдерінің қанатқақты сайлауы тағайындалған күннен бастап біз прокуратура органдарының алдына заңнамамен қойылған міндеттерді орындауға кіріскен болатынбыз. Олардың ішіндегі ең бастысы – сайлау науқанының барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды қамтамасыз ету. Бас прокуратурада және облыс прокуратурасында жедел штабтар құрылды.
Қазіргі таңда ең белсенді кезең – сайлау алдындағы үгіт жүргізілуде. Оны өткізу тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен егжей-тегжейлі реттелген. Белгіленген нормаларды сақтамау жауаптылыққа әкеп соқтырады. Сайлау алдындағы үгіттің жүргізу тәртібі мен шарттарын бұзған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте тоғыз бап көзделген.
Алдағы өтетін қанатқақты жоба, яғни аудан әкімдері сайлауының қоғамға және бүкіл ел үшін ерекше маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, оны өткізу барысында барлық сайлау науқанына қатысушылар заңдарда белгіленген талаптарды мүлтіксіз сақтауы тиіс,- деді аудан прокуроры.
Одан кейін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева аудан әкімін сайлауды әзірлеу мен өткізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Баяндамашы аудандағы сайлау жүйесі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы, 13 аудандық бірмандаттық аумақтық сайлау округтік комиссиялары және 39 учаскелік сайлау комиссиясынан құралғанын атап өтті. Барлық комиссия мүшелерінің саны – 306 адамды құрайды. Оның ішінде жетеуі аудандық комиссияда, 70-і округтік комиссияларда, 229-ы учаскелік комиссияларда. Қазіргі сайлау науқанында тек аудандық аумақтық комиссиясы мен 39 учаскелік комиссия жұмыс атқаруда. Аудан әкімінің сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген.
Баяндамашы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, сайлауды заң талаптарына сәйкес өткізу үшін нақты жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссиялары 2023 жылдың 16 қазанынан бастап, өз жұмыстарын бастап кеткен. Қазіргі таңда сайлаушылар тізімдерін нақтылау жұмыстары жүргізіліп, сайлаушыларға шақыру билеттері таратылуда. 28 157 шақыру билеттері 100% таратылған.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан учаскелік сайлау комиссиялар қажетті кеңсе тауарлар мен полиграфиялық өнімдермен толық қамтамасыз етілген. Сайлау комиссияларының 236 мүшесі ағымдағы жылдың 18 қазанына дейін қашықтан оқып, тестілеуден өткен. Сонымен қатар, «Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын дайындау мен өткізудің негізгі бағыттары, ерекшеліктері, практикалық аспектілері» тақырыбы бойынша аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыру бойынша ағымдағы жылдың 21 қазанында аудандық мәдениет үйінде семинар өткізіліп, барлық комиссиялардағы басшылық құрамындағы 120 мүше тестілеуден өткен. Қалған комиссия мүшелері комиссиялардың басшылық құрамы тарапынан каскадтық форматта оқытылған.
– Сайлауалды үгіт-насихат кезінде әкімдікке кандидаттардың тарапынан заңбұзушылықтар орын алмау үшін іс-әрекеттер аудандық комиссиясының бақылауында. Әкімдікке төрт кандидаттың 254 сенімді өкілі тіркелді. Оларға да үгіт-насихат жұмыстарының заңдылығы туралы түсіндірілді. Қалған жұмыстар Жуалы аудандық сайлау комиссиясы Жуалы ауданы әкімінің сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралар күнтізбелік жоспарына сәйкес өз ретімен атқарылатын болады,- деді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Бақыторазқызы.
Ал, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Түменбаев аудан әкімін сайлауын өткізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жиында сөз алған ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жуалы аудандық бөлімінің бастығы Қайрат Баялиев: «Бұл сайлаудың маңыздылығы мен ерекшелігі зор. Өйткені, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен саяси реформа жүргізілуде. Сол себепті, әр тарап бұл сайлауға жауапты әрі ерекше назар аудару керек. Сайлау процесіне қатысатын азаматтар заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Саяси реформада заңбұзушылыққа жол берілмеуі керек. Ол сіз бен біздің абыройымыз. Алдағы аудан әкімінің сайлауын баршамыз ауызбіршілікпен өткізейік» деп қорытындылады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close