Basty bet

Тату отбасының шырағы жанар

Кәміл мұсылмандар – тәрбиелі ұрпақ өсіріп, еңбекпен күн көріп, адал өмір сүріп жатқандар.
Қоғамда ұрпақтарына игі тәрбие беріп, адал еңбегінің жемісін көріп жүрген адамдар бар. Олар – жақсы адамдар. Жалпы айналамызда жаны жайсаң, жақсы адамдар көп. Өмір сондай жақсы жандардың ниетімен, еңбегімен мәнді болып тұрады.

Қызыларықтық Әбзелбек Әмзеұлы мен Гүлмарат Әбдіқұлқызы ауызбіршілігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленетін отбасылардың бірі.
Әбзелбек аға 1965 жылы қарапайым отбасында өмірге келген. Әкесі Әмзе колхозда ұзақ жыл сушы болса, анасы Мырзанкүл де қызылша алқабында жұмыс істеп, диқаншылықпен айналысқан еңбекқор жандар болған. Өкініштісі, екеуі де өмірден ерте озған.
Әбзелбек аға Түктібай ауылындағы орта мектепте білім алған.
– Әке-шешем үш ұл, бес қызды өмірге алып келіп, тәрбиелеген жандар. Ол кісілер бізді ұят болады деген сөзбен тәрбиеледі. Әсіресе, үлкен кісілерді сыйлауымызды қатты қадағалайтын. Ата-анам өзге кісі туралы бөтен ойы жоқ, иманжүзді, ақ көңіл, пейілі кең жандар еді.
Мектеп бітірген соң екі жыл әскер қатарында болдым. Әскерде танк полкінде танк айдадым.
Әскерден кейін қалада автобус жүргіздім. Отбасын құрып, қалада 15 жылдай тұрдық.
Өзім туған отбасында ағайынды үш ұлдың екеуі қалада, біреуі ауылда тұрып жаттық. Бір күні ауылдағы ағам бізге біреуміздің ауылға, жанына келуімізді өтінді. Қаладағы екі ағайынды ақылдаса келіп, біз ауылға көшетін болып шештік.
Ауылға келген соң, ағамыздың үйінде тұрып, ол кісінің шаңырағының жанынан үй соқтық. Бос жатқан жерді тегістеп, үй, қора-жай салып, айналасын көгалдандырып, бау-бақша жасадық.
Шаруа қожалығын құрып, отбасымызбен жұмыс істедік,- дейді Әбзелбек аға.
Әбзелбек аға “Әкеден мал қалғанша, тал қалсын” деген қағиданы ұстанып, үй ірегісіндегі шағын жеріне алмаағаш бағын жасапты. Ол жерде 40-қа жуық түрлі алма, өрік, алқоры, т.б. жеміс ағашы егіліпті.
Аға бүгінгі таңда Шолаққорғанда вахталық әдіспен жұмыс істесе, Гүлмарат апай мектепте вахтер болып жұмыс істейді екен. Одан бөлек келіні екеуі алты сауынды сиыр сауып, отбасылық кірісін еселеп отыр.
Гүлмарат апай да отбасы туралы әңгімесімен бөлісті.
-Әкем Әбдіқұл ішкі істер саласында жұмыс істеген. Анам Саракүл жүн өңдеу фабрикасында бригадир болып еңбек еткен. Мен мектеп бітірген соң медициналық колледжге оқуға түсуді армандадым, бірақ түсе алмадым. Артынша тұрмысқа шығып кеттім. Қазіргі таңда мектепте вахтер болып жұмыс істегеніме 17 жылдай уақыт болып қалды.
Ата-анамыз бізді “әкең ұрсады” деп тәрбиелеген. Анамыздан “әкелерің ұрсады” деген сөзді естігенде біз тез арада жинақталушы едік. Бірақ, әкеміз бізге ешқашан ұрысқан емес.
Анамнан алған тәрбиемен мен де балаларымды солай тәрбиеледім. Қазір балалар не істегілері келсе де, бірінші әкелерінің алдынан өтеді. Әкелерінің айтқаны олар үшін заң. Жолдасым балаларына ешқашан ұрысқан емес, ол балаға өте мейірімді.
Әбзелбек өте еңбекқор. Оның бос уақыты болған емес. 15 күн жұмыста болса, келе салып үйдегі шаруасымен айналысады. Үйдегі құрылыс жұмыстары, малы, бау-бақшасы дегендей қарап отырмайды. Алма ағашының түр-түрін еккен де өзі. Ол үшін немерелері алмабақтан алма теріп жесе – үлкен бақыт.
Жолдасымның мінезі салмақты. Екеуміз бір қатты кетіп ұрсып көрген емеспіз.
Қайынағама үлкен алғысымды білдіремін. Ол кісі бәрімізге қамқор. Біз отау құрғанда ата-енеміздің жоқтығын білдірмей бізге дүркіретіп той жасап берді.
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» демекші, Аллаға шүкір ағайын да, абысын да татумыз. Абысындар бір-бірімізге көмек қолымызды созып, қашанда ақылдасып, сырласып отырамыз.
Жалпы жолдасым қарапайым отбасынан шыққан. Бірақ тәрбиелері өте жақсы. Ислам дінінде “Ата-ана баласына жақсы тәрбиеден артық ештеңе қалдыра алмайды” деп бекер айтылмаған екен,- дейді Гүлмарат апай.
Ынтымақты отбасы бір қыз екі ұл тәрбиелеп, олардан бес немере сүйіп отыр. Қыздары Әйгерім Шымкент қаласында тұрады, тұрмыста.
Қара шаңырақта ұлы Әлішер мен келіні Зарина бірге тұрады. Әлішер қалада газ мекемесінде жұмыс істейді. Ал, келіні Зарина жүктілігіне байланысты демалыста. Екеуінің Айару есімді қыздары бар.
Кенже ұлы Нұрмахан әскери полицияда қызмет етеді.
-Қазақтың әр мақал-мәтелі бір кітап қой. Барлығы өмірден екшеліп алынған. Мысалы, «Шешесін көріп қызын ал» демекші, келінімнің анасы сондай жақсы кісі. Аллаға шүкір, келінімнің де мінезі салмақты, ақылды.
Келін ол да бір отбасының кешегі әлпештеп отырған қызы. Сондықтан оны келін болған соң енесі өз қызындай тәрбиелеуі керек. Әр үйдің өз тәрбиесі, ұстанатын ұстанымы бар. Оған келінді тәрбиелеуде, жастардың ынтымақты өмір сүруіне ата-ене, әсіресе, енесінің орны бөлек. Жас отбасының жақсы жарасып тұрып кетуі үшін ене ақылшы, саясаткер болуы керек деп ойлаймын. Мен көбінде бірі ашуланғанда бірі сабырмен тыңдауды, түсінуге тырысуды айтып отырамын. Онсыз отбасының келешегі болмайды,- дейді Гүлмарат апай.
Мақала соңында мақаламыздың кейіпкері болған тынымсыз, адал еңбектің арқасында ырысын тасытып, ауылына сыйы артып отырған отбасының Алла тағала бақытын еселендіре берсін деген тілек тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close