Basty bet
Бір атаның балалары футбол ойнады
Ауданға қарасты Бауыржан Момышұлы ауылында «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты шағын футболдан отбасылық командалар арасындағы ІІ ші аудандық турнир өтті.
Аталған доп додасын аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы ұйымдастырды.
Жарыстың шымылдығы мемлекеттік Әнұранмен түріліп, алғы сөзді аталған орталықтың директоры Жандос Баетов алды.
-Бір атаның балалары футбол ойнайды» турнирі – отбасылық жарыс. Екінші рет ұйымдастырылған жарысқа 13 команда қатысуда. Ешенқұл ата, Шәкір ата, Борашевтар, Құрышбаевтар, Сейітбековтар, Дәуіт ата, Қоға ата, Сейтаевтар, Олжабаевтар, Ортаевтар, Айтбековтар, Маханбетқұловтар, Пошқаевтар сияқты бірнеше отбасыдан 150-ден аса атасы мен әкесі және балалары мен немерелері бар командалар келді. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Бұл турнир – жай ғана турнир емес, ол – жастардың тәрбиесіне орасан зор ықпал ете алатын бірегей спорт додасы. Бұл турнир – тәрбие құралы. Отбасылық турнирде жеңімпаз атану маңызды емес. Ең бастысы – саламатты өмір салтына деген ниет күшейсе дейміз. Еліміздің спорты дами берсін! Спортпен шұғылданыңыздар, – деді ол.
Жарыстың жеребесі тартылып, 13 команда төрт топқа бөлініп, әрбір топтан жеңіске жеткен командалар жартылай финалды сарапқа салды.
Тартысты өткен футболда Диқан ауылының “Ешенқұл ата” командасы жеңіс тұғырына шығып I орынды иеленді. II орынға Ертай ауылының “Шәкір ата” командасы ие болса, үшінші орынды Ақбастау ауылынан “Борашевтар” отбасы алды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар, бірнеше аталымда үздіктер анықталып, олардың бәріне дипломдар тапсырылды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» – “Ешенқұл ата” әулетінен Ермахан Күдериев, «Үздік қорғаушы» – “Шәкір ата” отбасының мүшесі Нұрлан Қырғызбаев, «Үздік ойыншы» номинациясына “Борашевтар” әулетінен Самат Егізбаев лайық деп танылды.
Турнирдің «Ең жас ойыншысы» – он жастағы Нұрмахан Нұридин, «Егде ойыншы» аталымына «Ешенқұл ата» командасының мүшесі Ермахан Күдериев лайық деп танылды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»