Basty bet

Әдеби-сазды кеш өтті

«Ер есімі – ел есінде» демекші, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған ержүрек жерлесіміз Тайыр Тастандиевтің есімін өскелең ұрпақ ұмытқан жоқ. Майдан даласында пулеметші болған қазақ жігіті қайсарлығымен және ержүректілігімен көзге түскен. Тайыр Тастандиев 1924 жылдың 20 наурызында ауданға қарасты Қызыларық ауылында дүниеге келген.
1942 жылы тамызда әскер қатарына алынған ол бірінші және екінші Балтық бойы, төртінші Украин майданының құрамында елді неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысқан. Донецк қаласының жанындағы кескілескен ұрыста өзінің бөлімшесімен жаудың күшті бекінісін алып, аса жауапты жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін ІІІ дәрежелі, жау ДЗОТ-ын гранатамен жарғаны үшін ІІ дәрежелі, Днепр жағалауындағы кескілескен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.
Осы ретте, Қызыларық ауылдық клубында «Данқ» орденінің толық иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері Тайыр Тастандиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Отан үшін от кешкен!» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш жасөспірімдерге Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ батыры Т.Тастандиевтің ерліктері мен өмірін насихаттай отырып, жас ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Кешті Қызыларық ауылдық клубының үйірме жетекшісі Е.Жүзбаев жүргізді. Ол Ұлы Отан соғысы ардагерінің өмір жолы, майдандағы ерліктері және бейбіт замандағы елдің дамуына сіңірген еңбегі туралы баяндады.
Ал, №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Б.Төрехан журналист, ақын-жазушы М.Ахметтің Т.Тастандиевке арнап жазған «Біздің ауылдың батыры» атты өлеңін мәнерлеп оқыса, 3 сынып оқушысы Әдемі Қазыбай «Шоқ жұлдыз» кітабынан «Сұрапыл шайқастар» әңгімесінен үзінді оқыды.
Кеш үйірме жетекшісі Е.Жүзбаевтың орындауындағы «Жуалым» әнімен қорытындыланды.

Эльмира Райымбекова,
Қызыларық ауылдық клубының маманы

Таңдаулы материалдар

Close