Basty bet
Жас мамандарға жасалған үлкен мүмкіндік
Жастардың жұмыссыздығы қоғам дамуын тежейтін негізгі фактор болып табылады. Елдің ертеңі саналатын буынның екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүруі кім-кімді болсын алаңдатады. Жасыратыны жоқ, елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатыр. Дегенмен, түпкі мақсаты тиімділіктен бұрын индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуді, бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеруді ғана көздейтін мұндай бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпей тұр.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өткізген жиында: «Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен-ауылға!», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсысы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек» деп атап өтті.
Әлгінде айтылған көп бағдарламаның бірі «Жастар практикасы» деп аталады. Қолына дипломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, дәл осы бағдарламаның игілігін көре алады. Әсіресе университетті күні кеше тамамдағандардың жұмысқа орналасуы қиындық тудыруы әбден мүмкін. Себебі, қазір көп мекемелерде жұмысқа тұру үшін еңбек өтілі маңызды. Осындай кезде жас маманның тауы шағылмас үшін «Жастар практикасы» таптырмас мүмкіндік.
Расында, мамандығының қыр-сырымен жақынырақ танысып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапшасына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қарым-қабілетін көрсетуге де мүмкіндік табады. Бүгінде бұл бағдарламаның тиімділігін көріп жүрген жастардың бірі, Б.Момышұлы ауылының тумасы Нүрилә Рашидқызы да бұл сөзімізді растады.
– Мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің түлегімін. «Интерьер дизайнері» мамандығы бойынша дипломды алған соң, жұмыс іздеуге кірістім. Ауылымызда менің мамандығым бойынша жұмыс табылмаған соң, 2021 жылы Тараз қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығына» жұмыссыз есебінде тіркеліп, екі-үш күн жауап күттім. Орталықтың инстаграм парақшасынан «Дизайнер қажет!» деген афишаны көрген соң, бірден жұмыспен қамту орталығына барып, қажетті құжаттарды жинап, «Жастар практикасы» бойынша бес айға «Сәулеттік бюроға» жұмысқа орналастым.
Бастапқыда жұмыс қиындау болды. Себебі, ғимараттың дизайнын жасау, үйдің ішкі дизайнын жасауды арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Колледжде оқып жүргенде мұндай бағдаламалар барын білмейтінмін. «Жастар практикасы» бағдарламасының нәтижесінде кез келген программамен жұмыс жасап, өз мамандығымның қыр-сырымен танысып, ұжыммен жұмыс жасауды үйрендім, – дейді Нүрилә.
Атауы айтып тұрғандай, «Жастар практикасы» тәжірибе жинауға басымдық береді. Өйткені, теориялық білімнің тәжірибеден айырмашылығы бары жасырын емес. Қанша жерден теориялық білімі мықты болғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асыру қолынан келе ме, жоқ па, белгісіз болады. Тағы бір айта кетерлігі, тәжірибе жинап жүріп, жалақы алуға да жол ашылады. Жастардың қызметтік жетілуіне жасалған бағдарламаның тиімділігі өте жоғары. Бұл туралы аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» маманы Нұрқанат Ұлтарақов:
– Жақында Президенттің тапсырмасы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу мерзімі мен сол аралықта төленетін еңбекақы мөлшерін ұлғайтудың тетіктерін қарастыру жолы қолға алынып жатыр. Соған сай, алдағы уақытта бағдарлама қатысушылары алғашқы жұмыс орнында бір жыл еңбек етіп, тәжірибесін толықтырмақ. Сондай-ақ, төленетін еңбекақы мөлшері де 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаятыны айтылды. Бұл – сөз жоқ, «Жастар практикасы» бағдарламасының тиімділігін арттырады.
Жуалы ауданы бойынша биылғы жылы 140 жас маманды жұмыспен қамту жоспарда бар. «Жастар практикасы» олардың мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған. Оған колледж немесе ЖОО соңғы үш жыл ішінде бітірген жастар қатыса алады. Жасы 29-дан аспаған жастар дипломда көрсетілген мамандық бойынша жұмыс істейді.
«Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу үшін әкімдік жанындағы жергілікті халықты Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркеліп және қажетті құжаттарды ұсыну қажет.
Жас маманмен келісімшарт 12 айдан аспайтын мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін жұмыс беруші онымен шарт жасасуға және тұрақты жұмыс орнына алуға құқылы. Міне, «Жастар практикасының» үлкен артықшылығы да осында. Өздерінің кәсіби дағдыларын көрсететін жас мамандардан бөлек, тіпті, тәжірибесіз азаматтар да жұмысқа орналасудың үлкен мүмкіндігіне ие болады, – дейді.
Егер де бағдарламаға қатысушы тәжірибеден өткен жерде қалмаса, онда оған түрлі бос жұмыс орындары іздестіріледі. Әдетте, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері түйіндемені электрондық еңбек биржасында – www.enbek.kz сайтында жариялай алатынын да Нұрқанат Берікбайұлы атап айтты.
Жұмыспен қамту орталығында, өкінішке қарай, барлық жұмыс беруші «Жастар практикасы» туралы хабардар емес. Осыған байланысты олар алдағы уақытта да университеттермен және колледждермен меморандумдар жасасып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болса, жастарға да үлкен көмек болатын еді.
Арайлым Оңғарқызы,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті