Basty bet

«Аңсаған сәби» – сәби иісін аңсаған отбасылар үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Үкіметке «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Жолдауда Ел Президенті «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды» деп экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын қабылдап, 2021 жылдан бастап оған республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
“Аңсаған сәби” бағдарламасына бала сүюге үмітті, репродуктивтік жастағы кез келген жұп қатыса алады. Ол үшін науқас жылына бір рет ЭКО жасай алады.
Өткен жылы аудандық аурухана мамандары 55 әйелді бедеулік диагнозымен тіркеуге алған. Бірақ әлі де өзінің кінәратын мойындауға саналы түрде күш-жігері жетпей, ауруханаға келіп, тіркелмеген әйелдер де бар екен. Бағдарлама аясында өткен жылы ауданға мемлекеттен 30 квота берілген. Осы сәтте дәрігерлер тізімдегі барлық әйелдерді медициналық тексерістен өткізіп, жасанды ұрықтандыру процесіне дайындық жасаған. Нәтижесінде, оның ішіндегі алты әйелдің бойына бала бітіп, 2021 жылдың 16 желтоқсанында алғашқы егіз сәби дүниеге келген. Бір әйел ана бақытын сезініп, бір отбасы қуанышқа кенелген. Ендігі кезекте осындай бес жүкті әйел сәбилерінің дүниеге келуін асыға күтуде. Тағы тоғыз әйел жұмыс барысында. Ал, биыл сәби сүюге үмітті 56 әйел тіркеуге алынып, оларға мемлекеттен 26 квота бөлінген.
ЭКО еліміз бойынша Алматы, Астана, Тараз, Шымкент және Атырау қалаларындағы медициналық орталықтарда жасалады. Тегін квотамен барған әйелдер аталған қаладағы кез келген орталықты таңдап, қалаған ауруханасында қызмет алуға құқылы. Бұл орталықтар стандарттардан өткен, сертификаты бар клиникалар. Сол себепті, мемлекеттен бөлінген квотаны жүргізуге арналған медициналық орталық болып табылады.
Аудандық ауруханадан әйелдер 99 пайыз тегін медициналық тексерістен өтеді. Тегін медициналық кепілдік берілген қызмет көрсетуге жатпайтын талдамаларды ғана ақылы тапсырады. Осы ретте, аурухана басшылығы кейбір бір реттік талдамаларды тегін тапсыру үшін облыстағы медицина орталықтарымен келісімшартқа отырып, онымен жағдайы төмен отбасыларды қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, ауданда жоғарыда айтылып кеткен медициналық орталықтың білікті мамандары ауруханада әйелдермен кездесіп, тегін кеңес беру алаңы ұйымдастырылған.
Бүгінде өңірдегі нәзік жандылармен жұмысты аудандық орталық аурухананың бас акушер-гинекологы Ғазиза Егізбаева және бас акушер Ардақ Тойбекова үйлестіреді. Олар мемлекет тарапынан қолға алынған мұндай бағдарламаның сәби иісін аңсаған отбасылар үшін шапағаты мол әрі тиімді екенін айтады.
Мамандар бағдарламаға мүлдем бала сүйе алмаған жанұясы ажырасудың алдында тұрған ерлі-зайыпты, бір бала өмірге әкеліп, он жылға дейін екінші бала сүйе алмағандар да қатыса алатындығын, бағдарламаның талаптарына сай медициналық тексеріс екі-үш айға созылатындығын айтады.
– Әйелдер уақытты жоғалтып алмауы керек, – дейді ауданның бас акушер-гинекологы Ғазиза Серғазықызы. – Егер әйел бір жылдың ішінде бала көтере алмаса, сол сәттен бастап тікелей мамандардың кеңесіне жүгінгені жөн. “Дені сау анадан – дені сау бала туылады” демекші, әрбір ана бірінші кезекте өз денсаулығын түзеуі тиіс. Баланы барлық отбасы аңсайды. Сондықтан бағдарламаға кез келген санаттағы адамдар қатыса алады. Тек ата-анасының келісімін алып, өзінің бойындағы кінәратын мойындап, бізге келсе болғаны. Кезекке тұрғызылып, тексерістен өтіп, егер де бедеулігі анықталса, бағдарламаға қатыса алады. Бірде-бір әйелге кезексіз квота берілмейді. Науқастың құжаттары жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жіберіледі. Комиссия рұқсатын берген соң ғана, келесі қадамдарды жасап, ЭКО жасатуға барады. Жалпы, бұл бағдарламада жемқорлыққа жол берілмейді.
Ал, ауданның бас акушері Ардақ Есентайқызы «Әйелдер ҚР Денсаулық сақтау министрінің №272 бұйрығы бойынша тексерістен өтеді. Бедеуліктің түсініксіз жағдайы медициналық тексеріс барысында анықталып, оны емдеу жолдары қарастырылады. Әйелдерде көбінесе жатыр түтіктерінің бітеліп қалуы жиі кездеседі. Бұл негізінен жүре пайда болған суықтау, инфекциялардың салдарынан пайда болады. Ауданның азаматтары жолдамамен облыс клиникаларынан да қажетті тексерістен өтеді» дейді.
Жалпы мемлекет тарапынан қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасы сәбилі болғысы келетін ерлі-зайыптыларға үлкен мүмкіндік береді. Дәрігерлердің айтуынша, ерлі-зайыптылардың сәби сүюге мүмкіндігі мүлдем болмаған жағдайда, бағдарламаның “Сурогатты ана” тармағын пайдалануға болады. Бұл жерде олар қосымша ақы төлеп, балалы болуға үміт артады.
– Барлық әйел ана бақытын сезінуге құқылы. Бізге түрлі адамдар келеді. Алғашқыда өз мәселесін айта алмай, қиналып тұрған адамның көзіне қарау мүмкін емес. Олармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кеңестер берілген соң ғана олардың көзқарасы өзгереді. ЭКО-ға сенім мен үмітпен кірісіп, сәтті, нәтижелі болған отбасылар алғыстарын айтады. Ал, кейбір отбасылар бұл бағдарлама аясында да балалы бола алмай, ажырасуға дейін барады. Өкініштісі де сол. Бала өмірдің жалғасы емес пе?! Барлығынан күдер үзіп, ажырасқан отбасыны көру бізге де қиын. Ал, аңсаған сәбиін бауырына басып, бір отбасы қуанышқа кенелсе, оған біз де қуанамыз, – дейді медицина қызметкерлері.
Жалпы, мамандар «ерлі-зайыптылар отбасын жоспарлап, әсіресе, ана өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарамаса» дейді. «Бедеулік диагнозымен жүрген ерлі-зайыптылар – жүйкесі шаршаған, бір балаға зар болған адамдар. Олардың көзіндегі мұң сырт келбетінен байқалып тұрады. Олар да осы бақытты сезінгісі келеді. Еңсесі түскен әйел өзін кінәлі адам секілді санайды. Ал, жолдасы бедеу болған әйел өмірін осы ер азаматқа арнайды. Бір-біріне бауыр басқан, бір-бірін қимайтын жұптар да бар. Міне, осындай жандарға Мемлекет басшысының берген үлкен мүмкіндігі үміт шамының жанғанын білдіреді. Ондай қомақты қаржыны табуға кез келген отбасының шамасы келе бермейді. Бұл отбасын сақтауға деген мүмкіндік» дейді дәрігерлер.
Мамандар аудандағы аналардың денсаулығы салыстырмалы түрде айтқанда, орташа деңгейде екенін айтады. Жалпы ауданда өткен жылы 1 157 әйел босанған. Ал, аса қауіпті топта 80-ге жуық әйел бар. Аналар арасында қаназдық, бүйрек ауруы, жанұяны жоспарламау секілді мәселелер көп кездеседі. Мұның барлығы жылдан-жылға әйелдердің денсаулығының нашарлауына әсер етеді. Сол себепті, “ұрпағымыздың денінің саулығын ойласақ, бірінші кезекте ана өзінің денсаулығын түзеуден бастауы тиіс” дейді мамандар.
Мемлекет тарапынан отбасы құндылықтарын сақтауға, ажырасудың алдын алуға арналған тиімді бағдарламаның шапағаты баланы аңсаған әр отбасына шапағатын тигізсе, нұр үстіне нұр. Аудандағы ақ халаттылар да әр әйел ана бақытын сезінсе деген тілек тілеп, үмітпен қарайды. Қазақта «Балалы үй – базар» деген сөз текке айтылмаса керек. Бар қызығын баладан іздеген кез келген адам сәбидің іңгәлаған үні әр шаңырақта естілсе деп армандайды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close