Basty bet

Әділдік салтанат құратынына сенемін!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға белгіледі. Осылайша Мәжіліс пен мәслихат сайлауы бір күнде өтетіні белгілі болды. Ел Президенті өз мәлімдемесінде Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатынын айтты.
Бір айта кетерлігі, әсіресе, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс беруі, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылуы, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болып отыр. Ең бастысы – саяси науқанның әділ өтуіне баса назар салуымыз керек. Егер әділдік салтанат құрса тәуелсіз еліміз тың бетбұрыстың бастауында тұр деп нық сеніммен айта аламыз.
Ертеде ел анасы атанған Абыз ана «Тоғыз ұлым бір бөлек, Ертөстігім бір бөлек» деген екен. Сол айтқандай, Прзеиденттің халыққа арнаған кейінгі Жолдауы бұрынғы Жолдаулардан ерекше болды. Себебі, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталатын Жолдаудың негізгі өзегі елімізде әділетті қоғам құруға арналуы да жайдан жай емес. Аталған бас құжатта тұңғыш рет еліміздегі түбегейлі өзгерістер туралы ашық айтылды.
Мұның ішінде, ең басты жаңалық – Парламент сайлауына қатысты ұсыныстар дер едім. Сайлау демократияның ең биік шыңы екені анық. Парламент күшті болса, мемлекет те мықты болады. Менің түсінігімде, Парламент сайлауына бүкіл халық тегіс қатысуы қажет. Тек сонда ғана әділетті сайлау өтіп, Парламентке адал, таза, ұлтқа қалтқысыз қызмет ете алатын азаматтар келеді. Сол үшін бізге көп партиялық және жеке азаматтар сайлауға қатыса алатын мажоритарлық сайлау жүйесі ауадай керек болды. Міне, осыны 30 жылдан соң ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Бұл ретте әділдіктің салтанат құратынына кәміл сенеміз.
Қорыта айтқанда, еліміздің жарқын болашағы жолындағы саяси науқанда белсенділік таныту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз!

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» көпшілік
мешітінің имамы.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close