Basty bet

«Баталы ер – арымас, батасыз құл – жарымас…»

Сейітқазы қажы Медетбеков республикалық батагөйлер байқауында жүлде алды

Ұзақ жылдан бері аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы қызметін мүлтіксіз атқарып, өз кезегінде қасиетті өңірдің жұртшылығын Ислам дінінің ілімімен сусындатып келе жатқан Сейітқазы қажы Медетбековтың есімін жуалылықтар жақсы біледі. Сейітқазы қажы Әбдірұлы бұдан бұрын ауданның бас имамы, кейіннен облыс орталығындағы өзі алғаш діни сауатын ашқан «Зүннін ишан» атындағы мешітте және «Хамрақұл» мешітінде имамдық қызмет атқарған.

Қасиетті Ислам дінінің ілімін терең меңгерген азамат 40 жылдан бері аудан және облыс көлемінде имамдық қызмет атқарып, асыл дініміз – Исламды жергілікті жұртшылыққа кеңінен насихаттау ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Халықтық салт пен сананы, дәстүрлерді, ұлы тұлғалардың ұлағатын бойына сіңіре білген асыл азаматты өңір жұртшылығы осындай ерекше қасиеттері арқылы жазбай таныса керек. Одан бөлек, ол көп жылдан бері жас ұрпақтың тәрбиесімен қатар, аудандық билер кеңесінің жұмысына да белсене араласып келеді.
Асыл дінімізді жұртшылық арасында кеңінен насихаттаумен қатар, қазақи салт-дәстүрлер мен халықтық жөн-жоралғылардың да терең білгірі атанған азамат бұдан бұрын қариялар арасындағы батагөйлер байқауында топ жарып, облыстық және республикалық батагөйлер байқауына жолдама алған болатын.
Жақында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің «Батагөй» байқауы ұйымдастырылып, оған Жамбыл облысының атынан сынға түскен Сейітқазы қажы Медетбеков үздік өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Айта кетсек, республикалық батагөйлер байқауының мақсаты – халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру, этномәдени дәстүрлерді жаңғырту және оны насихаттау арқылы ұлттық болмысты бекемдеу, қоғамда ақсақалдар институтының рөлін күшейту, сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрін сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау, ежелден келе жатқан батаның мағынасы мен мазмұнын жас ұрпақтарға дәріптеу арқылы батаның қадір-қасиетін ұғындыру.
Байқаудың «Баталы елге бақ қонар!», «Бата алғанның – бағы артар» және «Ата сөзі – бата сөзі» аталатын үш кезеңнен сүрінбей өткен С.Медетбеков батагөйлер сынында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының І дәрежелі Дипломымен қоса, 200 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.
Елдің дамуына және ұлттың руханиятына еңбек сіңірген ер азамат біздің қоғам үшін әрқашан қымбат. Сіңірген еңбегі арқылы ел сыйлаған, өзі де елге сыйлы болған көрнекті дін қайраткері, ауданның Құрметті азаматы, басқа да жоғары марапаттардың иесі – Сейітқазы қажы Медетбеков отбасында асыл жары Балжан Жұмакерімқызы екеуі алты ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйген ұлағатты ата-әже.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close