Basty bet
Тараз – сүйікті қала!
Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы-көне шаһарлардың бірі. Ежелгі Жібек жолының торабында орналасқан бұл мекеннің қасиетті жерлеріне зиярат етіп келушілер де аз емес. Мұнда баршаға белгілі әрі сәулеті жарасқан Айша бибі кесенесі, Қарахан кесенесі, Бабаджа қатын, Тектұрмас кесенелері орта ғасыр тарихынан сыр шертетін озық туындылардың бірі. Бүгінде бұл кесенелердің сәні мен тарихын сақтап қалу мақсатында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштер мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Келушілердің қатары да жылдан-жылға көбейіп келеді.
Тараз – көне қалалардың бірі. Ол еліміздегі ең таза қалалардың қатарына жатады әрі өзге ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына сыйластықпен жинаған бейбіт қала. Қалада тұратын этностардың жалпы саны 200 мыңға жуық адамды құрайды. Қалада орыстар, өзбектер, корейлер, татарлар, түріктер, немістер, қырғыз және ұйғыр ұлттарының өкілдері бар. Әр ұлттың өзіне тән мәдениеті бар. Дегенмен өңір халқының арасында ортақ құндылықтар мен өзара сыйластықтың бары көңілге қуаныш ұялатады.
Тараз тыныш әрі өмір сүруге жайлы қала. Көпшіліктің жадында көне қала ретінде сақталған. Қазіргі таңда Тараз қаласының көркіне көрік қосып, ажарын аша түсу үшін жаңа сәулет бой көтеріп келеді. Еске сала кетейік, шаһардағы саябақтар, скверлер және аллеялар қайта жаңғыртудан өткізілуде. Сонымен қатар биыл бірқатар құрылыстар жүргізіледі.
Сондай-ақ қаладағы «қызыл сызыққа» жаңа нысандардың шығып кетуіне жол бермеу, жарнамалар мен заңсыз сауда орындарын ретке келтіру сияқты қаланың басқа да сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Ақнұр БЕЙСЕНБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
1-курс студенті