Basty bet
«Заң мен тәртіп» – қауіпсіз қоғамның негізі
Көлтоған ауылдық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заң үстемдігі және азаматтардың құқықтық сауаттылығы» тақырыбында маңызды кездесу өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ахметова Анар Садыққызы жүргізіп, іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту екенін атап өтті.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі» тақырыбында құқықтық мәдениетті дамыту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» идеологемасының маңызы кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар интернет алаяқтықтың алдын алу және цифрлық сауаттылық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға интернеттегі алаяқтықтың кең таралған түрлері, жалған қоңыраулар, фишингтік сайттар мен әлеуметтік желілердегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары түсіндірілді. Азаматтардың өз есепшоттарын бөгде адамдарға беріп, заңсыз әрекеттерге «дропер» ретінде тартылуының құқықтық салдары да айтылды.
Әлімбеков Мейірхан Жартыбайұлы, Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығының міндетін атқарушы, ұрлықтың алдын алу, мүлікті және материалдық құндылықтарды қорғау, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Отбасындағы тәртіп пен қоғамдағы тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалмады. Калимбетова Жәмиля Қожамұратқызы, аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның әйелдер мен балаларға тигізетін психологиялық және әлеуметтік зардаптары, дағдарыс орталықтары мен сенім телефондарының қызметі туралы айтып өтті. Сондай-ақ отбасындағы өзара сыйластық пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызына тоқталды.
Жастар арасында заң мен тәртіпті сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу тақырыбында Қадыров Сабит Мадықұлұлы, Жастар ресурстық орталығының директоры, лудомания мен электронды темекінің зияны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттігін атап өтті. Жастарды спортқа, пайдалы әлеуметтік бастамаларға және бос уақытты тиімді өткізуге тартудың маңыздылығы айтылды.
Ал Жұмашев Сейтхан Шералханұлы, «Ардагерлер ұйымы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы, «Тәртіпті ұрпақ – тұрақты қоғам» тақырыбында сөз сөйлеп, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту мәселелеріне тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Мамандар тарапынан нақты түсіндірмелер беріліп, заң талаптарын сақтау әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екені айтылды.
Іс-шараны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ахметова Анар Садыққызы заңды білу және оны сақтау – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті.
Осындай мазмұндағы кездесулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда заңға құрметпен қарау, жауапкершілік пен тәртіп құндылықтарын орнықтыруға ықпал етеді.