Basty bet

Түлектерге аттестат тапсырылды

Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда 2025–2026 оқу жылының түлектеріне арналған аттестат тапсыру кеші өтті. Бұл – мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған жас түлектердің алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан ерекше де толғанысты сәті болды.
Биыл білім мекемесін 90 түлек тамамдады. Олардың қатарында оқу озаттары да аз емес. Атап айтқанда, төрт оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанса, 10 түлек үздік аттестатқа ие болды. Бұл – шәкірттердің тынымсыз еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беру жолындағы қажырлы жұмысының жемісі.
Салтанатты шараға ата-аналар, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы және құрметті қонақтар қатысты. Мерекелік кеш Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталып, мектеп түлектерінің жетістіктері мен жарқын сәттерін бейнелейтін әсерлі көріністермен жалғасты.
Кеш барысында мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі. Ол мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің жас түлектердің болашақ өміріндегі берік іргетас болатынын атап өтті.
– Бүгін Сіздер үшін ерекше күн. Мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Алдағы уақытта қай салада еңбек етсеңіздер де, ел игілігі үшін қызмет ететін білімді де білікті азамат болуға тілектеспін. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз биік болсын, – деді мектеп директоры.
Сонымен қатар, ол жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар мен ата-аналарға алғыс білдірді.
Мерекелік кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – түлектерге аттестат тапсыру рәсімі болды. Сахна төріне көтерілген әрбір жас түлек көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің ата-аналарына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Алғысхаты табысталды. Бұл – балаларының сапалы білім алып, жоғары жетістікке жетуіне қолдау көрсеткен ата-аналардың еңбегіне берілген лайықты құрмет.
Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Роза Құрмашева мектеп ұжымына ризашылық білдіріп, түлектерге ақ жол тілеп, үлкен өмірде өз орындарын тауып, ел мақтанышына айналуына тілектестік білдірді.
Салтанатты жиында аудандық білім бөлімінің әдіскері Айдана Артықбай да сөз алып, жас түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтады.
– Бүгінгі түлектер – еліміздің ертеңі. Сіздер алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, мемлекеттің өркендеуіне үлес қосатын азамат боласыздар деп сенеміз. Алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, армандарыңызға жетіңіздер, – деді ол.
Сонымен қатар, білім саласының өкілі ұстаздар мен ата-аналардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға беріп, ризашылық жеткізді.
Кеш барысында мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, оқу-тәрбие жұмыстарына қолдау көрсеткен ата-аналар марапатталды. Сондай-ақ, түлектер мен ұстаздардың қатысуымен әсерлі әндер орындалып, жүрек тебірентер естеліктер айтылды. Экраннан көрсетілген бейнероликтер арқылы мектеп өмірінің ең жарқын сәттері еске алынып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Бітіру кешінің соңында түлектер ұстазға алғыс айтты. Көтеріңкі көңіл күйде өткен мерекелік кеш қатысушылардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Мектеп-гимназияның ұжымы барлық түлекке үлкен өмір жолында сәттілік, биік мақсат, зор денсаулық және толағай табыстар тіледі. Ел ертеңінің жарқын болашағы болар жас түлектердің армандары орындалып, алар асулары биік болсын!

Клара Бабаханова,
Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close