Basty bet
Мемлекеттік қызметші – қоғамның айнасы
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды әрі Қазақстан Республикасына қалтқысыз, адал қызмет етеді деп сенеді.
Сондықтан, мемлекеттік қызметші қоғам мен азаматтар арасындағы жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының заңдары мен өзге де нормативті-құқықтық актілердің талаптарын мүлтіксіз сақтауға, жалпы қағидаттар мен адамгершілік нормаларын сақтауға, қызмет барысында және тұрмыста жоғары парасатты, мәдениетті болуға талпынуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне әрқашан үлкен мән беріліп келеді. Өйткені мемлекеттік қызметші – қоғамның айнасы. Демек, оған қойылатын талап та жоғары.
Атап айтсақ, мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Әрқашан қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып қызметтерді кәсіби және жоғары дәрежеде көрсете білуі тиіс.
Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің моралдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» қабылданды.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Кодекс талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне, мемлекеттік және басқа да тілдерге құрметпен қарауға, адал, әділ және қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе оның тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға тиіс!
Қуаныш ҒАЛИҰЛЫ,
аудан әкімдігінің
қаржы бөлімінің басшысы