Basty bet
Сотталғандарды қоғамға бейімдеу маңызды
Аудан әкімдігі жанындағы жазасын өтеу орындарынан босатылған және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша консультативтік-кеңес органының 2024 жылдың үш айында атқарылған жұмысы туралы қомиссияның отырысы өтті.
Отырысқа комиссия мүшелері, аудан әкімдігіне қарасты тиісті бөлім басшылары және бірнеше ауылдық округтің әкімі қатысты.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе, яғни, үстіміздегі жылдың үш айында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандармен атқарылған жұмыстар туралы аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының у.м.а. Б.Бекмолдаев баяндама жасады. Баяндамашы аудандық пробация қызметінде жылдың басында 61 сотталған азамат тұрғанын, 2024 жылдың наурыз айында пробация қызметінің есебінен 83 сотталған өткендігін атап өтті. Оның сөзінше, аудандық пробация қызметінің есебіне жыл басынан 22 сотталған азамат есепке алынса, 20 сотталған есептен шығарылған. Ал, наурыз айының есептік кезінде, яғни, қазіргі таңда пробация қызметінің есебінде 63 сотталған азамат тұр. Олардың ішінде 41 азаматқа бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған, 10 азамат шартты түрде сотталғандар, 4 азамат жазасы кейінге қалдырғандар, сегіз азамат белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғандар.
Сонымен қатар, баяндамашы пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар тарапынан жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында сотталғандардың тәртібі мен өмір салтына бақылау күшейтіліп, аудандық прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түнгі рейд өткізілгенін тілге тиек етті. Ол түнгі сағат 22.00-ден кейін ҚАЖ мекемелерінен босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың тұрғылықты мекенжайларына жыл басынан бері 216 тексеріс жүргізілгенін жеткізді. Есепте тұрған азаматтардың мекенжайын тексеру барысында үйінде болмаған және құқықбұзушылыққа жол бергендері үшін жыл басынан 12 сотталған азаматқа жазбаша ескерту берілген.
Отырыста ағымдағы жылдың үш айында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының у.м.а Б.Бекмолдаев пробация үйін ашу және үкіметтік емес ұйыммен меморандум жасау мәселесі, пробация қызметінің бөлімшесіне жөндеу жұмыстары қажеттігі және квота бойынша тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі шешілсе деген ұсынысын жеткізді.
Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық «Мансап» орталығының директоры Нұрбол Құрмашев баяндама жасады. Ол 2024 жылдың үш айында пробация қызметінде тіркелген және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту туралы баяндады.
Сонымен қатар, комиссия отырысында әртүрлі мәселелер қаралып, сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеу маңызды екені айтылып, комиссия отырысына тыңғылықты дайындықпен келу ескертілді.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылап, тиісті мекеме басшыларына хаттамалық тапсырмалар берілді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»